Делиде «Kazakhstan-India Travel and Tourism Fair» деп аталатын Қазақстан-Үндістан 8-ші туристік жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға жетекші үндістандық туроператорлар мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Делиде «Kazakhstan-India Travel and Tourism Fair» деп аталатын Қазақстан-Үндістан 8-ші туристік жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға жетекші үндістандық туроператорлар мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Жыл сайын Үндістан астанасында «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысының қолдауымен және Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің ұйымдастыруымен өтетін іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанның туристік имиджін ілгерілету және екі ел арасындағы туризм саласы бойынша байланыстарды кеңейту, үнді қауымдастығына, ресми және бизнес қоғамдарына, алдыңғы қатарлы үнді туроператорларына еліміздің туристік мүмкіндіктерін кеңінен тарату.
Аталған іс-шарада Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы сөз сөйлеген Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дулат Қуанышев қатысушыларды Қазақстанның туризм саласы мен туристік тартымдылығына оңтайлы әсер ететін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен әрі демократиялық өзгерістермен таныстырып өтті. Бұдан бөлек, елші үнді тарапына Қазақстан азаматтарын Үндістан әуежайларында виза алу құқығына ие мемлекеттердің тізіміне енгізуіне орай алғысын білдірді.
Д.Қуанышев, сондай-ақ, туризм саласы екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың дамуы мен кеңеюіне жаңа серпін беретін екіжақты іс-қимылдардың болашағы зор бағыты екендігін атап өтті.
Жәрмеңке Үндістанның туристік бизнес өкілдерінен тұратын жергілікті компаниялар арасында кең қолдауға ие болды. Үнді туроператорлары бейне-ұсынысқа, елшіліктің баспа материалдарына және «Эйр Астананың» жарнамалық өнімдеріне үлкен қызығушылық білдірді. Іс-шара аяқталысымен қазақстандық ұлттық-фольклорлық «Тұран» ұжымы қонақтарға концерттік бағдарламасын ұсынды.