Аймақтар • 31 Тамыз, 2020

Үйдің ауласынан көлікті айдап кеткен жігіт анықталды

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Полиция қызметкерлері танысының көлігін рұқсатсыз айдап кеткен күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Үйдің ауласынан көлікті айдап кеткен жігіт анықталды

Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда көрсетілгендей, кешкі сағат 20:00 шамасында ауласында тұрған құны 1,6 миллион теңгені тұратын “Нива” маркалы автокөлігін айдап кеткен.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында автокөлікті айдап кеткен күдіктіні анықтап ұстады. Ол жәбірленушіге жалданып жұмыс жасайтын жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті үйде ешкім жоқтығын пайдаланып, көлікті айдап кеткен. Содан түнгі мезгілде ауылға баратын жолдағы бұрылыста аударылып, мас халде жол көлік оқиғасын жасаған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеліп,тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері осындай жағдай орын ала қалса, тез арада полицияның “102” телефонына хабар берулерін сұрайды. Бұл өз кезегінде қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.