Қырғыз бауырларымыз осыдан бес жыл бұрынғы оқиғаға қайтадан ұрынып отыр. Экономикалық жағынан кенже қалған ел үшін оның оңай соқпасы айтпаса да түсінікті. Осылайша жаппай қарсылық акциясына шығуының өзі қиын тұрмыспен де байланысты екенінде дау жоқ.
Міне, осы мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та өз бағасын берген болатын. Онда Елбасы қырғыздардың алдымен елдің тұрмысын жақсартудың орнына саясатпен айналысып кеткендігіне назар аударған-тын. Осы тұрғыдан келгенде көршілеріміз Қазақстаннан үлгі алулары керек еді. Яғни, алдымен экономиканы оңдап барып саясатқа кірісулері тиіс болатын. Осымен екінші рет қайталанған оқиға шынымен де халыққа ауыр тиіп отыр. Ауызбіршілік пен тұрақтылық қана елді ұшпаққа шығара алады. Елдің екіге жарылуы да жақсы көрініс емес.
Әрине, жағдайдың бұлай қалыптасуы қиыншылықтар әкелері түсінікті де. Әсіресе, бұл қарапайым адамдар үшін қиын. Жастардың көшеге шығып дүкендер мен өзге де қызмет көрсету орындарын қиратуына жол берілмеуі тиіс еді. Өйткені, қираған, өртелген дүниелерді олар қосымша қаржы шығарып, бәрібір өздері жөндеуіне тура келеді. Қаншама ақшалай, уақыттай шығын. Оның үстіне қырғыз ағайындар осындай жолмен билікті алмастыруға әдеттеніп алғандай әсер қалдырады. Олар мына билікті ауыстырсақ, жақсы президент немесе үкімет келеді деп ойлайды. Негізінде революциялық іс-әрекеттер ешқандай жақсылықтар әкелмейтінін уақыттың өзі көрсетті.
Қазақстандағы орнықты экономика мен ұстанған дұрыс саясат ондай келеңсіздіктерге жол бермейді деп есептеймін. Қарап отырсақ, қырғыз бауырларымыз өз елінде екі қолға бір жұмыс таба алмағандықтан, біздің елімізге келіп нәпақасын айыруға мәжбүр. Ол-ол ма, тіпті өз отбасыларын тастап, Ресей және өзге де елдерге асып жатқан қырғызстандық азаматтар қаншама. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы заңдылық, өйткені, билікке келгендер халықты ойламай отыр.
Бауырлас екі халық қиын жағдайларда қашанда бір-біріне қолұшын созып келген. Сондай игі үрдісті ұстана отырып, біз де көрші бауырларымызға көмек көрсетуіміз дұрыс деп санаймын.
Хусаин ВАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты.