Жолдауда белгіленген шаралардың міндетті түрде іске асуы керек екенін халық та жете түсініп, оны үлкен үмітпен күтетіні белгілі. Себебі осы маңызды құжат арқылы Президент Парламентке, Үкіметке, орталық атқару органдары мен сот және құқық қорғау жүйесінің лауазымды тұлғаларына нақты тапсырмалар жүктейді.
Ал биылғы Жолдаудың орны тіптен ерекше. Төрткүл дүние пандемияның кесірінен бұрын-соңды болмаған ауыр кезеңді бастан өткізуде. Кеселдің күрделі болғаны сонша, көптеген мемлекет әлі де оның құрсауынан толық шығып үлгерген жоқ. Бұл індет біздің елімізге де айтарлықтай залалын тигізді. Одан тек азаматтардың денсаулығы мен өміріне қатер төніп қана қоймай, мыңдаған шағын, орта, ірі кәсіпкерліктер, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы салалары, білім беру ісі мен денсаулық сақтау жүйесі бұрын-соңды болмаған ауыртпалықты сезініп отыр. Табысымыз төмендеп, әлеуметтік және қаржылық мәселелері күрделеніп кетті.
Міне, осындай жағдайдан әркім өз бетінше жол тауып шығудың амалын қарастырып жүрген сәтте Мемлекет басшысының Жолдауы әр қазақстандықтың болашаққа деген сенімін күшейтіп, қайратына қайрат қосып отыр. Сондықтан бұл Жолдау дер кезінде жарық көрген өте құнды тарихи құжат болды деуіміз керек.
Әрине, төтенше жағдай мен карантин жарияланған сәттен бастап Үкімет тарапынан халыққа көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Билік пен халықтың өзара түсінігінің арқасында біздің мемлекет бұл кеселдің бетін қайтарып, тиімді іс-шараларды бекітіп үлгерді. Қалай болғанда да «сақтықта қорлық жоқ» демекші, бәріне дайын болғанымыз абзал. Бұл ретте, Жолдаудың мәні де ерекшелене түсті. Әсіресе өсіп-өну жолында Елбасының «Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарын» негізгі бағыт-бағдар етіп, ел-жұрттың дәулетті өмір сүруіне мүмкіндік жасап, олардың конституциялық құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп күрес жүргізуге жұмыс қарқындайтыны айтылды.
Ел мүддесін көздей отырып қабылданатын маңызды іс-шаралар мен құжаттарды айқындайтын және қажетті реформалармен айналысатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрылуына мол сеніммен қарауға болады. Ендігі ретте, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерін қысқартатын, кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілігі мол, адал және жемқорлыққа қарсы тұра алатын мамандарды қалдырып, олардың еңбек ақысын еселеп өсіру мәселесін шешетін уақыт жетті.
Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытып, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған тапсырмалар өте орынды. Жер емген, мал асырап, жеміс-жидек өсірген кәсіп иелеріне ұзақ мерзімге төмен пайызды несие берілуіне, олардың жиған өнімдерінің лайықты бағамен сатылуына жағдай жасалса дейміз.
Сонымен қатар Жолдауда экология мәселесіне ерекше назар аударылды. Әсіресе табиғатты қорғау жұмыстарына жас жеткіншектерді тарту жөніндегі тапсырманы бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп айтуға болады.
Жолдауда айтылғандай, азаматтардың құқығын қорғау органдары мен сот жүйесіне талапты күшейту тапсырмасы іске асырылып, отандастарымыз бос әуреге салынбаса, әділдікке қол жеткізетін болса, мемлекет пен заңға деген сенім артатыны сөзсіз.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
профессор, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры