Акцияға алданғандар
Соңғы төрт жылдың қортындысын жариялаған соң іле-шала шілде айында Ұлттық экономика министрлігі 2021-2025 жылдары жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесін жариялады. Мемлекеттік деңгейде заңдастырып берген Қаулы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Қаулыға сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын екі рет – жартыжылдық және бір жыл қорытындысы бойынша 10 шілдеде және 10 қаңтарда мемлекеттің қандай активі қаншаға сатылғаны, қай кәсіпорын инвесторлардың қызығушылығын тудырғаны немесе жойылғаны, қайсысының МЖӘ жобасына айналғаны туралы есеп ұсынады.
Әрбір жекешелендіру толқыны басталған сайын көпшілік көңілінде «Бұл жолы не сатылады?» деген қызығушылық болады. Бұл жолы назар – «үшінші толқынның нәтижесі орта тап арасынан ұлттық инвесторлардың шығуына қалай әсер етеді?» деген сауалдың жауабына бағытталып тұр. Себебі үшінші толқынның орны бөлек және жеңіл болмайтынын TAV Airports Holding түрік холдингінің Алматы халықаралық әуежайы акцияларының жүз пайызын сатып алғанынан байқадық.
Демек, алдағы науқан ЕАЭО елдері ғана емес, халықаралық деңгейде өтеді. Тек ұлттық компаниялар емес, әлеуметтік маңызы бар нысандар да жеке секторға 5 жылға әріптестік негізде басқаруға беріліп, содан кейін жаңа қожайынның меншігіне өтеді.
Әлемдік тәжірибеде халқының 20 пайызы қор биржасына қатысып, акция сатып алуға шамасы жетсе ғана ұлттық инвесторлардың әлеуетінен үміттене алады екен. Ал біздегі бұл көрсеткіш әлі 1,4 пайыздың шамасында. Ендеше алдағы науқан кезінде халық белсенділігі қандай болмақ?
Халық көңіліндегі алаңға себеп те бар. Себебі 1990 жылдардың екінші жартысында, жекешелендірудің алғашқы толқыны жүрген кезде мемлекеттік мүліктің бір бөлігі халыққа беріледі деп айтылды. Жекешелендірудің алғашқы жылдарында Қазақстанның әр азаматы ірі кәсіпорындардың акцияларына ие болып, өздеріне тиесілі үлестерін алады деген түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұнымен 168 жекешелендіру қоры айналысты.
Экономист Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, үлкен зауыттар жекешелендірілген кезде 10 пайызға дейінгі акциясы халыққа тегін беріледі деген уәде болған. Қазір сол акциялардың қайда кеткенін ешкім білмейді. Көрші ел – Ресейде купондар арқылы жекешелендіруді бізден анағұрлым сауатты жүргізгені туралы айтылады. Ресейліктер купондарын бірден ақшаға айналдырған немесе өз қалауларымен белгілі бір тұлғаға сыйлап жіберу құқықтарын толық пайдаланған.
– 1990 жылдардың екінші жартысында өткен жекешелендіруден халық ештеңе алған жоқ. Қолындағысы жай қағаз болып шығып, алданып қалды.. Үкімет әрбір толқынның қортындысын жариялаған кезде оның халықтың тұрмысына әсер еткенін қоса жариялау керек еді. Бізде керісінше болды. 1990 жылдардың екінші жартысынан бастап бүгінге дейін елде өте бай және өте кедей адамдардың қатары көбейді. Ал орта тап жоқ. Әуел бастағы Үкіметтің ұстанымы орта тапты қалыптастыру, оларға жекелешендіру науқанына қатысуға мүмкіндік беру болатын, – дейді Т.Есіркепов.
Әлеуметтік саясатқа басымдық
2016 жылға дейінгі екінші толқында жекешелендірілген нысандардың 90 пайызы – коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер. Бірінші кезеңдегі 1991-1992 жылдардағы «Кіші жекешелендіру» бағдарламасы аясында сатылған мемлекеттік сауда және қызмет нысандарының үлесі – 50 пайыз, 1993-1996 жылдар аралығындағы екінші кезеңде 5 ірі өнеркәсіп саудаға түсіп, 1700 зауыт пен фабрика инвестициялық купондарға өтті, 44 кәсіпорын сенімді басқаруға тапсырылды.
Альпари инвестициялық компаниясының талдаушысы Анна Бодрова мемлекеттің қарауында болған кәсіпорындарға алға жылжу үшін қозғалыс керек екенін жеткізді.
– Бизнестің дамуы – нарық талабы. Мемлекеттің бизнес секторындағы үлесінің төмендеуі елде жаңа капиталдың дамуына жол ашады. Бұл сапалық тұрғыдан алғанда өзгеше оқиға. Мемлекет иелігіндегі нысанды жекеге өткізгенде жаңа сапалық дамуға көтеріледі деп күтеді , – дейді А.Бодрова.
Экономист Мағбат Спановтың сөзімен айтсақ, алғашқы толқында тиын-тебенге сатылған кейбір нысандар, мысалы, балабақша ғимараттары кейіннен мемлекет тарапынан бюджет қаражаты есебінен сатып алынды. Мұны ел арасында жекешелендіру науқанындағы солшылдықтың балалық ауруына теңейтіндер көп. Алайда сарапшылар қорқынышқа қарамастан, жекешелендіру өркениетті жолмен ашық түрде өтсе экономикаға пайдалы болуы тиіс еді деген пікірді қолдайды.
Қаржыгер Дәулет Сембаев 1990 жылдардың алғашқы жартысында кіріс бөлігінің кенеттен қысқаруына байланысты бюджеттік саясатты қолайсыз экономикалық жағдайларға жедел бейімдеу қажет болғандықтан аман қалу стратегиясы іске асырылғанын айтады. Экономикалық реформалардың бірінші кезеңінде Қазақстан рубльдік аймақта болды. Сондықтан Қазақстан Ресей Федерациясындағы әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайлардың өзгеруіне тәуелді болды. 1992 жылы қаңтарда баға либералданды. Бұл кезде, еліміз рубльдік аймақтан шықпағандықтан, ішкі фактор Ресейдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайлардың өзгеруіне тәуелді еді. Сол себепті жекешелендірудің алғашқы толқынының экономикалық емес, әлеуметтік-саяси сипаты басымырақ.
– Жекешелендіру саласындағы кемшіліктерге қарамай, белгілі бір нәтижеге қол жетті. Бастысы – экономиканы басқаруда мемлекет рөлінің азаюы, нарықтық экономикаға бейімді жаңа шаруашылық субьектілерін құру болды, – дейді Д.Сембаев.
Жекешелендірудің үшінші толқыны ғаламдық экономикалық дағдарыс кезіне тура келді. Халықаралық тәжірибе мұндай жағдайда жекешелендіру науқанын жүргізуді құп көрмейді. Биыл маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016-2020 жылдары жекешелендірілуі тиіс нысандар тізімін қайта қарауды ұсынып, нәтижесінде кейбір нысандарды жекешелендіру кейінге қалдырылды.
2021-2025 жылдары 137 республикалық меншік жекешелендіріледі. Бұл тізім алдағы уақытта жаңарауы әбден мүмкін. Осы жолы тізімге кірмей қалған ірі ұлттық компаниялар ірі инвесторлармен әріптестікте не ІРО-ға шығу жолымен жекешелендірілмек. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жекешелендірудің ІІ толқынын толық аяқтау үшін жыл соңына дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор меншігіндегі 62 нысан жекенің қолына беріледі. Шілде айына дейінгі мәлімет бойынша олардың 31-і саудаға шығарылды.
Үміттен гөрі күдік басым
Сарапшылар жекешеленген немесе алда жекешелендірілетін нысандар туралы ақпарат ашық емес екендігіне алаңдайды. Ел ішінде «ұлттық капиталды алыпсатарлықпен алмастырып алдық. Жекешелендірілген нысандарды ішкі нарықтың субъектісіне айналдырғандар экономиканы дамытуға үлес қоспады. 1990 жылдары жекеменшікке өтіп кеткен балалар бақшасы мен кітапханаларды мемлекет бірнеше есе бағасына сатып алды. Стратегиялық маңызы бар ірі кәсіпорындар бәсекелестік қабілеті төмен фирмаларға сатылып кету қаупі де жоққа шығарылмайды.
Медиамагнат Арманжан Байтасов елде ірі кәсіпорындарды сатып ала алатын адамдардың аз екенін, жекешелендіру науқанына тек Forbes тізіміндегілердің ғана мүмкіндігі бар екенін ашық айтқан болатын. Әсіресе тұрғындар әлеуметтік маңызы бар мекемелерді жекеменшікке беру одан біржола қол үзгенмен тең деген ойда. «Енді сол науқанды қайта жүргізуге не себеп болды?» деген сауалға Үкіметтің айтар уәжі дайын: «Жекеменшікті бәсекеге тарту үшін жекенің қолына өтті».
Жалпы, сарапшылар әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, нысандар мен ұйымдарды басқаруда жеке сектор мемлекетпен салыстырғанда табысты болатынын айтады. Қазақшалап айтқанда, мұны «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деуге болады. Оның үстіне, жеке бизнестің жаңа жағдайға тезірек бейімделіп, жаңа технологияларды да уақтылы енгізуге қабілетті болатынын алға тартады.
Т.Есіркепов жекешелендіруді заңдастыратын келісімдердің жұртқа ашық жариялаудың кезі келгенін жеткізді. Себебі сатып алушы тараптың жауапкершілігі келісімде көрсетіле ме, жоқ па, ол жағы құпия. Мамандар қазіргі жекешелендіру мүлдем бөлек сипатта екенін аңғарды. Бұл жолы әлеуметтік жағы басымдау. Мемлекет бизнеске «активтерді сатып алыңдар және еңбекақы, медицина, білім беру, зейнетақы және салық мәселелерін шешіңдер» деп олардың әлеумет алдындағы жауапкершілігін тағы да еске салып отыр. Бұл еліміздің әлеуметтік бағыт емес, нарықтық бағытқа қарай ойыса бастағанын байқатады. Т.Есіркепов осыған байланысты елде шешімін таппаған мәселе әлі көп екенін айтады. Сақтандыру компаниялары халықты әлеуметтік жағынан сақтандыруға дайын емес, себебі халықтың төлем қабілеті сын көтермейді. Ауруханалар науқастарға МӘМС арқылы қызмет көрсетуге дайын емес, тағы да халықтың қорға төлеп отырған жарнасы сын көтермейді. Бұл тұста да мемлекеттің жауапкершілігі мен қолдауы ауадай қажет.
– Біз халыққа медициналық қызмет көрсететін нысандар, ЖОО-ны 100 пайыз жекенің қолына өткізуге дайын емеспіз. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы кезең-кезеңімен жүруі керек. Нарықтың және халықаралық талаптардың ығына жығыла берсек, халықты шаршатып аламыз, – дейді Т.Есіркепов.
Экономист Мағбат Спановтың пікірінше, біз көп мүмкіндікті уыстан шығарып алдық. Бізге ел ішінен шыққан инвестор керек. Экономикаға қажетті инвестицияның 80 пайызын осы орта тап құйып отыруы керек, тек 20 пайызын ғана шетелдіктердің үлесіне қалдыру қажет. Халықта ақша жоқ. Орта тап деп атауға болатын топтың үлесі тым төмен.
– Сондықтан алдын ала ойластырып, жеті рет өлшеген абзал. Ең дұрысы, әлеуметтік-стратегиялық нысандарды жеке меншікке сатқан кезде біраз жайтты қайта қараған дұрыс. Қазір ұлттық капиталистерді қалыптастыруға мүмкіндік туып тұр. Бизнес-элита мұны сәтті пайдаланады деп ойлаймын. Бизнестің әлеу-мет алдындағы жауапкершілігін сезінетін кез келді. Мемлекет квазимемлекеттік компаниялардың бәрін бірдей жекешелендіруге шығарған күнде, оны өз бақылауында ұстауы тиіс. Себебі, стратегиялық маңызы бар индустриялы нысандарды сатудан мемлекеттің қауіпсіздігіне залал келуі мүмкін. Тек кімге, қайда сатылса да халықтың сенімін ақтаса болғаны, – дейді экономист.
АЛМАТЫ