Оқиға • 01 Қыркүйек, 2020

90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Конституция күніне орай Тараз қаласындағы «Арай-2» шағын ауданында шаһар тұрғындарына пәтер кілттері табысталды. Аталған 90 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген. Ал аталған тұрғын үйдің құрылысын мердігер компания «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Баспаналы болғандардың қатарында аз қамтылған, толық емес отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал топтағы басқа да азаматтар бар. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев баспана иелеріне пәтер кілттерін арнайы табыстап, тұрғындарды қоныстойларымен құттықтады.

90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

«Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сымен жүзеге асырылып жатқан мем­­лекеттік бағдарламалар қазақстан­дықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныстой – соның айғағы. Құрылыс қарқыны жыл сайы­н артып келеді. Ағымдағы жыл­дың 7 айын­да 270 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Жаңа баспаналарға бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасы­лар қол жеткізуде. Баршаңызды қос мереке – Конституция күні және қоныстой­­ларыңызбен құттық­тап, бақ-береке, ы­рыс-ынтымақ тілеймін», деді Б.Сапар­баев.

Бұл күні бірқатар тараздықтар жаңа пәтерге ие болды. Мәселен, баспаналы болған Жамиля Никошенко осы күнді 11 жыл бойы күтіпті. Ол отбасымен ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Жамиля Никошенко үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Балаларының үлкені 12 жаста болса, қызы 6 жаста екен.

«Бүгін – мен үшін өте ерекше күн. Баспаналы болғанымызға қуаныш­тымын. Балаларға да жаңа аудан өте ұнады. Үшеуі де енді үйімізге жақын орналасқан №3 мектеп-гимназиясына барады. Бұл мен үшін де ыңғайлы», дейді ол.

Сол сияқты, баспаналы болған жал­ғызбасты ана Ардақ Қайкиева да 10 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған екен.

«Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасал­­ған. Біздің өз күшімізбен мұндай бас­панаға қол жеткізуіміз екіталай еді. Осын­дай қолдау үшін мемлекетке алғы­сы­мыз шексіз», дейді Ардақ Қайкиева.

Пәтер кілтін алған тұрғындардың бірі Жәнібек Байтұрсынов та өз қуанышымен бөлісті. Оған екі бөлмелі пәтердің кілті табысталған. Оның балалар үйінің түлегі ретінде пәтер кезегінде тұрғанына бір­неше жыл болыпты. Ол да жолдасы екеуі кішкентай бала тәрбиелеп отырған жас отбасы екенін айта келіп, баспаналы болғанына қуанышты екенін жеткізді.

Бүгінде Тараз қаласы бойынша бас­пана кезегінде барлығы 18 мың 887 адам тұр. Ағымдағы жыл басынан бері облыс орталығындағы 15-шағын ауданда 80 пәтерлік 4 үй, ал Арай-2 тұрғын алабында 90 пәтерлік бір үй бой көтерген. Енді жыл соңына дейін 22 тұрғын үйдің құры­лы­сын аяқтау жоспарлануда.

 

Жамбыл облысы