Пікір • 03 Қыркүйек, 2020

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі – даму негізі

558 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауын мемле­кеттік басқару саласын реформалау мәселесінен бастады. Барлық салада оң нәтижеге, ілгерілеуге қол жеткізу үшін мемлекеттік басқарудың дұрыс бағытта болуы маңызды.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі – даму негізі

Мемлекеттік басқарудың тиім­сіздігі мен мемлекеттік қызметтің тартымды болмауы тежеуіш факторлар.

Жолдауда үлкен өзгерістер жөнін­де айтылды. Бірден 4 құрылым­ның жасақ­талатыны мәлім болды. Ең алды­мен шешім­дері талқыға салынбай­тын Реформалар жөніндегі прези­­денттік кеңес құрылатыны хабар­­ланды. Аталған құры­лым қазір жұмы­сы біраз баяу­лаған Үкіметке қарасты Эконо­ми­калық саяси кеңестің орнын басады деп күтілуде. Зейнетақы жүйе­сі, әлеуметтік саясатқа қатысты ре­фор­малар Мемлекет басшысының дең­­ге­йінде талқыланып, шешілуі тиіс. Бүгінде осындай нақты шешім қабыл­дайтын құрылым жетіспей жатыр еді.

Одан кейін Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бә­се­келестікті қорғау және да­мыту агенттіктерінің жасақтала­тыны жөнінде айтылды. Ұлт­тық экономика министрлігінің міндетінде болған бұл функ­циялар Президент Әкімшілігіне тапсырылды. Ендігі кезекте Президент Әкімшілігі тапсырма беріп, оны бақылауына алады, Үкімет орындаған жұмыстың тиімділігін саралайды. Бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер өздері тапсырма орындап, өздері бақылайтын. Шындап келгенде сол себепке байланысты қанағаттандырарлық нәтижеге қол жетпейтін.

Тағы бір қуантарлық жайт, Тө­тенше жағдайлар министр­лігі­нің құрылуы. Жуырда өзім де өртпен бетпе-бет кел­дім. Төтенше жағдай қызметі қар­жы­­ландыруды қажет етеді. Өйткені табиғи апат­тың саны кеми қоймайды.

 

Рахым ОШАҚБАЕВ,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры