Аймақтар • 29 Тамыз, 2020

Қайтқан малда қайыр бар

1144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар ауданының 58 жастағы тұрғыны қатты сасып, өзінің еркін жайылымда жүрген тоғыз жылқысының жоғалып кеткенін айтып, полицияға жүгінген еді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қайтқан малда қайыр бар

Полиция қызметкерлері іздестіру шараларына шұғыл кірісіп кетеді.  Жан-жақтан хабар алынып, сұраулар да жүргізіледі. Ақыры жылқылар көршілес Тепличное селосының маңындағы орманнан табылған. Біреулер оларды күндіз орманға тоғытып, түнде ұстап, союды көздесе керек. Өйткені жылқылар өздігінен орманға кірмейді.

Сөйтіп жылқылар толық санында иесіне қайтарылды. Алайда жылқыларының қараусыз жайылып жүргені үшін ол жауапқа тартылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу" жөніндегі 408-бабы бойынша айыппұл төлейтін болды.

"Қараусыз еркін жайылуды болдырмау бойынша алдын алу жұмыстары ұдайы негізде жүргізіледіАуыл тұрғындарына жануарлардың иелері, бақташылар мен жергілікті әкімдіктер арасында үш жақты келісімге отыру арқылы малды ұйымдасып бағуға көшу туралы ұсыныс айтылды. Мамыр айынын бастап учаскелік полиция инспекторлары заңнамаға енгізілетін өзгерістер туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында тамыз айынан бастап ауыл шаруашылық жануарларын бағудың қағидалары қолданысқа енгізілді. Бұдан былай еркін жайылымда жүрген мал үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Соған қарамай малдарын бағусыз жіберетіндер әлі де көп", дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әлихан Байқадамов.