Оқиға • 31 Тамыз, 2020

Еуропада «антикоронавирустық» наразылықтар жүріп жатыр

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Берлин полициясы жек­сенбі күні «антикоро­на­ви­рустық» акцияға шыққан 300-ге жуық адамды жауапқа тартты. Олар белгіленген санитарлық ережелерді бұзып, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, қоғамдық орында маска тақпады деп айыпталуда. Мұндай коронавирус тыйымдарына қарсы акциялар Еуропаның басқа да қалаларында жүріп жатыр.

Еуропада «антикоронавирустық» наразылықтар жүріп жатыр

Ресми ақпаратқа сүйенсек, жексенбі күні Герма­ния астанасында коронавирусқа қатысты тыйым­дарға қарсы екенін білдірмекке 38 мың азамат алаңға шыққан. Наразылардың бірі «Біз мына жерге сақтықтың маңызды екенін айтуға шықтық. Алайда коронавирус қасірет болса да, біздің бостандығымыз шектелмеуі керек», деді.

Үкімет бірнеше ай бұрын жеңілдетілген карантин салдарынан қайта өршіген вирусты тоқтату мақсатында қатаң карантин жариялаған болатын. Бұл еуропалықтардың наразылығын тудырды. Лондонда мыңға жуық халық көшеге шығып «медициналық тиранияға» нүкте қоюды талап етті.

300-ге жақын Париж тұрғыны да үкіметтің жаңа ережелеріне қарсылығын білдіріп, қоғамдық орындарда медициналық маска тағу талабын жою­ды талап етті. «Медициналық шектеулерден шар­­шағанымызды айтуға жиналдық. Біз қала тұрғы­ны ретінде үкіметке бостандығымыздың шектел­генін жеткізгіміз келеді», дейді жиналғандар. «Өтірік­ті тоқтатыңдар!» деген плакаттармен шық­қан париж­діктерді құқық қорғау органдарының қызмет­керлері қоршап, маска тақпағаны үшін 135 еуро көлемінде айыппұл салды. Швейцариядағы Цюрих қаласында да мыңға жуық адам наразылық білдірді.

Митингтердің негізгі себебі Германия канцлері Ангела Меркель коронавирусқа қарсы күрестің қатаң шараларын жариялауымен байланысты. Канцлер мұндай шара қолдануға елдегі науқастар санының күрт өсуі мәжбүрледі дейді. Осыған орай, жұма күні жаңа ереже қабылданды. Енді көше­де медициналық маска тақпаған азамат 50 еуро көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.