Батыр Киікбайдың есімі елімізді былай қойғанда, Қытай, Моңғолия жерін жайлаған қандастарымыз арасында жақсы мәлім. Батыр шамамен ХҮІІ ғасырдың соңында Қағба өңірінде дүниеге келіп, 1740 жылдары Арқа жерінде өмірден өткен. Ел жадында қалған естелікте Арқалықтың Алғадай, Ақөзен аталатын өлкелерінде ғұмыр кешсе керек. Заманында үш жүзге "Киікбай шешен" деген атпен белгілі болған ол жасынан билікке араласып, қазылық құрыпты, жесір дауы мен жер дауына әділ төрелік етіпті. Тілі де қылыштай өткір болса керек. Айбыны асып тұрған батырдың тауып айтқан сөзіне, табанды кесіміне жалпақ жұрт бас иген. Әділдіктен табан аудармаған, көп көңіліндегі күпті жайды жалғыз ауыз сөзімен тарататын Киікбай би айтыпты дейтұғын шешендік сөздер ел жадынан өшкен жоқ.
Батырдың артында төрт ұлы қалыпты. Ұрпағы қазір Атбасар, Семей, Алматы өңірлерін жайлайды. Кесененің ашылуына жаман тұмауға байланысты халық көп жинала алмағанымен, сонау Түркиядан Оңбай атты балаласының ұрпағы Зейніш ата ризашылық хатын жолдапты. Қытайдағы ұрпақтарынан да жүрекжарды алғыстары жеткен. Ашылу рәсімі барысында аудан әкімі А.Қалжанов бастаған ұлт жанашырлары сөз сөйлеп, баһадүр бабалардан қалған белгілерге қамқорлық жасау кейінгінің парызы екендігі егжей-тегжейлі айтылды. Батырдың Көбеген есімді үшінші ұлынан тарайтын алтыншы ұрпағы Хазы Бәкейұлының айтуына қарағанда, ұрпақтары 5 миллион 250 мың теңге көлемінде қаржы жинап, кесененің қажетіне жұмсаған.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшысы Серік Ысқақовтың айтуына қарағанда, ел мен жерін қадірлей білетін жалпақ жұрт істерге ұйытқы болып, осындай иманды шаруалар алдағы уақытта да атқарыла береді.