Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2020

Алқап жұмыстары еңсеріліп қалды

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, диқандар егіс алқабының 62 пайызын жинап алған. Биылғы орақ орташа есеппен әр гектардан 9,6 центнер түсім беруде.

Алқап жұмыстары еңсеріліп қалды

Облыстың оңтүстік аудан­дарындағы бірқатар шағын шаруашылықтар азын-аулақ астығын шашаусыз жинап та алған. Ал іргелі ірі шаруашы­лықтар дәнді дақылдың басым бөлігін еңсеріп, енді майлы дақылға орақ салды.

Арқалық қаласына қарасты 17 ауылдың диқандары биыл жалпы аумағы 270 мың гектар алқапқа бидай егіпті. Диқандар бүгінде орақ науқанын еңсеріп те қалған. Егін шығымы жаман емес, орта есеппен гектарына 7-8 центнерден келеді. Табиғаты қуаң Торғай өңірі үшін бұл жақсы көрсеткіш, дейді арқалықтық диқандар.

Ал облыстың солтүстік аудандарында тамыз айындағы аптап ыстық бидайдың сапасын біршама төмендетіп жіберген. Соған қарамастан, бидай шы­ғымы былтырғыдан жоғары. Таяу­да облыс әкімі Архимед Мұ­­хамбетов алқаптарды аралап, жиын-терін барысын аңдап көрді.

– Ең бастысы – бар мүмкін­дікті пайдаланып, жер ырысын шашаусыз жинап алу керек. Жанар-жағармай жеткілікті, баға тұрақты сақталады. Техника паркі де сайлы. Күн сайын мониторинг жүргізіп отырмыз. Ал­қаптардың 60 пайыздан астамы орылды. Енді екі аптадай күн ашық тұрса, бидайды толық жинап алуға мүмкіндік бар, – деді аймақ басшысы.

Облыстың оңтүстік өңір­леріндегі бірқатар шағын ша­руа­шылықтар орақ науқанын аяқтап та қалған. «Биыл жер ырыздығы мол, жанармай қоры да жеткілікті. Соңғы бір-екі жыл бойы өнім ала алмай келіп едік. Осы жылы қордаланып қалған біраз қарызымызды жауып, тіпті пайда түсіруден де үміттеніп отырмыз, – дейді олар.

 

Қостанай облысы