Пікір • 02 Қыркүйек, 2020

Бұл жолғы құжаттан не түйдім?

208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жолдаудың әр бөлігі, әр сөйлемі Қасым-Жомарт Кемелұлы іске асырып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен тығыз астасқанын байқауға болады. Яғни Жолдау қазақстандықтарды мазалаған ең көкейкесті мәселелерге құрылып отыр. Соның бірі – азаматтарға барынша сапалы қызмет көрсететін билікті құру болса керек.

Бұл жолғы құжаттан не түйдім?

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды. Бұл не үшін қажет? «Біз табиғи және техно­гендік апаттар дәуіріне аяқ бас­тық», деді Президент.

Қазақстанда табиғи және техно­гендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою; апаттан зардап шеккен халықты эвакуациялау, оған шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт секілді тілсіз жаумен күресу, адам­дарды құтқару секілді қиын­дығы ғаламат, мәселесі сан-салалы секторға жауапты мем­лекеттік орган бүгінде ІІМ-де босағадан сығалаған жетімнің күйін кешіп жүргені жасырын емес. Мұнда салалық министрлік бұрын болған, алайда ол 2014 жылғы тамызда Ішкі істер ми­нистр­лігі құрамына Төтенше жағдайлар комитеті болып кірді. Ішкі істер органының басты мақсаты қылмыскерлермен күрес екені мәлім. Демек, табиғи және адам қолымен жасалған апаттармен арпалысып, кесір-кесапатын жоюмен жеке министрліктің айна­лыс­­қаны жөн. Осының дұрыс­­ты­ғына Өзбекстанның Сардо­ба су қоймасы жарылуынан қызыл су басқан Түркістан облы­сының Мақтаарал ауданын аралаған кезде көз жеткіздім.

Жолдауда қойылған міндетке сәйкес шенеуніктер саны кезең-кезеңмен 25 пайызға азайтылатын болды. Құптарлық іс. Дегенмен, бұл пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеуге көшірілген мамандарды автоматты түрде қысқарта салу есебінен жүргізілмегені абзал. Қысқарту науқаны біліксіз, өз ісіне немқұрайды, халықтың төмен бағасын алған, атына көп шағым түсетін, тиімділігі төмен мемқызметшілерден арылуға септескені жөн. Одан мемлекеттік қызмет көрсету сапасы зардап шекпеуі қажет.

Жолдауда айтылғандай, елі­мізде Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агент­тік пайда болады. Ол тіке­лей Мемлекет басшысына бағына­ды. Әйтпесе, стратегиялық жос­пар­­лаудың ақсап жатқанын, рефор­­ма­­лардың да ала-құла екенін, көбі­нің аяғына дейін жеткізіл­мей­тінін Мәжіліс талай сынға алды.

Президент тапсырмасымен «жауапты хатшылар» институты жойылады. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы әр министрлік пен ведомство­да жауапты хатшы лауа­­зымы енгізілгенде, олар ми­нистр­лерді әкімшілік-кадр­лық жұмыс­­тан босатады деп күтіл­генін, бірақ олай болмағанын атап өтті.

Жауапты хатшы лауазымы кезінде командамен көшіп жүру секілді теріс құбылысты тоқтату үшін де енгізілген-тін. Өйткені ол істің сабақтастығын және мемаппараттың тұрақты­лы­ғын сақтауды өз мойнына алуы керек еді. Мысалы, Үкімет мүше­лері толығымен отставкаға кетіп жатқанда, Жауапты хатшы ұжыммен бірге жұмысты жал­ғастыра беруі тиіс-тін. Шы­нында, бұлар жаңа басшымен бірге бүкіл ұжымның ауысуына тоқтау бола алмады. Оның үсті­не жауапты хатшының саяси мәсе­лелерге араласпауы талап етілді. Іс жүзінде бір мәселеге қатыс­­ты бұл екеуінің ұстанымы мен ше­шімі өзара қайшы келе­тін кез­дер де ұшырасады. Ми­нист­р­­ді де, жауапты хатшыны да Президент өз Жарлығымен таға­йын­дай­тын­­дықтан, екеуінің жағ­дайы әу бас­тан тең. Сондықтан оның бірі екіншісіне бағынғысы кел­мей, олардың арасында теке­тірес болатын.  Енді барлық сұрау бір тұл­ғадан – Президенттің өзі таға­­йын­­­дайтын министрден болуы тиіс.

Ел Президенті ұсынған рефор­ма­­ларды жүзеге асыру мақ­са­тын­да Парламент жыл соңына дейін мем­лекеттік қызмет туралы заң­на­маға түзетулер топтамасын қа­­был­­дайды деп жоспарланып отыр.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі