Оқиға • 03 Қыркүйек, 2020

Паралимпиадашылар пәтерлі болды

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылы Түркияның Самсун қаласында өткен сурдлимпиада ойындарында қостанайлық спортшылар Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқабаев және Гаип Данияров үстел теннисінен топтық жарыста қола медаль жеңіп алды. Спортшылар 2016 жылғы Әлем чемпионатында да жүлделі екінші орынға ие болған еді.

Паралимпиадашылар пәтерлі болды

Таяуда үш теннисшіге Қоста­найдағы «Юбилейный» шағын ауданынан бір бөлмелі пәтердің кілттері табыс етілді. «Қоғамдық келісім» үйінде өткен сал­танатты шараға денешынық­тыру және спорт басқар­ма­сы­ның басшысы Азамат Бегалин қатысып, паралимпиадашылардың аймақ спортының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Теннисшілердің бапкері Серік Данияров облыс әкімінің алғыс хатын алды. Бапкер 20 жылдан бері Қостанайдағы есту қабілеті нашар балаларға арнал­ған мек­теп-интернаттың өрен­дерін спорт­қа баулып келеді.

– Есту қабілеті төмен спорт­шы­ларға арналған сурдлим­пиа­да ойындары тұңғыш рет 1924 жылы Париж қаласында өтті. Өзі 4 жылда бір рет ұйымдас­тырылады. Оған 100-ге жуық мем­ле­кеттің спортшылары қа­тысады. Түркияда өткен дүбірлі додада шәкірттерімнің бағы жа­нып, қола жүлдеге табан тіре­ді. Енді, міне, бүгін тағы қуа­ныш­қа кенеліп жатырмыз. Үш спортшымыз да баспаналы болды. Қаланың ең жаңа ша­ғын ауданынан пәтер беріп жатқан облыс басшыларына алғысымыз шексіз. Бұл құрметке шәкірттерім де әбден лайық деп ойлаймын. Үшеуі де қарапайым, еңбекқор жігіттер. Мысалы, Да­нияр Ескендіров кішкентай кезі­нен осы есту қабілеті нашар ба­лаларға арналған мектеп-интернатта оқыды. Қазір осы мектепте аула сыпырушы болып жұмыс істеп жүр. Әлем­дік жарыс­тарда ел байрағын желбі­ретіп жүлделі орындардан көрі­ніп жүрсе де, қол еңбегін қораш санаған емес, – деді білікті бапкер.

Үш спортшыны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желі арқылы құттықтады.

«Спортшыларымызды жаңа баспанамен құттықтаймын! Жаңа пәтер­лерде жайлылық, жылу­лық және спорттық жетістік­тер тілей­мін!», деп жазды облыс бас­шысы «Инстаграм» парақшасында.

Самсун сурдлимпиадасына есту қабілеті нашар үш мыңға жуық спортшы қатысты. Ал Қазақстаннан 9 спорт түрі бо­йынша 50-ге жуық спортшы барған. Олар еркін және грек-рим күресі, самбо, жеңіл атлетика, жүзу, таэквондо, үстел теннисі бойынша сынға түсіп, отандық сурдспорт тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізген.

 

Қостанай облысы