31 Тамыз, 2020

«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім»

294 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Қазақстанда браконьерлерден 256 тұтас ет пен 1245 киіктің мүйізі, сондай-ақ 5 қарақұйрық пен 2 ителгі тәркіленді. Мамандардың айтуынша, табиғат қаскөйлері ақбөкеннің мүйізін шамамен 2500-3 мың долларға дейін сатады. Қытайда оның құны 7 мың долларға дейін жетсе керек. Адамнан айла асқан ба?! Браконьерлер бағалы мүйізді ұнтақтап, кеден бекеттерінен байқатпай өткізіп жіберуді меңгеріп алыпты.

«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Киіктердің саны өсті

Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Ұшы-қиыры шетсіз дала тек адамға ғана тиесілі десек, қателесеміз. Адамзаттан бөлек, жұ­­мыр планетада басқа да тіршілік ие­ле­рі өмір сүріп жатқанын естен шы­ғар­маған жөн. Қуантарлығы сол, Қа­зақ­стан­ның жануарлар әлемі биоалуан­ды­лы­­ғымен ерекшеленеді. Жасыратыны жоқ, соңғы онжылдықта жабайы аң-құс­тарға жасалған қастандық көбейіп, бұл экологиялық ахуалға кері әсерін тигіз­бей қоймады. Десек те, қазір жағдай бір­шама реттеліп, даладағы тіршілік бұ­рынғы қалпына оралғандай. Оған Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің бастамасымен өткі­зіл­ген Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына ұйымдастырылған сапар кезінде қанықтық.

Бұл аймақтың флорасы мен фаунасы көз сүйсінтеді. Әсіресе жоғалуға жақын ақбөкендердің саны біртіндеп көбейіп жатқаны көңілге үміт ұялатады. «Охотзоопром» кәсіпорнының өкілдері жағымды өзгеріске қауіпсіздік шараларын күшейту мен инспекторлардың материалдық-техникалық базасын жақ­сарту септігін тигізгенін айтады.

«Біздің құзыретімізге Қарағанды, Ақ­мола, Қостанай және Павлодар облы­сындағы қорғалуға жататын жерлер­ кі­ре­­ді. Осы Қорғалжын табиғи қорығында ша­­­мамен 30 мыңдай киік бар. Тұтастай Ақмо­ла өңірінде олардың саны 70 мың­ға таяу. Бірақ бұл статистика күзде әуе­ден жүргізілетін мониторингтен кейін жа­­ңаруы мүмкін. Биыл киіктер екіден, үш­тен төлдеді», деді «Охотзоопром» кә­сіп­­­орны орталық аймақтық филиалы бас­­­шысының міндетін атқарушы Айбек Әліпбай.

 

12 жылға бас бостандығынан айырмақ

Сандарға келгенде, табиғат сақшыла­ры біраз қынжылатыны байқалды. Өйт­кені онсыз да сирек жануар туралы ар­тық ақпаратты жариялау браконьерлерге тиімді. Әйтсе де бұл бағытта заңның қа­таң­дағаны көлеңкелі кәсіпті тыйған сынды.

«Жұмыстың күшейтілгені қылмыс санын азайтты десек те болады. Брако­ньерлердің үш түрі бар. Бірі киікті отбасын асырау үшін атса, енді бірі басқа аңды көздеп, ақбөкенді жол-жөнекей атып кетуі мүмкін. Үшіншілері – бұл істі кәсіпке айналдырған ұйымдасқан қылмыстық топ. Олар жануардың мүйізі мен етін сатып, заңсыз бизнесті кәсіби тұрғыда игеріп алғандар. Ең қауіптісі де осылар. Түнгі сағат 3-тен бастап, таңғы 5-ке дейін мониторинг жүргізе­міз. Өйткені соңғы кезде браконьерлер түн ауа шығып жүр. Соған қарамастан күні-түні кезекшілік жұмысы ұйымдастырылған. Киікті атқан адамға 12 жыл бас бостан­дығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл да біздің жұмысымызды жеңілдетіп отыр», деді А.Әліпбай.

 

Әлеуметтік мәселе қашан шешіледі?

Сөз орайы келгенде айта кетейік, тиіс­ті заңның күшеюіне былтыр да­­­ла аңдарын қорғап, қаза тапқан қо­­­рықшы-инспекторлар Ерлан Нұрға­лиев пен Қаныш Нұртазиновтың өлімдері түрт­кі болды. Қылмыскерлерден қор­ға­нып жүріп, жарақаттанған тағы бір инс­­пек­тор Самат Оспанов «Айбын» орде­німен марапатталған еді.

Қоршаған ортадағы тәртіпті қа­да­ғалайтын инспекторлар үшін өлім­мен бетпе-бет келу қалыпты құ­бы­лыс­қа айналды. Айталық, осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүр­ген Достай Нұрбековтің кеңірдегі пы­шақ жарақатынан қалған тыртықтан кө­рінбейді. Оны браконьерлермен бол­ған ұрыста алған. Соған қарамастан ол бұл саланы тастап кетпеді.

А.Әліпбай қарамағында 50 инспектор жұмыс істейтінін айтты. Қорғала­тын аумақтың көлемі 50 млн гектардан асып жығылады. Сонда әр инспекторға 1 млн гектардан келеді. Осыған қарап, жүк­теменің ауқымын бағамдай беруге де болады.

«Біздің қызметкерлердің алатын ор­таша айлық жалақысы он бес күндік іссапар ақысын қоса есептегенде – 150 мың теңге. Сондай-ақ қызметкерлеріміз қыл­мыскерлерді ұстаса ақшалай сый­ақы төленеді. Бұл да инспекторларға қо­сымша қолдау. Алайда табиғатқа деген жанашырлықтың құны барлығынан да жоғары. Жігіттердің бұл мамандық­қа тартылуының сыры осыда жатыр. Сақтандыру мәселесіне келсек, оқ өт­пейтін күртеше, арнайы қару және басқа да қажетті құрал-жабдықтар берілген», деді «Охотзоопромның» аймақтық өкіл­дігінің басшысы.

Бұрынғы кездерге қарағанда, қазір сала мамандарының техникалық жа­рақталуы көңілден шығады. Дегенмен техника мың жерден жаңа әрі сапалы болғанымен аталған саладағы қауіптің сейілмейтіні анық. Осындай өмір мен өлімнің арасындағы маман иелерін 150 мың теңгелік жалақымен қамтып, мәселені жылы жаба салу оңай, әрине. Екінің бірі бара бермейтін және екінің бірінің бұл іспен айналысу қолынан келмейтін сала өкілдерінің әлеуметтік мәселесін жан-жақты қарастыру уақыты жетті. Олай болмаған жағдайда, санау­лы мамандардың қатары азая беретін түрі бар.

 

Күре жол киіктердің миграциясын тежеуі мүмкін

Кезек күттірмейтін тағы бір өзекті мәселе «Орталық-Батыс» авто­магис­траль­ді жолының құрылысы. Неге де­се­ңіз, күре жолдың дәлізі Қорғал­жын аумағымен өтеді. Бұл өз кезегінде киік­­­­тердің көші-қонын тежеуі мүм­кін. Елімізде киіктердің Орал, Бет­пақ­­дала және Үстірт популяциясы бар еке­нін ескерсек, Қорғалжын қо­ры­ғы ақбөкендердің азық белдеуі сана­лады. Сол себепті экологтар жол құ­рылысын жобалауда аталған мәселе ескерілсе екен деген тілектерін білдірді. 1200 шақырымнан асатын жолдың құ­рылысы үш облысқа жалғасып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінің пікіріне сенсек, бұл жобаға кіріспестен бұрын экологтармен бірнеше мәрте кездесіп, арнайы өткелдерді салу мәселесі қа­растырылады. Соған сәйкес, 40-тан ас­там өткізу пунк­ттерін салу жоспарла­нуда. Алайда инс­пекторлардың айтуынша, киік атаулы мың жерден өткел салынса да көліктің дыбысы бар жерге жақындай қоюы екіталай.

Былтыр әуеден жүргізілген есеп бо­йынша Қазақстанда 300 мыңнан аса ақбөкен байқалған. Оның ішінде Орал аймағында – 217 мың, Үстіртте – 2900 және Бетпақдалада 111 500 даланың сұлу аңы есепке алынған. 

 

Ақмола облысы