2013 жылғы 29 қазанда Қаржы полициясы агенттігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ бұрынғы президенті Ғ.Мырзақұловқа қатысты қылмыстық істердің тергеуін аяқтады.
2013 жылғы 29 қазанда Қаржы полициясы агенттігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ бұрынғы президенті Ғ.Мырзақұловқа қатысты қылмыстық істердің тергеуін аяқтады.Ол жалпы құны 12 млрд.теңгеден асатын Ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросын құрастыру-сынау кешенінің құрылыс жұмыстарын сатып алу тендерінде жеңіске жетуге көмектесу үшін бас мердігердің өкілінен жалпы сомасы 210 млн.теңге көлемінде пара бопсалады деген айыппен қамауға алынған болатын.
Оған қоса 2013 жылғы қазанда Мырзақұловқа қатысты заңсыз жолмен табылған ақшалай қаражатты заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оған 2012 жылғы тамыздан 2013 жылғы тамыз аралығында ай сайын ақшалай пара алып, оның 90 млн.теңге көлеміндегі бір бөлігін жақын туыстары арқылы қозғалмайтын мүлік сатып алу жолымен заңдастырды деген айып тағылуда.
Іс материалдары бойынша Мырзақұлов өзінің жақын туыстары арқылы құрылыс компаниясына қымбат коттедж бен 2 пәтердің құрылысына 77,1 млн.теңге аударған, сондай-ақ Алматы облысының Кербұлақ ауданында 90 мың АҚШ долларына жалпы көлемі 342 гектарды құрайтын 7 жер учаскесін сатып алған.
Бүгінгі күні айыпталушы мен оның қорғаушысын іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатыр.
«Егемен-ақпарат».