Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2020

Несиеге өтінімді онлайн форматта беруге болады

531 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ мынадай мәтінде хабарландыру таратты: "Бүгінгі таңда біздің қор ауыл тұрғындарына несиеге өтінімді онлайн форматта беру мүмкіндігін ұсынып отыр. Соған сәйкес "Еңбек" бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға несие алуды жоспарлап отырған шалғайдағы ауыл тұрғындары өздерінің жеке компьютеріне өтінім жіберіп, электрондық несие комитетінің мақұлдауын ала алады. Бұл жүйе әзірге Ақмола мен Алматы облысының кәсіпкерлері үшін тестік режимде іске қосылды. Алдағы уақытта осы механизмді басқа облыстарға да еңгізуді көздеп отырмыз", деп хабарлайды Egemen.kz.   

Несиеге өтінімді онлайн форматта беруге болады

Кеше Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арнайы пресс-тур ұйымдастырып, бір топ журналисті Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылына апарды. Несиеге онлайын өтінім берген алғашқы шаруалардың бірі Аймұхан Анапия есімді азамат дәл сол елді мекенде тұрады. Жасы отыздың бел ортасынан асқан Аймұхан осыған дейін бірқатар кәсіптің тұтқасын ұстап көрген екен. Соңғы уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс компанияларының бірінде қатардағы қарапайым жұмыскер ретінде өз нәпақасын тауып жүрді. 2011 жылы шаңырақ көтеріп, отбасылы болды. Бүгінде жұбайы Гүлжаз екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Алдыңғы екеуі мектепте, кенжелері енді ғана жеті айға толды.

"Осындай бағдарламаның барын білген бетте Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына өтініш жаздым. Олар барлық құжаттарымды тексеріп, істің мән-жайына толықтай қаныққаннан кейін төменгі пайызбен 1,2 миллион теңге мөлшерінде несие берді. Оған біраз қой сатып алып, "Тәуекел!" дедім де, өз "тірлігімді" бастап кеттім. Бір жарым жыл көлемінде несиені толықтай қайтарып, екінші қайтара қаржы сұрадым. Бұл өтінішім де мақұлданып, 2,3 миллион теңгеге қолым жетті. Оған да мал алдым. Аллаға шүкір, адал еңбегім еш кеткен жоқ. Соның арқасында мал басы жылдань жылға артып келеді. Бастапқыда 60 қойым болса, айналдырған 3,5 жыл ішінде мал басы 200-ге жетті. Қарызым да, ешкімге берешегім де жоқ. Қазіргі кезде айтулы қор тағы бір тың бағдарламаны қолға алып, біз секілді ауылды жерлерде тұратын шаруаларды бір қуантып тастады. Мәселен, бұған дейін несиені рәсімдеу үшін 10-13 құжат жиып, біраз мекемелердің табалдырығын тоздырғанымыз рас. Оған екі аптадан аса уақыт кететін. Ал жаңа бағдарлама бойынша ЭЦҚ кілті (электронды цифрлық қолтаңба), жеке куәлік және кепілдікке қоятын мүлкің болса жеткілікті. Ең бастысы, бұл істі ешқайда шапқыламай, үйде отырып-ақ тындыруға болады. Жеке өз басым, осыдан бірер сағат бұрын ғана 4 миллион теңге несие алу үшін онлайын өтінім берген едім, бас-аяғы 15 минут ішінде "мақұлданды" деген хабарлама келді. Енді бес күннің ішінде қажетті қаражат қолыма тиеді. Өз ісін енді бастап жатқан біз секілді шаруаларға осындай қолдау мен қамқорлық көрсетіп отырған Үкіметке және осы сала басшылары мен мамандарына алғысым шексіз", дейді Аймұхан Анапия.  

Расында да бұл бастама көпшіліктің көңілінен шықты. Ағымдағы айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты халыққа Жолдауында "Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады" деп атап өткен болатын. Бұл – ақиқат! Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын ауыл тұрғындарын барынша қолдау қажет. Әсіресе, "кәсіп бастаймын" деп құлшынып тұрған азаматтардың шағын несиеге жылдам қол жеткізуін қамтымасыз ету өте маңызды. 

7

"Осы орайда "Несиені алдын-ала онлайын мақұлдауға өтініш беру үшін не істеу керек?" деген сауалдың туындауы заңды. Оған айтар жауабымыз мынадай: "Егер сіз Ақмола немесе Алматы облысының тұрғыны болсаңыз және мал шаруашылығын дамытуға қаржы алғыңыз келсе, www.online.fagri.kz порталына кіріңіз және келісімге қол қойыңыз. "Жаңа өтінім жасау" батырмасын басып, өтінімді жеке кабинет арқылы жіберіңіз. Жүйе мемлекеттік дерекқордан ақпарат сұрату арқылы азаматтың несие алу мүмкіндігі мен сенімділігін тексереді. Оң нәтиже болған жағдайда "жалғастыру" батырмасы іске қосылады. "Кепілдікті қамтамасыз ету" бөлімінде кепілге қоюды жоспарлаған мүлікке қатысты деректерді енгізіңіз. Жүйе мүліктің нарықтық құнын есептейді. Ұсынылған кепілдік мүлкі жеткілікті болған жағдайда жүйе кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі құжаттармен облыстық филиалға жүгіну мүмкіндігі туралы хабарламаны көрсетеді", дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Несиелеу департаменті директорының орынбасары Армат Байзақов.