Кино • 06 Қыркүйек, 2020

Отандық телехикаялар шетелдік арналардан көрсетіледі

555 рет көрсетілді

Алдағы уақытта "Қазақстан" телерадиокорпорациясы өндірген отандық өнімдер шетелдік телеарналардан ұсынылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Qazaqstan" Ұлттық арнасының 7 телехикаясы, "Balapan" арнасының 5 анимациялық жобасы АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіледі. Енді "Ғазиз жүрек", "Оралу", "Қашқын", "Жаңғырық", "47 баланың анасы", "Шырағым", "Саған сенемін" телехикаялары мен "Balapan" телеарнасының "Тынымсыз шөжелер", "Сәби", "Еркелер", "Шахмат патшалығы", "Пырақтар" анимациялық жобалары аталған елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде көрсетіледі.

Келісімшарт АҚШ-тың желілік және спутниктік хабар тарату қызметін жүзеге асыратын "Olympusat" компаниясымен жасалды.

Сонымен қатар телерадиокорпорация өндірген бірқатар жобалар ТМД-дағы ең үздік онлайн-кинотеатр саналатын IVI.RU платформасына жүктеледі. Бұдан былай "Текетірес", "Абысындар", "Жаным менің", "Қазбат", "Қанатсыз құстар", "Ғазиз жүрек", "Шырағым", "Үзілмес үміт" сериалдары мен "Күлкі іздеген Күнекей", "Сәби", "Еркелер" мультсериалдарын аталған платформадан тамашалауға болады. IVI.RU платформасының контенті бір айда 50 миллионға жуық қаралым жинайды.

Ал отандық "Әке", "Шырағым" телехикаялары бүкіләлемдік "Amazon Prime" платформасында көрсетіле бастайды.

"Корпорацияның отандық өндірісті нәтижелі жолға қоюы сыртқы теленарыққа шығуға мүмкіндік беріп отыр. Телехикаялардан бөлек, Түркияның ең ірі медиақұрылымы TRT арнасы телерадиокорпорация түсірген "Көшпенділер", "Ғасырлар үні", "Ұлт мақтанышы", "Қазақ даласының құпиялары" деректі фильмдерін түрік тіліне аударып, өз эфирінде көрсетпек. Бұл – отандық киноиндустрия үшін үлкен нарық. Бұған қоса, дәл қазіргі уақытта біздің сериалдар Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Татарстан арналарында көрсетілуде. Өз өнімдерімізді сыртқа сатудан бөлек, жаңа маусымнан бастап, BBC, Discovery-дің ең таңдаулы жобаларын қазақ тіліне аударып, "Qazaqstan" және "Abai tv" арналарының эфирінен бермекпіз", - деді  "Қазақстан" РТРК АҚ Басқарма төрайымы Л.Танысбай өз сөзінде.  Сондай-ақ бұл жөнінде тиісті келісімдердің жасалғанан атап өтті.

Күзгі телемаусымда "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасынан 14 жаңа телехикая, "Balapan" арнасынан жалпы саны 253 бөлімнен тұратын 17 анимациялық жоба ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар