Қоғам • 10 Қыркүйек, 2020

Демалыс күндері локдаун сақталады

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күз басталғалы Италия, Аустрия, Испания, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия сияқты елдерде коронавирус жұқтырғандардың саны қайта көбейе бастады. Біздің елде де індеттің жаңа толқыны басталуы мүмкін екені айтылып келеді. Сондықтан да халықтың шектеу шараларын қатаң түрде сақтауы өте маңызды.

Демалыс күндері локдаун сақталады

Кеше Үкімет отырысында еліміздегі эпидемиялық жағ­дай туралы баяндаған Денсаулық сақ­тау министрі Алексей Цой дем­алыс күндері локдаун сақта­ла­тынын жеткізді. «Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы күресте қоғамның рөлі өте маңызды. Алдын алу шаралары қаншалықты сақталса жағдай соншалықты жеңіл болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшылары әр ел үкіметі белсенді басшылық ету жауапкершілігін алып, ал халық шектеу шараларын сақтауы, мас­ка тағып, бұқаралық шараларға бармауы тиіс екенін айтады», деді А.Цой.

Күз тұмау мен ЖРВИ-дің өр­ши­тін мезгілі. Осы кезде коро­на­вирустың жаңа толқыны қайта басталуы мүмкін деген де болжам жоқ емес. Министрдің айтуынша, ауруханалардағы төсектік орындардың санын 54 178-ге дейін жеткізу көз­дел­ген. Жансақтау бөліміндегі төсектік орындардың санын да 2981-ге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ А.Цой инфекциялық және провизорлық стационар­ларда өкпені жасанды желде­ту­дің 3379 аппараты бар екенін, бұ­ған қосымша тағы 2619 аппа­рат сатылып алынғалы жатқа­нын жеткізді.

«Жедел жәрдем қызметі тура­лы айтар болсақ, биыл отан­дық өндірістегі 1167 сани­та­рлық автокөлікті сатып алу көзделіп отыр. Олардың бәрі де осы жылдың қараша айы­на дейін ауруханаларға жет­кі­зіледі. Президенттің тапсыр­масы бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шұғыл шара қабылданды. Біріншіден, пан­демия басталғалы бері өңір­лер құны 14 млрд теңгеге дәрі-дәр­мектің 91 түріне өтінім жіберді. 2020 жылдың 22 шілдесінде бүкіл елдегі инфекциялық және провизорлық стационарлардағы дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Бірыңғай дистрибьютор қазіргі уақытта сұранысқа ие дәрі-дәрмектің құны 8,2 млрд теңгелік 44 түрін сатып алып жатыр. Бұл мөлшер стационарлардағы 60 мың науқасты емдеуге жетеді. Бұл бағыттағы шара дәрі-дәрмек резервін қалыптастыруға мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар ам­бу­ла­ториялық деңгейдегі дәрі-дәр­мектің тізімі кеңей­тілді», деді ол.

Бірыңғай дистрибьютор тұмауға қарсы 2 199 990 вакци­на сатып алғанын айтқан ведомство басшысы бұл мөлшер жалпы халықтың 11 пайызын қамтитынын, екпе жұмыстары жүрек қан тамырлары мен тыныс алу жолдарында созылмалы аурулары бар адамдарға, жиі ауыратын балаларға, білім беру ұйымдарындағы балаларға, ата-анасының қарауынсыз қал­ған балаларға, медициналық қызметкерлерге салынатынын атап өтті. Бұған қоса ПТР тесттен өтудің тәуліктік мөлшерін жыл соңына дейін 63 мыңға жеткізу жоспарланған.

Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирустық инфекциядан 4810 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың 35-і бала. Стационарларда 2680 нау­қас жатыр. 2130 адам амбу­ла­ториялық жағдайда емделуде. Жалпы, науқастардың арасында 136 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 16 науқастың ахуа­лы аса ауыр деп бағалануда. 23 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар