...Бала күнімізде қытымыр қыс кейінге қалып, жасыл желек жамылған көктемнің келісімен Табиғат-Анадан күтетін бір ерекше құбылыс болушы еді. Ол – күннің алғашқы күркірі. Неге дейсіз ғой? Аспан әлеміндегі тап осы таңғажайып құбылыс біз үшін суға шомылу маусымының бейресми ашылу салтанатындай көрінетін. Ата-анамыздың, өзге де ересектердің айтқаны болса керек, құйттай кезден құлаққа құйып өскеніміз осы: аспанда алғаш жай ойнаған күннің ертесінен бастап суға түсуге болады.
Бір қызығы, бала күнде қалыптасқан қағиданы күні бүгінге дейін бұзғанымыз жоқ. Бірер ай бұрын көктем де шықты, күн де жылынды. Күн қашан күркірейді екен деп көкке де қарап үздіктік. Тек, аяққа тұсау, көңілге қаяу салған пандемия ғана жылдағы пәрменімізді тежеді. Біз ғана емес, бүтін бір әлемді әбігерге түсірді бұл кесел. Ресми мәліметке сенсек, жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 21,6 млн-нан асыпты. «Жығылатын жерімді білсем, сабан төсеп қояр едім ғой» демекші, індетті кімнен, қашан жұқтырып алатынымыз белгісіз. Алайда індеттен де бөлек қауіп бар емес пе? Мәселен, суға бату қаупін алайық.
Мейлі, көзге көрінбейтін вирусты аңдамасақ, аңдамайтын да шығармыз, алайда суға шомылудың қарапайым ережелерін сақтауға болар еді ғой? Тоғыз жаны бар деген түсінік қалыптасқан мысық екеш мысықтың өзі суды айналып қашатын болса, жалғыз-ақ жаны бар адамзат баласына еркінсудің еш реті жоқ еді. Мұны біз Төтенше жағдайлар комитеті келтірген қаралы тізімге қарап айтып отырмыз. Сол мәлімет бойынша маусымның алғашқы күнінен бері елімізде екі жүзден астам адам көз жұмыпты. Салғырттықтың салдары – осы!
Ескертілмеді емес, азаматтық қорғаныс қызметкерлері ескертудей-ақ ескертіп жатыр. Соған құлақ асып жатқан кім бар? Аталған комитеттің мамандары отандастарымыздың өмірін қорғау, олардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру, қайғылы оқиғалардың алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Күн сайын құтқарушылар мен полиция қызметкерлері рейдке, патрульге шығады. Бұл игі істен волонтерлер де бас тартып жатқан жоқ.
Айтайық, құтқарушылар полиция департаментімен, волонтерлік ұйымдармен бірігіп азаматтардың қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысын және су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру бойынша бірлескен рейдтер мен патрульдеу жүргізуде. Бірінші рет емес, әрине. Жылдағыдай биылғы 1 маусымнан бастап осындай іс-шаралар кеңінен қолға алыныпты. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты 408 мыңға жуық үгіт-насихат өнімдері (парақшалар, жаднамалар) таратылды. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан рейдтерге, түсіндіру жұмыстарына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылуда. Судағы жүріс-тұрыс қағидалары баяндалатын бейнероликтер де жыл сайын әзірленіп, республикалық телеарналарда көрсетіледі.
«Бір адамның бостандығы басқа адамның бостандығы басталатын жерде аяқталады» деген қанатты сөз бар емес пе? Сол сияқты, адамзат баласының қандай да бір құқығы бар болған соң, міндеттің де міндетті түрде болуы заңды. Құқық та, мінде те қатар жүреді. Жауапкершіліктің жүгі деген болады. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтере білуің қажет. Алайда айтып сөз, ұрып таяқ өтпейтіндерге қайтпек керек? Әрине, ешкім ешкімді ұрып-соғып жатқан жоқ. Тек, түспе деген суға түсіп, жүзбе деген жерде жүзгендерге, мас күйінде малтып, шомылу ережелерін сақтамағандарға жаза қолданбаса болмайды. Қылмыстық емес, әкімшілік жаза! Қалтасы қағылып, айыппұл төлеген адам бұдан соң қайтып ереже бұзуға бел байламас еді. Ол да қайғылы оқиғаның алдын алудың бір жолы.
Осы мақсатта еліміздегі құтқарушылар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, ерікті волонтерлермен тізе қосып, суға шомылу маусымы басталғаннан бері (1 маусым) 23 мыңнан астам рейд және патрульдеу жүргізді. Соның нәтижесінде 4537 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға «Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу» ӘҚБК 440-бабы және «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» 364-бабы бойынша жалпы соммасы 10 млн теңгені құраған айыппұл салынды. «Құдай сақтанғанды ғана сақтайды» ғой. Әйтпегенде әлгі 4537 демалушы айыппұлмен құтылып емес, ажалдың құрығына ілігіп, тұтылар ма еді деген ойда қаламыз... Салғырттық сан соқтырады.
Сол құрыққа іліге жаздап, өлім аузынан қалғандар да бар. Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында құтқарушылар 149 адамды ажалдан арашалап қалды. Соның 32-сі – балалар! Ал суға шомылу маусымы басталғаннан бері 127 адам құтқарылса, сол 127-нің арасында 24 бала бар.
Ажалдан құтылғандарды естіп, қуанып жатқанда жазым болғандардың санын көріп, көңіліміз нілдей бұзылмасы бар ма? Өткен жылы 253 демалушы көз жұмып, соның арасында 82 бала болған еді. Биылғы 1 маусым мен 12 тамыз аралығында да 211 адамның тағдырына балта шабылып, соның арасында 64 баланың болғаны өзекті өртейді. Өз мүмкіндігін бағамдай алмағаны да, «ащы суға» құнығып, суға мас күйінде шомылғаны да, суға батып бара жатқанды құтқармақшы болған ержүрегі де, ересектердің назарынан тыс қалған балалар да ажалдан құтыла алған жоқ. Әсіресе, Ақтөбе облысында суға батып көз жұмған адамдардың саны артқаны байқалады (2020 жылы – 21 адам, 2019 жылы – 11 адам).
Амал бар ма, адамдардың суда қаза болуының алдын алу мақсатында жұмыс атқарылудай-ақ атқарылып жатыр. Алайда Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізген кешенді шараларға қарамастан, қайғылы оқиғалар қайталанудың үстіне қайталана түсуде. Салғырттығы сан соқтырған демалушылардан басқа кімді айыптайық, мұндайда?!
Кейбір демалушылар кінәні шомылу орындарының дұрыс жабдықталмауынан іздейді. Соңғы мәлімет бойынша елімізде суға шомылуға рұқсат етілген 445 орын белгіленіпті. Сондай-ақ 6 мыңға жуық ескерту белгісі орнатылды. Алайда мамандардың айтуынша, өз күшін жете бағаламаған адамдар ұқыпсыздықтың салдарынан арнайы жабдықталған шомылу орындарында да суға батып жатады. Сондықтан демалушы су айдынының қауіпті орындары мен ерекшеліктерін білуі тиіс. Себебі жабдықталмаған жағалауларда үйінділер, су басқан бөренелер, темір кесектері, шыны және басқа да заттар болуы мүмкін. Сонымен қатар қарсы келе жатқан катерге, кемелер мен моторлы қайықтарға жақын жүзу де өте қауіпті. Ондай жүзу құралдары су астындағы адамды іліп әкеткен жағдайлар мен қайғылы оқиғалар көптеп кездеседі.
Дүние жүзін дүрліктірген вирустың кесірінен биыл балаларға арналған жазғы лагерьлердің жұмысы тежелді. Есесіне, өзендер мен тоғандарда су жағалап жүгірген қараусыз балалардың саны артып отыр. Әлгінде айтылған 64 баланың ажалы – соның дәлелі. Сондықтан балалардың қауіпсіздігіне атүсті қарамаған абзал дер едік.
P.S. Пандемия шетелде демалғысы келген отандастарымыздың пәрменін бәсеңдеткені айтпаса да белгілі. Соның кесірінен еліміздегі туристік агенттіктердің де салы суға кеткен сыңайлы. Алайда таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпаған жөн. Кесел демалушылардың меселін басып тұрғанымен, отандық туризмді түлетудің оңтайлы сәті туған секілді. Әсіресе, су айдындарының айналасын түрлендіріп, құтқарушыларды жасақтап, демалушыларға жағымды жағдай жасай алсақ, бәлкім суда ажал құшқандардың саны да азаяр ма еді. Ойланарлық жайт...