Руханият • 08 Қыркүйек, 2020

Манас – жаһандану бастауы: Елордада халықаралық конференция өтті

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде «Жыр» орталығының "Манас – жаһандану бастауы" тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өтті. Конференцияны елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясы және Еуразиялық Шығармашылық Гильдияның ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Манас – жаһандану бастауы: Елордада халықаралық конференция өтті

Халықаралық онлайн-конференция модераторы профессор, танымал жырау, автор әрі орындаушы Алмас Алматов болды. "Қазақ елінің Әлем халықтары қауымдастығына қабылданып, Түркі тілдес халықтармен достық, бауырластық мақсат-мұраттары үндесіп, адамзат дамуының жаңа кезеңіне көтерілуі - ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің мазмұнын жетілдіру мәселелерін жаңа тұрғыдан қарауды талап етіп отыр. Біз, әдебиет, өнер саласындағы әлемдік жаһандану үрдісінің алдын ала нақты іс әрекеттерге көшіп, Түркі халықтарының адамзат тарихындағы жетекші рөлі мен әдебит, өнер, мәдени музыкалық мұраларын терең оқып үйренуге және болашақ даму жолын айқындауға міндетіміз. Қырғыз халқының даңқты мұрасы "Манас" батырлық эпосы дүние жүзілік мәдениеттің алтын қорына енген, адамзаттың ортақ қазынасы", деп атап өтті А. Алматов.

Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Ләззат Құсайынова "Манас" жырының маңыздылығына тоқталды. "Манас" қырғыз эпосы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының шедеврлерінің тізіміне енгізілген. Әлемдегі ең көлемді эпос ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Қырғыз мәдениеті тарихында ертегі-элиталық өнер, жоғары руханилықтың көрінісі болып табылады. Әңгімешілердің беделі жоғары: олар халықтың қасиеттісі – "Манаспен" байланыста болды.  Сондықтан бүгін бізге құрметті манасшыларды  тыңдауға мүмкіндік беріліп отыр", деді Л.Құсайынова.

Конференция халықаралық деңгейде Қазақстан мен ТМД елдерінің ғылыми мекемелерінің ғалымдарының қатысуымен ұйымдастырылды. Онлайн-конференцияға қатысу үшін қырғызстандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білім беру саласының өкілдері шақырылды.

Конференцияға қатысқан Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президенті  Т. Тургуналиев, Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының вице-президенті Т.Кененсариев, манасшы, "Саякбай манасчы» қорының президенті Р.Исаков, ақын, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Б.Әлімжанов, Еуразиялық Шығармашылық Гильдияның вице-төрағасы М. Ахмеджанов, Қырғызстанның халық жазушысы С.Раев,  манастанушы, А.Жуматурду, фольклор-этнографшы С.Кайыпов, тарихшы Т.Чоротегин және «Қырғызстан-Астана» ЭМБ төрағасы Ш.Исмаилов түркі халықтарының ортақ мақтанышы туралы сөз етті.

Халықаралық онлайн-конференцияның екінші бөлімінде Еуразиялық Шығармашылық Гильдия мүшесі Б. Әлімжановтың "Сказ столетнего степняка" кітабының тұсаукесері өтті.