Он бір тармақтан тұратын Жолдаудың басты міндеті – мемлекеттік биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра отырып, қоғамның өткір талабына сай келетін ұтымды, нақты нәтиже беретін, елге пайдасы мол шешімдер қабылдауға жұмылдыру. Ол шешімдер мейлінше әділ болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы және дарынды жастарға жол ашатын тиімді әлеуметтік сатылардың орнығуына себеп болуы тиіс.
Жолдау өте ауқымды болғандықтан, ондағы айтылған тапсырмалар мен қойылған міндеттерді бірден еңсеріп, түсіне қою оңай шаруа емес. Өйткені елімізде соңғы жылдары ұмыт бола бастаған әділетті қоғам қағидасы, заң үстемдігі, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру секілді ұғымдар жаңа тұрғыда айтылып отыр. Айтары жоқ, кез келген нарықтық қағидаттарға негізделген қоғам тұрақты дамуы үшін сол елдің белсенді, озық ойлы азаматтарының қабілеті мен мүмкіндіктерін толық пайдалануына мейлінше жағдай жасалуы керек. Ал оның кепілі – заң үстемдігі, саяси биліктен тәуелсіз сот жүйесі, тиімді азаматтық қоғам институттары және кең ауқымда айтылатын мемлекеттегі саяси тұрақтылық. Елде осы аталған категориялар қалыптасып, билік пен қоғамның арасында тұрақты диалог орын алған жағдайда ғана мемлекет тұрақты дамудың даңғыл жолына түсетіні рас және бұл – аксиома. Сондықтан да бұл Жолдау осынысымен құнды.
Содан да болар, Жолдаудың бірінші бөлімі мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға арналды. Бұл міндеттерді іске асыру оңайға соқпайтыны, оған қоғамның әртүрлі саяси топтары тосқауыл қойғысы келетіні түсінікті жағдай. Демек Жолдаудан туындайтын әрбір тапсырма мен Үкімет алдындағы міндеттерді нақтылап, олардың орындалуын қатаң бақылауға алу істің сәтті болуының бірден-бір кепілі болары анық. Оны ұтымды жүргізу үшін тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылданды. Жоғарыда аталған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті оң шешімін табу үшін Реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес құрылатыны айтылды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, аталған өзгерістердің бәрі тиімді шешімдер табуға көмектесері сөзсіз.
Елдің көкейінде көптен жүрген мәселенің бірі еліміздің статистикалық ведомствосының заман талабына сай тәуелсіз қызмет атқаруына жағдай жасау еді. Енді бұл проблема да оң шешімін табатын болды. Жолдауға сәйкес Статистика комитеті Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрамына кіретін болды. Әрине бұл статистикалық ведомствоның бүгінгі мүшкіл халін түзеп, қоғамға қажет шынайы, толық әрі нақты статистикалық мәліметтерді алуға жол ашады. Демек, бұл шешім жалған ақпарат жасақтап, көзбояушылыққа үйір болған басшылардың жолына тосқауыл болары анық. Сапалы статистикалық мәліметтер ұтымды әлеуметтік-экономикалық шешімдердің қабылдануына кепіл болады. Аталған шешім де мемлекетті басқаруды одан әрі жетілдіре түсуге ықпалын тигізетіні түсінікті.
Одан бөлек «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы одан әрі пысықталып, оны нақты іске асырудың институционалды негізі қалыптасатын болды. Осы тұрғыда қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруға бағытталған тапсырмалар туралы айтпай кетпеуге болмайды. Олардың қазіргі жағдайы түсініксіз, себебі қоғамдық кеңестің құрамын ведомствоның басшылары жасақтайтын болғандықтан, оларға қоғам еш бақылау жасай алмайды. Оның үстіне, кеңестің іс-әрекеті, құзыреті заң жүзінде нақтыланбағандықтан олар немен және қалай айналысатынын, қандай шешім қабылдайтынын толық біле бермейді. Сол себепті институттың заты атына сай келмейтін еді, енді бұл кемшілік те жойылатын болды. Жолдауда «оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн» деген тапсырма берілді. Егер аталған тапсырмалар дұрыс орындалса, қоғамдық кеңестердің де өзіне лайықты орнын тауып, мемлекеттік, квазимемлекеттік органдардың жұмыстарын жетілдіруге, олардың жұмыстарының халық алдында ашық болуына септігін тигізері айқын. Сайып келгенде, аталған жұмыстардың бәрі халық мүддесіне қызмет ететін елімізде саяси билік қалыптастырудың нақты шаралары болып табылады.
Президент кезекті Жолдауында «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу» деп қадап айтты. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын мейлінше жақсарту Мемлекет басшысының басты мақсаты екенін халық біледі. Мына қиын заманда елді індеттен аман алып шығу үшін Мемлекет басшысының батыл қимылдап, төтенше жағдай жариялағаны, карантин салдарынан уақытша табыссыз қалған 4,5 млн-нан астам азаматқа 42 500 теңге мөлшерінде көмек бергені, оған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғаны баршаға мәлім. Одан бөлек, денсаулық сақтау саласының құрылымын жетілдіруге, инфекциямен күреске тікелей араласқан медицина саласының қызметкерлерін ынталандыруға, шағын және орта бизнес нысандарының экономикалық белсенділігін сақтай отырып, жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу үшін 6 трлн теңгеге жуық қаражаттың биыл жұмсалып жатқаны жұртшылыққа мәлім. Бұл бұрын-соңды болмаған көмек екені және осындай жәрдемнің көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде көрсетілмегені Жолдауда атап өтілді.
Індеттің алдағы кезеңде де басыла қоймайтынын ескере отырып, медицина саласының инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірнеше міндеттер Жолдауда нақтыланып отыр. Саны бар да сапасы жоқ, міндеттері айқындалмаған, ресурстармен қамтылмаған мемлекеттік бағдарламалардан бас тартып, олардың орнына нақты жетістіктерге жетелейтін, мақсаты айқын, қажет ресурстармен толық қамтылған ұлттық бағдарламалар дайындау күн тәртібіне қойылды. Бұл да мемлекет қаражаты мен басқа да ресурстарды тиімді пайдаланып, нақты жетістіктерге қол жеткізуге септігін тигізер шешім болары даусыз. Болашақ ұлттық бағдарламалардың аты аталмағанымен бағыттары Жолдауда айқындалып отыр. Олардың алғашқылары ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін шұғыл дамытып, отандық тұтыну тауарларын өндіруді жолға қоюмен байланысты болатыны белгілі болды.
Қорыта айтқанда, Президенттің биылғы Жолдауы адамның өмірін жақсарту мен оның басты құндылықтарын құрметтеуге, керек десеңіз, қастерлеуге арналған толыққанды стратегиялық бағдарламалық құжат болғанын жүрегімізбен сездік. Ең бастысы, Жолдаудың барынша нақтылығы алдағы күнге деген сенімді еселей түсті. Өңірлердің экономикасын теңгерімді дамыту, білім және медицина саласында орын алған кемшіліктерді жою, салаларға білікті мамандарды тарту үшін қызметкерлердің жалақыларын ауқымды мөлшерде көтеру, халықты баспанамен қамтудың жаңа тетіктерін енгізу, жағдайы төмен отбасылардың жалға алған баспаналарына субсидия беру, кезекте тұрған азаматтардың жағдайларын жақсарту, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау, өмірдің бар саласын жаңа цифрлы технологияға көшіру, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, осының бәрін жүйелі жолға қоя отырып, жеке тұлғалар мен бүкіл қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру секілді ауқымды міндеттер қойылды. Енді осы міндеттерді атқаруға баршамыз жұмыла кірісетін кез келді.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет қайраткері