Медицина • 11 Қыркүйек, 2020

Наркозсыз нейрохирургия

550 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық нейрохирургия орталығында ояу жатқан науқастың миына наркоз салмай операция жасалды.

Наркозсыз нейрохирургия

Алматы облысының тұрғыны Еркінбек Башкеевті биыл наурыз айынан бастап бас айналу мен бас ауруы мазалай бастады. Бұл ми ісігінің алғашқы белгілері-тін. Бірақ Еркінбек гемоглобинінің әшейінде де түсіп кететініне ба­­лап, оған онша мән бермей жү­ре береді. Алайда біршама уа­қыт өткен соң, ол есінен танып қалады. Осыдан кейін үміт пен күдік астасқан талай зерттеулер жасалып, қорытынды диаг­ноз да қойылды. Оңай емес, МРТ зерт­теуі маңдайдың сол жақ конвек­ситальды бөлімінде ісіну барлығын, атап айтқанда оң жақ желке мен сол жақ самай бө­лігінде 2 ұсақ ұқсас ісік ошақтары бар миішілік ісік белгілерін көр­сетті.

«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, ол осы кезде коронави­рустық пневмониямен де ауырып шықты. Көрер жарық пен татар дәмнің таусылмайтын ишаратын осыдан да аңдауға болар, дегенмен ісіктің аты ісік. Күпті көңілден бір сәт кетпейтін уайым орнығып қалғандай.

Ұлттық нейрохирургия орта­лығында өткен консилиумда Еркінбектің ауру тарихы медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттарының қатысуымен әбден талқыланды. Консилиум пациенттің шағым­дарын, аурудың анамнезін жә­не пациенттің нейростатусын, сондай-ақ сол жақ париеталь­ды маңдайда орналасқан ісіктің мөлшерін және оның мотор ай­мағына жақындығына мән берді. Екі ай бұрынғы коронавирустық пнев­мония ескеріліп, S8-сегмент­тің сегменттік ателектазымен асқынған, некроз белгілері бар оң жақ өкпенің C-r ілеспе ауру­лары назарға алынды. Ал бұл факторлар өкпені жасанды жел­дету аппаратын пайдалану кезінде ісіктен қан кетудің үлкен қаупін көрсететін. Не амал бар? Консилиум пациентті операцияға аса ыждаһаттылықпен дайындап, мұның ішінде медициналық көрсетілімдермен қатар психоло­гиялық даярлық та бар, операцияны ауруды наркозбен ұйықтатып тастамай, ояу күйінде жасау керек, бастың ісігі бар жеріндегі және тамырішілік анестезиямен төбе аймағындағы ісікті алып тастау операциясын жасау қажет деген ұйғарым шығарды.

Орталық жүйке жүйесінің патоло­гиясы бөлімшесінің меңге­ру­шісі, профессор Нұржан Рыс­келдиевтің айтуынша, науқастың есін сақтай отырып жасалатын мұндай операцияларға дәрігерлер жиі бара бермейді, бірақ жыл сайын тек қана медициналық көрсеткіштер бойынша және мұқият дайындықтан кейін, басқа жолдар тиімсіз саналғанда осындай қадамдар жасалады екен. Әр түрлі мамандықтағы клиниканың көптеген дәрігерлері қосылып, қажеттік туғанда мұндай операция жасау практикада бар. Бірақ күнде атқарылатын шаруа емес. Өйткені бұл – қарапайым емес, нейрохирургтен зергерлік дәл­дікке қоса, операция бары­сында анестезиологтардың, ней­рофизиологтардың жоғары кәсі­билігін қажетсінетін үйлесім­ділік пен үндестікті талап ететін өте жауапты дүние.

Операция жүріп жатыр. Ер­кін­бектің санасы, бар ойы дәрі­герлер қимылында. Олар да па­циентпен сөйлесіп, сұрақтар қойып, мотор функциясының сақталуын қадағалауда. Аурумен арпалысқан шешуші кезеңдер. Мидағы ісікті алып тастау жүріп жатыр. Еркінбек болса сөйлеп, дәрігер сұрағына жауап беруде. Бұл – Еркінбектің бойға жабысқан дертті сылып алып тастап жатқан дәрігерлерге өзінше көмектесуі. Операцияға дайындық барысында дәрігерлер «сіздің ішкі ұстанымыңыз, ауруды жеңуге деген ерік күшіңіз бізге көмекке келеді» дегенді есте ұстағаны. Сұрақтарға жауап берген соң, операцияның қозғалыс функцияларына әсері қаншалықты екенін анықтағысы келген нейрохирург қол- аяғын қозғалтуды сұрады. Айтқандарын істеді, ми барлығын басқарып тұр. Өзі де қуанып қалды. Қанша де­генмен бастың ішіне, миды ұңғып операция жасау деген оңай ма? Қорқынышы сейілді. Дә­рігерлердің жанын алып қа­ла­тынына, Жаратқаннан кетуге бұйрықтың келмегенін, үйіне барып, бала-шағасымен қауышатынын ойлады.

 Сол жақ төбе аймағындағы краниотомия операциясы – ісік­тің микрохирургиялық жолмен толық жойылуы шамамен екі сағатқа созылды. Бір-бірін айқын ұғынған кәсіби шеберліктері жоғары мамандар шоғыры операцияны сәтті өткізді. Науқас қазір өзін жақсы сезінеді және клиникадан үйіне шығуға дайын­далу үстінде.

«Мен үшін бәрі сәтті болға­нына өте қуаныштымын, осын­дай күрделі операцияға қара­мастан, дәрігерлер ісікті толы­ғымен алып тастады. Мен өз саласының мық­ты майталман мамандары жұмыс істейтін осы клиникаға кел­геніме қуанамын. Менің туыс­тарым «Операция кезінде қор­қып кеттің бе?» деп сұрайды. Бірақ іс жүзінде менде қобалжу, қорқыныш болған жоқ, керісінше жоғары кәсіп иелерінің қолында екеніме және маған осында көмек көр­сетілетіндігіне сенімді болдым. Үйде мені сүйікті отбасым, әйе­лім және төрт балам күтуде. Ней­рохирургия орталығының дәрігерлері мен қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін!» дейді Еркінбек Башкеев.

Операцияны Ұлттық орта­лық­тың үздік мамандары жаса­ды. Атап айтқанда Орталық жүй­ке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰҒО» АҚ профессоры Нұржан Рыс­келдиев, «ҰҒО» АҚ профессоры Айдос Досқалиев, нейрохирург дәрігер Нұрзат Сығай, біліктілігі жоғары санатты анес­тезиолог-реаниматолог дәрігер Раушан Тоқшекенова, біліктілігі жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Наталья Зудилина асқан шеберліктерін танытты.