13 Сәуір, 2010

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ ҚАНЫШТЫҢ

985 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Керекуге жан-жақтан, Алматы мен Астанадан ғалымдар, академиктер, ақын-жазушылар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Баянауылдан, алыстағы елді мекендерден жұрт көп жиналды. Облыс орталығындағы биік тас тұғырға ұлы ғалым, академик, ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың алып ескерткіші орнатылды. Қаныш ағамыздың тас тұғырға қонған тау тұлғалы ескерткішіне айтыскер ақын асқақ үнді асыл сөздерімен шашу шашып, салтанатты рәсімнің қуанышын молықтыра түсті. Қаныш ағаның көкте қалықтаған рухы дем бергендей ме, ескерткіштің ашылуына жиналған барша халық ерекше бір көңіл күйде жүргендей. – Бұл күн біздер үшін қастерлі, тарихи-тағылым­дық мәні бар үлкен қуаныш деп білемін. Ескерткіш ашылған салтанатты сәттің біздің жадымызда жатталып, ұрпақтар жалғастығына айналатынына сенім мол. Қаныш ағамыздың ғұлама бейнесі өзіміз тұғырға қондырған қырандай әуелей берсін! – деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде. Бұдан кейінгі сөз кезегін қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовқа берілді. Ұлы тұлғаның өз халқының ортасына қайта оралғандай әсерде қалдырғанын, ғұламаның ғұмыры соңында өсіп келе жатқан ұрпақтарымен ғасырлық мұраға айналатынын жеткізді. Академик Мұрат Жұрынов ескерткіштің ашылуына жиналған Кереку жұртшылығын құттықтап: Ескерткіштерің құт әкелсін! – деген жақсы лебізін білдірді. Біз мұны Павлодар қаласында халқымыздың батыр-бағлан ұл-қыздарына арналған ескерткіштер көбейе берсін деген тілек тұрғысында ұқтық. Бұдан кейін облыс орталығында қуанышты тойдың, жақсы әсердің жалғасы Естай ақын атындағы қалалық Мәдениет сарайында жалғасты. Ғұлама ғалымның ескерткіші ашылуына орай Керекуге келген сәтбаевтанушы ғалым, инженер-металлург, жазушы Медеу Сәрсеке, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев, академик, философия ғылым­дары­ның докторы Жабайхан Әбділдин, сенатор Қуаныш Сұлтанов, қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Кәкімбек Салықов ағалары­мыз төрден орын алып, бүгінгі шараға орай танымдық әңгімелерімен жиналған жұртшылықты баурап алды. Көптен бері қазақы рухани әңгімеге шөлдеген кең зал іші бір сәт еркін тыныстап, салиқалы, сындарлы сұхбатқа ден қойыпты. “Ескерткіш қою деген ол көшені көркейту емес, бұл адам жанын көркейту, ұрпаққа үлгі беру, сіздердің елдеріңізді Қаныш елі деп атаған Медеуге рахмет”, деді ақын Кәкімбек Салықов. Парасатты ой, салиқалы сөз саптап, жұртты ұйытқан Мырзатай Жолдасбеков Қырғызстанда болып жатқан жағдайды айта келіп, “Елдің, жердің, тәуелсіздіктің дәмі мәңгі тәтті болсын, осы елді, жерді күзетіп отырған асыл ағайын, сендер аман болыңдар”, деп ақ тілек айтты. “Қаныштың ұлы бейнесі жақсы істерге бастасын! Үлкен той жалғасын тапсын!” деді өз сөзінде Қаныш ағамыз туралы жақсы естеліктер айтқан Медеу Сәрсеке. Қаныш Сәтбаев ескерткішінің авторы – мүсінші, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Ольга Прокопьева. Ескерткіш тұрған тұғыр Жамбыл облысынан жеткізілген Қордай граниті. Биіктігі – 8,5 метр. Осылайша, Павлодар қаласында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың жанын көркейтетін жақсы шара жүзеге асты. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.