31 Қазан, 2013

Он бес жылдан соң табылған әйелдің тағдыры не болды?

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

31-10-13-lazzat bisekanova-1

Біз осыдан екі күн бұрын Шығыс Қазақстан облысында 15 жыл жоғалып кетіп, «өлдіге» саналған әйелдің отбасына оралғаны туралы жазғанбыз. Бұл туралы Өскеменнің yk.kz сайты хабарлады.

Сөз болып отырған Ләззат Бейсеқанова (суретте) 1999 жылы отбасын асырайтын табыс табу үшін өзі тұратын Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылынан Алматыға аттанады. Үйде үш баласы мен күйеуі қалады. Бірақ оңтүстік астанаға барған бойында көліктің астына түсіп қалып, ауруханаға жатып шығады. Осыдан бастап әйел жадынан айрылып, өзінің кім екенін және қайдан келгенін есіне түсіре алмайды. Кеселханадан осындай қалыпта шыққан оны сонда санитар болып жұмыс жасайтын әйел алып кетіп, үйіне паналатады. Үй иесіне алғысы ретінде Ләззат сосын оның баспанасын жөндеп береді. Мұның жасаған жұмысын ұнатқан санитар әйел кейін құрбысына тапсырыс бергізеді. Осылайша Ләззат табыс табудың бір көзіне ие болады. Кейінірек тіпті пәтер жалдап тұруға да шамасы жетеді.

Бірақ осы жылдардың бәрінде оған өзінің қайдан келгенін, туыстары кімдер екенін білуге деген құштарлық маза бермейді. Ақырында сол оймен ол жергілікті бір балгер әйелге жолығады. Ал көріпкел: «Сен өзіңнің күнде барып жүрген жеріңе бара бер. Іздегеніңді сол жерден табасың», - дейді. Айтқанындай,

Арада бірнеше күн өткенде, өзі күнде азық-түлік өнімдерін алып жүрген дүкенге барғанында, қарсы алдынан Тұғылда көрші тұрған таныс әйелі кездесе кетеді. Ләззатты тірі көргеніне есі шығып кеткен әйел сол бойда Тұғылға қоңырау шалады..

Бұдан арғысы белгілі. Өткен сенбі күні туған-туыстары Ләззатты стансада күтіп алды. Жадынан айрылған әйелдің бірінші танығаны өзінің туған сіңлісі болыпты. Ал он бес жылда елде көп нәрсе өзгеріпті. Жалғыз ұлы қайтыс болып кетіпті. Үлкен қызы тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атаныпты. Анасы кеткенде 4 жаста болған кіші қызы Қымбат үшінші курстың студенті екен. Күйеуі содан бері үйленбепті.

Қазір Ләззаттың өзін дәрігерлік тексеруден өткізіп алу керек. Емделіп болғасын үйіне жіберіледі.

Мұрат Айтқожа.