Аймақтар • 31 Тамыз, 2020

Қостанай облысында 140 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай облысында жыл басынан бері мемлекеттің қаржылай қолдауына 140 кәсіпорын ие болып отыр. Бұл кәсіпорындар екінші деңгейлі банктерден жалпы сомасы 24 млрд теңге несие алған. Несиенің жылдық сыйақысының 6 пайызын кәсіпкерлердің өздері төлесе, қалғанын бизнесті жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы бойынша "Даму" қоры субсидиялайды.

Қостанай облысында 140 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді

Аталған қор биылдан бастап несиеге қоятын кепілдігі жоқ кәсіпорындарға да қолдау көрсете бастаған. Мұндай кәсіпорындарға "Даму" өз кепілдігін ұсынады.  3 жарым млрд теңге мөлшеріндегі қор кепілдігіне биыл 104 кәсіпкер ие болып отыр.

"Қор қазіргі уақытта саудаға салынған инвестицияларды қоспағанда, экономиканың барлық салаларындағы кәсіпорындардың қызметін қолдап отыр. Бұл шаралар пандемияға байланысты дағдарыс кезеңінде бизнесті қолдау үшін қабылданды", - дейді "Даму" қоры аймақтық филиалының бас менеджері Елена Матвеева.

Жеңілдетілген несие алған кәсіпорындар мемлекеттің қаржылай қолдауымен қажетті құрылғылар сатып алып, өнім көлемін арттыруға және қызмет ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік алып отыр.

Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс істей бастаған "TerraMeat" компаниясы еттен жартылай фабрикаттар дайындап, сатады. Қазір компания шығаратын ет өнімдері Қазақстанның 14 қаласына жөнелтіледі. Нарық сұранысын сапалы тауармен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын жылдық өсімпұлы 13% болатын 45 млн теңге мөлшеріндегі банктік несие қаражатына өндірістік құрылғы сатып алған. Серіктестік несиені 6%-дық жылдық мөлшерлемемен өтейді, ал қалған 7 пайызды "Даму" қоры төлеп беріп отыр.

"40 млн теңге ресейлік, поляк және неміс тоңазытқыштарын, қамыр илеуге арналған қрылғыларды сатып алуға жұмсалды. Күніне 3 тоннаға дейін жартылай фабрикаттар өндірісі жолға қойылды", - дейді серіктестіктің сатылым бөлімінің басшысы Нұрлан Амантаев.

Мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған кәсіпорынның бірі - "Азурит" компаниясы. 20 жылдан бері арнайы киім, жеке қорғаныс құралдары мен мектеп формасын шығарып келген бұл кәсіпорын соңғы 5 ай көлемінде жергілікті дәріханалардың тапсырысымен медициналық маска тігуге ден қойған. Мұнда тәулігіне 10 мыңға дейін бетперде тігіледі. Кәсіпорын өндіріс қуатын арттыру мақсатында жылдық сыйақысы 15%-дық мөлшерлемемен 57 млн теңге несие алған. Сыйақының 9%-ын мемлекет  өтеп берген. Несие қаражатына компания көп функциялы қуатты тігін машиналары мен кесте, зер салатын құрылғылар сатып алып, қалған ақшаны сауда айналымына салған.

"Несиені өткен жылдың тамыз айында алдық. Бұл өнім көлемінің ұлғаюына ықпал етті. Біз он шақты кесте тігетін құрылғы, 15 арнайы тігін машиналарын, киім үлгісін пішетін арнайы бағдарлама сатып алдық. Қазір жұмыс қызып жатыр. Биыл жергілікті кәсіпорындарға 7 мың арнайы костюм тігіп бердік. Ал дәріханалардың тапсырысы бойынша 280 мың бетперде  тігілді", - деді компанияның комерциялық директоры Наталья  Токун.

«Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер мен стартаперлерге де қомақты мөлшерде қаржылай кепілдік береді. Қордың мұндай қолдауын  көрген қостанайлық кәсіпкердің бірі – «Догма» деп аталатын ветеринарлық клиниканың иесі Максим Падерин. Клиниканың қызмет аясын кеңейту үшін үй жануарларының іш құрылысындағы ауруды анықтайтын диагностикалық ақылды аппарат қажет болған. Мұндай сканер Қостанайда ешбір жерде жоқ. Алдымен бизнес-жоспарын тиянақтап алған кәсіпкер «Даму» қорынан қолдау табады. Ал екінші деңгейдегі банк  8 900 000 теңге несие береді. Жас кәсіпкердің кепілге қоятын басы артық мүлкі жоқ. Сондықтан несие сомасының 85%-на қор кепілдік беріп отыр. Қалған 15%-ды борышкердің өзі өтейді.

- Біздің клиника 5 осыдан ай бұрын ғана ашылды. Қолымызда аздаған қаражатымыз болды. Бірақ өзімізге нағыз қажет заманауи құрылғы сатып алуға не қаржымыз, не банкке қоятын кепілдігіміз болмады. Содан «Даму» қорының кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы естіп, банкке өтініш бердік. Өтінішіміз мақұлданды. Қор өз кепілдігін ұсынып, жолымыз болып, несиеге қол жеткіздік. Бірден тапсырыс бердік. Құрылғы таяу күндері қолымызға тиеді, – дейді Максим Падерин.