Аймақтар • 31 Тамыз, 2020

Тараз тұрғындарының кейбір мердігерлерге көңілі толмайды

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Тараз қаласындағы аулаларды абаттандыру мен білім беру мекемелерінің жағдайы өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Мәселен, облыс орталығындағы "Алатау" шағынауданында "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша бес аула абаттандырылуда. Аталған жұмыстармен "Энерджи-Тараз" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Жалпы, аулаларды абаттандыру толық асфальттау, көшелерді жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату шараларын қамтиды. Сондай-ақ, Таразда балалар мен спорт алаңқайлары салынып, кеңейтілуде. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аулаларды абаттандыру және мектептердің жағдайымен танысып, бұл ретте мердігерлер мен Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша назар аудару керектігін тапсырды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараз тұрғындарының кейбір мердігерлерге көңілі толмайды

Облыс әкімі мердігерден жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың және балалар арбаларының қозғалысы үшін қолайлы жағдайлар жасалуы керектігін атап өтті.

Дегенмен, Тараз қаласындағы екі үйдің аулаларына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп отырған "НұрИнвестХолдинг" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына тұрғындардың көңілі толмай отыр. Қала тұрғындары жаңа орындықтардың қазірдің өзінде сынып жатқанын, ескі әткеншектер мен сырғанақтардың бояусыз қалғанын, құрылыс қоқыстарының шашылып жатқанын айтып, шағымдануда. Ал, Бердібек Сапарбаев қала тұрғындарын барлық олқылықтардың жойылып, мердігер компанияның жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Бұдан бөлек, "Энерджи-Тараз" компаниясы "Астана" шағынауданында тағы бес ауланы абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Бұл жұмыстарға Бердібек Сапарбаев оң бағасын беріп, тұрғындар да құрылысшыларға алғыс айтты.

Осы уақытқа дейін "Астана" шағынауданының тұрғындары облыс басшылығынан футбол алаңын салып беруді, көшелерді жарықтандыруды, шатырлы қоқыс контейнерлерін орнатуды және автотұрақты кеңейтуді сұраған болатын. Тұрғындардың барлық өтініштері ескерілген. Бұған қоса, аталған компания өз қаражаты есебінен тағы бір көрші ауланы абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіп, балалар мен спорт алаңқайларын салып берген.

Бүгінде Тараз қаласында "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында барлығы 163 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

  

Жамбыл облысы