Экономика • 03 Қыркүйек, 2020

Атбасарда астық мол

275 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Топырағы құнарлы, дәстүрі берік аудан диқандары жаман тұмаумен жағаласып жүріп мол егін өсірді. Қазір қырмандар қызыл дәнге толып, көз қуанышы болуда. Бұл берекенің бастауы көктемгі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудан негіз алып отыр деседі диқандар.

Атбасарда астық мол

Қолдау демекші, ауданда 1761 тонна тұқым үшін 39,6 млн теңге субсидиялық өтем қаржысы төленгенін айтсақ, демеудің қаншалықты екенін көруге болады. Оған қоса шаруашылықтар сатып алған техника үшін де қолдау көрсетілуде. Тек жұмыс істесеңіз болғаны. Қалғанының бәрі оңынан оңғарылып тұр.

Ауданда 57 жауапкершілігі шектеулі серік­тестік пен 180 шаруа қожалығы алтын астық жинауды бастаған. Жаман тұмау жайлаған көктемнен бері даладағы дүбір бір тынған жоқ. Өткен жарты жылдың ішінде 4 млрд 750 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Егер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, өндірілген өнім көлемі 14,2 пайызға артық болып шығар еді. Әрбір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 4 млн 896 мың теңгені құрап отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұл орайдағы табыс 14,1 пайызға жоғарылаған.

– Ең алдымен көктемгі дала жұмыстары кезінде ойға алған шаруаның бәрін тап-тұй­нақтай етіп атқарғанымызды айта кетуіміз керек, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Виктор Шкуринхин, – күзгі өнім негізі сол еңселі іске байланысты болып отыр. Жеріміздің жақсы екендігі ежелден мәлім. Бірақ жер жомарт болуы үшін оған берерің де аз болмауы керек.

Аудан диқандары үстіміздегі жылы 424 360 гектар жерге жаздық дақылдар тұқымын сеп­ті. Егіс жұмысы уақытында атқарылған. Агро­тех­никалық шаралар қатаң сақталған. Жоға­рыда біз айтқан алқаптың 387 609 гектарын дәнді, 20 045 гектарын майлы дақылдар алып жатыр. Оның үстіне мал азығы үшін қажетті екпе шөп егілген. Жұртшылық тарапынан сұра­нысқа ие болып отырған картоп пен көкөніс алқаптары биыл айта қаларлықтай кеңейтіліп, мо­лынан егіліпті. Және ең бір жағымды жаңа­лық ауыл шаруашылығы егістіктері 100 пайыз цифрландырылған. Соны үрдіс бұрын­ғы дәс­түрді жаңғырта байытып, егін шаруа­шы­лы­ғын оралымды жүгіруге оң әсерін тигізіп отыр. Қазір алқаптағы бар іс-әрекет, бейнеті мен зейнеті қолмен қойғандай ап-анық көрініп тұрады.

Жаз қара қарғаның миы қайнайтындай аптап ыстық болды, жауын да жауа қойған жоқ. Аспан қабағын баққан диқан қауым биыл құрғақшылық болмаса жарар еді деп абыр­жығанын да айта кетуіміз керек. Өз­де­рінің адал еңбектеріне сенгенімен, бұл өңір­дегі астық шығымы негізінен табиғатқа тәуелді екенін айта кетпей тағы болмайды.

Масақ байланған кезде қырық градусқа дейін ыстық болды. Егін де, шөп те тамыры күйіп өспей қалу қаупі төнді. Дәл осындай кезде агротехникалық шараларды тиісті талап деңгейінде атқара алмаса, есіл еңбек рәсуа болары сөзсіз еді. Мұқият жүргізілген жұмыс қана азын-аулақ ылғалдың топырақта неғұрлым көбірек сақталуына себепші болатыны диқандар үшін ежелден белгілі жайт. Тәжірибелі механизаторлар парға қалдырылған алқаптарды көктемгі егіс басталмай тұрып үш қайтара өңдеп, ауыспалы егіс жүйесін мұқият сақтай білді.

Еңбектің ақталуына тұқымның да әсер еткенін бір ауыз сөзбен түйіндей кетсек, өзге ди­қандарға да өнеге болар ма еді. Жақсы астықтың жақсы тұқымнан өнетінін әркім де біледі. Абырой болғанда Атбасар ауданындағы тұқым қорының  85 пайызы жоғары өнгіштік деңгейде сұрыпталған болатын. Егістік алқаптарды арамшөптер мен зиянкестерден қорғау үшін 186,3 млн теңгеге минералдық тыңайтқыштар сатып алынып, түгелдей іске жаратылды. Оған қоса өңірдегі 356 мың гектар егістік алқап химиялық жолмен өңделді. Бұл орайда аудандағы «Нұр 777», «Шортандай 2019» ЖШС-лері зиянкестермен күресте айрықша ұқыптылық танытып, өзге әріптестеріне үлгі болғанын айта кету керек. Мұндай жағдайда қаржы үнемдеу бекер. Оған мүлдем жол берілмеуі керек. Қаржы аяған адам қоңыр күзде уыс толтырып қызыл дән жинай алмайды. Осы жайды жақсы білетін диқандар 77,4 мың гектар алқапты өз қаражаттарымен өңдеп шықты. Есесіне өңделген алқаптардағы алтын астық ­зиянкес жәндіктерге жем болмай, жайқалып өсіп шықты. Еңбектің өтелуі, салынған қаржының қайтарымы деген бәлкім осы шығар.

Биылғы егін орағына 498 комбайн мен 104 комбайн шалғысы қатыстырылуда. Аудан диқандары 300 мың гектар алқаптың егінін дестеге жығып, 20 мыңнан астам гектардың астығын бастырды. Күн қабағы ашық болса, еңбек те өнімді болмақ. Қызыл қырманға жеткізілген 20 мың тоннадан астам жаңа өнімнің алтын дәні алапат теңіздің толқындарындай бұйра-бұйра болып берекенің бесігін көрсетіп жатыр.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы