
Алматы қаласының ең басты мәселелерінің бірі болып отырған көлік қатынастарын реттейтін жолайрық құрылысының жұмысымен танысып, аталған нысанды салып жатқан жобалаушы және мердігер компаниялардың атқарып жатқан ісіне Мемлекет басшысы оң баға берді.
– Аймақтарды аралағанда, оның ішінде Алматы қаласында болған кезімде мен қайтадан салынып жатқан көліктік және әлеуметтік нысандардың құрылыстарымен танысып отырамын. Мұндай құрылыстар халқымыздың тұрмысы мен қалаларымыздың дамуына ерекше үлес қосары анық.

Алматы қаласының ең басты мәселелерінің бірі болып отырған көлік қатынастарын реттейтін жолайрық құрылысының жұмысымен танысып, аталған нысанды салып жатқан жобалаушы және мердігер компаниялардың атқарып жатқан ісіне Мемлекет басшысы оң баға берді.
– Аймақтарды аралағанда, оның ішінде Алматы қаласында болған кезімде мен қайтадан салынып жатқан көліктік және әлеуметтік нысандардың құрылыстарымен танысып отырамын. Мұндай құрылыстар халқымыздың тұрмысы мен қалаларымыздың дамуына ерекше үлес қосары анық.
Осындай жолайрықтар мен жаяу жүргінші жолдары – Алматы қаласындағы көлік кептелегін азайтуға бағытталған шаралар. Соңғы жылдарда ғана қалада 13 жолайрық салынды және мұндай құрылыстың саны Алматы қаласы бойынша 20-ға жетіп, келешекте жалғасын таба беретін болады, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол құрылысының жұмысымен танысқаннан кейін.
Қаланың көлік инфрақұрылымын жақсартатын аталған жолайрық жобасы жуырда ғана пайдалануға беріліп, қазіргі таңда тек бұл нысанның сыртқы сипаты мен маңайын көгалдандыру, су құбырларын жүргізіп, жаяу жүргіншілерге арналған жалғыз аяқ жолдарының жұмысы атқарылуда.
Ташкент бағытына бастайтын күре жол мен Солтүстік айналма жолын байланыстыратын Әл-Фараби даңғылы арқылы күніне сан мыңдаған көлік толассыз қатынауда. Халықаралық талаптарға сай жақсартылған даңғыл бойында қазірде көлік кептелегі едәуір азайып, қала қонақтары мен тұрғындарына көптеген себі тиіп отыр.
Аталған бағыттар бойынша, мәселен, Әл-Фараби даңғылымен тәулігіне 150-160 мың көлік жүрсе, Розыбақиев көшесінің бойымен тәулігіне 30-40 мың машина сағатына 60 шақырымдық жылдамдықпен жүйткиді. Даңғыл бойымен қарама-қарсы бағытта 6 қатар, ал көше бойымен 4 қатар көлік еркін қатынайтындай етіп кеңейтілген. 1304 түп тал егіліп, жалпы аумағы 38 820 шаршы метрді қамтитын жерге көгал төселген соң, айналасы түрлі жарық шамдармен жабдықталып, бұл жолайрықтың құрылысы желтоқсан айының соңында толықтай бітеді.
Еліміздің көлік инфрақұрылымына қосылған жаңа нысан құрылысынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мега-2» сауда және ойын-сауық кешенінде болды. «MEGA Alma-Ata» сауда және ойын-сауық кешенінің екінші ғимаратын қосқанда, көпшілікке қызмет көрсетіп отырған нысанның жалпы аумағы 164 482 шаршы метрді құрайтын болады. Қазіргі салынып жатқан «МЕГА-2» кешенінің аумағы – 78 852 шаршы метр. Аталған жобаны ағылшындық Сhapman Taylor архитектуралық компаниясы жобалап, құрылыс жұмыстарына 21 миллиард теңге қаржы инвестицияланып отыр.

Жаңа жоба бойынша тағы да 1 400 адам жұмыспен қамтылатын болады. Ескерер болсақ, бұған дейін халыққа қызмет көрсетіп келген «MEGA Alma-Ata» сауда және ойын-сауық кешенінде қазіргі таңда 1 600 адам жұмыс істейді, енді жаңа кешен іске қосылған соң бір ғана Мега жобасы 4 000 қазақстандықты жұмыс орнымен қамтып, қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсететін болады.
«Мега-2» жаңа сауда және ойын-сауық кешенінде орналасқан жүзден аса сауда дүкендерінде Massimo Dutti, ZARA Home, Stradivarius, Pepe Jeans, Jack&Jones секілді әлемдік бренд компаниялардың өнімдері қойылған. Жалпы аумағы 3 000 шаршы метрді алып жатқан әлемдегі ең үлкен Adidas бренд-орталығы да осы «Меганың» жаңа ғимаратында орын теппек.
Сауда орталығының тағы бір ерекшелігі, бұл жерде тек ойын-сауық пен сауда нүктелері ғана болып қоймай, сонымен қатар, таңдамалы өнер туындылары да келушілердің назарына ұсынылып отыр. Атап айтсақ, қазақстандық танымал суретші Марат Бекеевтің ең үздік төрт картинасы, отандық мүсін өнерінің өкілі Эдуард Казарянның «Уақыт таразысы» деп аталатын 18 метрлік композициялық мүсіні, Британиялық Scott Lihgting компаниясы дайындаған «Күн» шамшырағы мен биіктігі 12 метрлік «Тілектер ағашы» туындысы, сондай-ақ, әлемге танымал шетелдік және қазақстандық белгілі суретшілердің туындылары уақыт аралатып жаңартылып отырады. Еуропа тағамдарын ұсынатын Crudo мейрамханасынан француз суретшісі Фернан Леженің әлем жұртшылығына танымал «Әйелдер мен тоты құс» туындысының керамикалық үлгісін тамашалап, мұхит астындағы тіршілікпен танысқысы келетіндерге екі үлкен аквариум қойылған.
«MEGA Alma-Ata» жобасының екінші ғимаратында екінші қабат толықтай 1 200 орынды жоғары деңгейлі 9 мейрамханадан тұратын ресторандық кластерге беріліп отыр. Одан өзге, аумағы 4 000 шаршы метрлік Happylon ойын-сауық паркі жұмыс істеп, ол жерге 150-ден астам ойын автоматтары, биіктігі 10 метрлік лабиринт пен Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз лазерлік тир секілді жаңа 11 ірі аттракцион қойылған. Түрлі қойылымдарды жаны қалайтын келушілер үшін «Мега-2» ғимаратының кіре берісінде орналасқан 2 300 шаршы метрлік 500 орынды амфитеатр сағатына екі мыңнан аса көрерменді қабыл алуға дайын.
Үстіміздегі жылы «MEGA Alma-Ata» жобасы мемлекет қазанына 400 миллион теңге қаражатты салық ретінде құяды деп жоспарланса, 2014 жылы пайдалануға толықтай берілгеннен соң одан түсетін салық көлемі 1 миллиард теңгеден асып жығылады деп болжануда. Қазіргі таңда «MEGA Alma-Ata» сауда және ойын-сауық кешенін жылына 10 миллион адам тамашалап жүрсе, екінші ғимарат іске қосылғаннан кейін жылына 15 миллион адам еркін аралап, түрлі ойын мен тынығу орындарында бола алады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық игілігі үшін және қазақстандықтардың жақсы демалуына арнап жасалып отырған жағдайды тамашалағаннан кейін журналистермен кездесіп, соңғы жылдар ішінде Алматы қаласында ел игілігі мен халық сұранысына сай атқарылған істердің көңілден шығатынын, уақыт озған сайын қала сипаты жаңа реңкке бөленіп, заманауи талаптарға сай құрылыс нысандарының бой көтеріп жатқанын жеткізді.
– Алматы қаласына жұмыс сапарымда ел игілігі мен келешек ұрпағымыз үшін жасалып жатқан біршама игі істердің куәгері болдым, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. – Құрылысшыларымыз салып жатқан жолайрық қаламыздың инфрақұрылымын жақсарта түсері анық. Осындай келешегі кемел құрылыстар еліміздің әр аймағында жүргізілетін болады. Сауда және ойын-сауық кешені қазіргі заман талабына сай жабдықталып, жақын уақытта халқымызға ұсынылады. Біз осындай жетістіктерімізбен, осындай заманауи кешендерімізбен дамыған елдердің қатарынан өз орнымызды аламыз. Бокстан әлем чемпионатын да тамашаладым. Біздің боксшыларымыздың мұндай жеңісі бұрын-соңды отандық бокс тарихында болмаған. Мен жеңіс туын желбіреткен жеңімпаз боксшыларымызға шын көңілден алғысымды білдіремін.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсіргенБерсінбек СӘРСЕНОВ.