Абылай хан армандап, ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атып, еліміз егемендік алып, халқымыз еркіндікке қол жеткізіп, әлемде Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды. Осы күннен бастап тәуелсіз елді басқару тізгіні бүкіл халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында Елбасы өзінің көрегендігімен көпұлтты Қазақстан халқының тыныштығы мен ынтымағын сақтап, оларды ел бірлігі идеясына біріктіріп, жас мемлекеттің іргетасын қалап қана қоймай, сол кезеңдегі барлық қиыншылықтарды жеңіп шықты.
Президентіміздің ел басқарудағы басты ұстанымы Тыныштық, Тұрақтылық, Ынтымақ пен Бірлік атты ұлы құндылықтарына бүгінгі таңда бүкіл әлем қызыға қарап, осы қағидаттарды үлгі тұтуда.
*Қазақстан судьяларының VІ съезі қарсаңында
Абылай хан армандап, ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атып, еліміз егемендік алып, халқымыз еркіндікке қол жеткізіп, әлемде Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды. Осы күннен бастап тәуелсіз елді басқару тізгіні бүкіл халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында Елбасы өзінің көрегендігімен көпұлтты Қазақстан халқының тыныштығы мен ынтымағын сақтап, оларды ел бірлігі идеясына біріктіріп, жас мемлекеттің іргетасын қалап қана қоймай, сол кезеңдегі барлық қиыншылықтарды жеңіп шықты.
Президентіміздің ел басқарудағы басты ұстанымы Тыныштық, Тұрақтылық, Ынтымақ пен Бірлік атты ұлы құндылықтарына бүгінгі таңда бүкіл әлем қызыға қарап, осы қағидаттарды үлгі тұтуда.
Қазақстан Республикасында толыққанды демократияның салтанат құруына нық қадам жасалып, құқықтық-саяси тұрғыда дамудың жаңа кезеңі қызу қарқын алды. Бұл қоғамдық және мемлекеттік мүдделердің жаңа теңгермелігіне, мемлекеттік құрылыстың жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуына өзінің ықпалын тигізіп, құқықтық демократияның әлемдік өркениетке сай ретімен және жүйелі түрде жүзеге асырылуына мүмкіндік берді.
Бір мәселенің басы ашық: өркениетті және демократиясы дамыған мемлекет пәрменді сот жүйесінсіз болуы мүмкін емес, өйткені, пәрменді және тәуелсіз сот билігі – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы үйлесімді өзара байланыстың кепілі, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың басты құралы.
Сот жүйесінің де өзіндік қалыптасу, іздену, өсу жолы бар. Ең бастысы, Тәуелсіздігіміздің бір жемісіндей, елімізде тәуелсіз сот билігінің орнығуын қамтамасыз ете алған терең әрі сапалы өзгерістер болғандығы да анық. Ата Заңымызға сәйкес сот жүйесі де мемлекеттік биліктің бір тармағына айналды. Соттардың қоғамдағы орны нақтыланып, беделі мен мәртебесі арта түсті. Адалдық пен туралықты ту ете білген әділдіктің ақордасы бүгінде белгілі бір сара жолға түсіп, беталысын айқындап, асқар таудай айшықталып, әлемдік сот жүйесімен иық теңестіріп қалғаны да анық байқалады.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде сот қызметін қамтамасыз етуді заңнамалық тұрғыдан жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін, олардың мәртебесін көтеру бағытында ең толғақты деген мәселелер шешіліп, жүзеге асырылуымен қатар, соттарды қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету тұрғысында көптеген жұмыстар атқарылғаны анық.
Бұған нақты дәлелдер де баршылық. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Халықаралық Судьялар қауымдастығына мүшелікке қабылдау туралы өтініші қаралуына байланысты еліміздің соттарының жұмысымен танысу үшін келген сол қауымдастықтың сарапшысы АҚШ-тың Минессота штатының аға судьясы Пол Магнуссон мырза Ақмола облысында болған сапарында Бурабай аудандық сотының ғимаратымен танысып, соттың материалдық-техникалық жағынан қалай қамтамасыз етілгенін, сот мәжілісі залдарының бейне-дыбыс жазба қондырғыларымен жабдықталғанын, судьялардың жұмыс істеуіне жасалған жағдайларды көріп, өзінің таңғалысын жасырмай, өте жоғары баға берген болатын.
Дәл осындай бағаны Түркия мемлекетінің судьялары мен прокурорлары Жоғары Кеңесінің төрайымы Несибе Өзер ханым да беріп, Республика сот жүйесінің болашағына толағай табыстар тілеген еді.
Елімізде жүргізіліп жатқан реформалық жаңалықтардың жемісі ретінде – тәуелсіз, тек азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты мақсат етіп қойған, жаңа нарықтық қатынастардан туындайтын даулардың барлық түрін әділетті де заң жүзінде шешуге қабілетті жаңа сот жүйесінің құрылғанын және тұрақты қызмет істеп жатқанын атап айту керек.
Сот жүйесінің жаңа түрін қалыптастыру мен құру, соттарға құқықтық мемлекетке тән өкілеттіктерді толық көлемде беру, олардың жоғары әрі жауапты әлеуметтік рөлін нығайту – мемлекеттің негізгі саяси басымдығы болды. Елімізде жүзеге асырылған сот жүйесін реформалау жөніндегі негізгі шаралардың аясында сот құрылымы одан әрі жетілдіріліп, сот ісін жүргізу оңтайландырылды. Соттылықтың аражігін ашу үдерісі аяқталып, үш буынды сот жүйесі өмірге келді, сот жүйесінің халық үшін ашықтығы мен қолжетімдігін барынша тиімді етудің жолдары белгіленді. Мамандандырылған соттар мен алқабилер сотының құрылуы, қамауға алуға соттың санкция беруінің енгізілуі, заңнама мен сот тәжірибесінің ізгілендірілуі сияқты факторлар еліміздің сот жүйесін әлемдік сот төрелігінің стандарттарына анағұрлым жақындатты деп толық айта аламыз!
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев судьялардың V съезінде: «Соттар қызметінің тиімділігі, олардың шығаратын шешімдерінің әділеттігі мен жедел және толық орындалуы – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі көрсеткіші. Соттардың шешімдеріне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады», деп атап көрсеткен еді.
Соттар елімізде мемлекет атынан шешім шығаратын бірден-бір орган болғандықтан, қоғам мен жұртшылық кәсіби тұрғыдан алғанда да, қызметтік борышқа деген көзқарас тұрғысынан да судьяларға ең жоғарғы талаптарды қоюға құқылы. Осыған байланысты қандай болмасын сот қателігі, ол кейіннен жоғары тұрған сот тарапынан заңды түрде түзетілетін болса да, қоғамдық жаңғырық туғызуға, судьяның кәсіби жарамдылығына күмәндануға әкеліп соғуы мүмкін.
Әрине, әділдікке қызмет ету екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Дауласқан жақтарға төрелік жасап, мемлекет атынан әділдік сөзін айту мәртебелі болуымен қатар, үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Расында да, адам тағдырын таразыға салып, заң шеңберінде әділ шешім қабылдау үлкен біліктілікті ғана емес, сезімге бой алдырмас салқынқандылықты, қай нәрсеге де заң сүзгісінен өткізе қарайтын байыптылықты қажет ететіні даусыз. Сондықтан судьялық қызметке іріктер кезде үміткердің білім деңгейімен қатар оның адамгершілік болмысы мен ар-ождан тазалығына, пайым-парасатының тереңдігі мен таным-түйсігінің кеңдігіне назар аудару қажет, сонымен бірге, ойлау және сөйлеу мәдениеті, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де оларға қойылатын талаптардың бірі болуы керек.
Осыған да байланысты болса керек, Құқықтық саясат тұжырымдамасында судьяларды іріктеу тәртібін одан әрі қарай жетілдіру үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігі басты бағыттардың бірі ретінде көрсетілген.
Қоғамның даму үдерісіне байланысты заң да, заман да күнделікті өзгерістерге ұшырап отырған қазіргідей кезеңде судьяларға қойылатын талаптың да күн санап артып келе жатқаны белгілі. Судьялардың жүктемесін азайтудың бір жолы медиация институтын енгізу болатын. Бірақ судьялар тарапынан жасалып жатқан қыруар жұмыстарға қарамастан, бұл заңнама халықтың санасына әлі сіңіп кете қойған жоқ. Медиацияны дамытуға қатысты ықпалды шаралар ұйымдастырып, жүзеге асырған жөн.
Судьялардың жүктемесін азайтудың тағы да бір жолы – оларды қағазбастылықтан мейлінше арылтып, тек істерді қараумен ғана айналысуға жағдай жасау керек. Осы тұрғыда, судьяның істі қарауға дейінгі дайындық жұмыстарын атқаратын және сот процестерін ұйымдастыратын судья көмекшісі лауазымын енгізу уақыт талабы.
Шешімін табуды қажет ететін тағы да бір мәселе – кейбір заңгерлердің онсыз да шиеленіскен сот дауларын тудыратын заңнамалардың дәрменсіздігін пайдаланып, заңды теріс пайдалануға жол беріп жататындығы. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, оған жете көңіл бөлінбей келеді. Сондықтан азаматтық іс жүргізу заңнамасын өзгертіп, өкіл болуға тек адвокаттық лицензиясы бар, облыстық адвокаттар алқасының құрамына кіретін кәсіби заңгерлерге ғана рұқсат беретін уақыт жетті.
Соңғы кезде судьяларға ақпараттық қысым жасау, яғни жекелеген сот істері бойынша нақты бір шешім қабылдату мақсатында қандай да бір акциялар, пикеттер ұйымдастыру, өзіне-өзі қол жұмсаймын деп қорқыту арқылы судьяға қысым жасау үрдісі белең алып келеді.
Сондықтан «сотты құрметтемеушілік», «сот төрелігін жүзеге асыруға заңсыз араласу» ұғымдарын кеңейтіп, бұл әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жазалау шараларын күшейту қажет.
Ағымдағы жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы судьяларының кезекті VI съезін өткізу жоспарланып отыр. Осы келелі жиында сот жүйесінің атқарған қызметіне баға беріп қана қоймай, еліміздің сот қауымдастығының алдында тұрған асқаралы мақсаттары мен абыройлы міндеттерін айқындап алған жөн.
Сот жүйесінің даму және жаһандану процесін халық, ел тағдырынан бөлек алып қарастыруға болмайды. Сот жүйесі Қазақстан халқының болашағы, бақыты үшін қызмет етуі тиіс.
«Сот – халықтың ар-ожданы», деп Елбасымыз судьяларды өз Жарлығымен қызметке тағайындап, оларға сенім білдіруі сот қауымдастығына үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда, судьялар да Елбасы сенімі мен халық сенімін, бір ұғым деп қарап, оны ақтау үшін аянбай адал қызмет атқарулары қажет.
Қайрат МӘМИ,
Жоғарғы Сот Төрағасы.