Қазіргі таңда Қытайда шамамен 300-ден астам оқтұмсық бар. Бірақ Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) есептеуінше, оны ешқайсысы бірден қолдануға дайын емес. Өткен аптада Пентагон оқалылары АҚШ Конгресінде жылдық баяндама жасап, Қытайдағы оқтұмсықтардың нақты санын мәлімдеді. Олардың есептеуінше, Қытайдың ядролық арсеналындағы қару саны 200-ге жетпейді.
Бірақ Бейжің билігінің сыртқа сыр шаша бермейтінін ескерсек, елдегі ядролық қару саны әлдеқайда көп болуы ықтимал. АҚШ-тың шенді офицерлері бұл елдегі шикізат қоры ядролық арсенал санын екі еселеуге жетеді деп есептейді. Сондай-ақ оқтұмсықтарды жерден де, судан да, әуеден де атуға күш салмақ. Пентагонның да дабыл қағып отырғаны осы.
Жыл басында Global Times газеті Бейжің билігі жақын арада оқтұмсықтар санын мыңға көбейтуге әзір деп ақпарат таратқан-ды. Сонымен қатар әуе-су-жер үштігіне де басымдық беруді көздейді. Бүгінде жерден және судан баллистикалық зымыран ұшыруға қабілетті. Ендігі жетпей тұрғаны – әуе арқылы баллистикалық ракета жіберу. Дегенмен былтырғы қазан айында Қытай билігі H-6N бомба тасығыш зымыранын таныстырған болатын.
Келер жылғы ақпанда The New START деп аталатын стратегиялық шабуылдау бағытында қарулануды болдырмау жөніндегі Ресей мен АҚШ арасындағы келісімнің мерзімі аяқталады. Естеріңізге сала кетейік, The New START шартына 2010 жылы осы екі елдің сол кездегі басшылары Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған еді. Соған сәйкес, оқтұмсықтар саны 1550-ге дейін, құрлықаралық баллистикалық зымырандар, сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандар және ауыр бомбалаушылар саны 700 данаға дейін қысқартылуы тиіс.
Қытай негізі ядролық қаруды таратпау жөніндегі ешқандай келісімге мүше емес. Осыған байланысты ресми Вашингтон АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруға қатысты келісімге Қытайды да кіргізуді көздейді. Әйтсе де, мұндайға Си Цзинпинь әкімшілігі көнуі екіталай. Дегенмен, коммунистік партия өкілінің бірі сұхбаттарының бірінде АҚШ оқтұмсықтар санын едәуір қысқартса ғана Бейжің билігі келісім үстеліне отыруы мүмкін деген сыңайда әңгіме айтып қалды.
Пентагон бекерге қауіптеніп отырған жоқ. Таяуда Қытай басшысы Си Цзиньпин ұлттық қорғаныс пен қарулы күштерді жаңғыртуға және дамытуға басымдық беретінін мәлімдеген. Оның айтуынша, қытайлық келбетті сақтап, ұлттық құндылықты нығайту үшін дамумен бірге қорғаныс саласына да көңіл бөлінуі тиіс. Сондықтан мемлекеттің келешегін айқындау мақсатында әскер саласын күшейтпек.
Сондай-ақ ұлттық қорғаныс пен қарулы күштерді жаңғырту елдің жаңғыру үдерісіне сай болуы тиіс. Әрі әскери мүмкіншілік ұлттық стратегиялық қажеттілікке жауап беруі қажет. Бұдан бөлек, Си Цзиньпин Қытай коммунистік партиясы әрдайым мығым ұлттық қорғаныс пен әлеуетті қарулы күштер қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келгенін жеткізді.
Енді жаңа бағытқа қадам басып, қытай әскерін әлемдік деңгейге шығаруға күш салмақ. Алдағы жоспар бойынша ұлттық қорғаныс пен қарулы күштерді дамытуға бағытталған жаңа стратегия 14 жылға арналған. Осы бағдарлама аясында кәсіби әскер құруға басымдық беріледі.
Әйтсе де, Ақ үй тарапы да қол қусырып отыр деуге келмес. The Washington Post газеті АҚШ президенті Дональд Трамп Невададағы ядролық сынақ алаңын қайта жандандыруға ниетті екенін жеткізген. Оның үстіне, АҚШ президентінің қарулану жөніндегі арнайы өкілі Маршал Биллингсли елдің қарсыластарын кез келген сәтте тұқыртып, атом бомбасын тастауға әзір екенін мәлімдеді. Бұған қоса, келер жылы Ақ үй ядролық қаруға арналған бюджет қаржысын 37,3 млрд доллардан 44,5 млрд долларға көбейтуді жоспарлап отыр.