Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
Өмірдің мәнін, мағынасын, достық пен жолдастықтың ара қатынасын, нанның, ақшаның қадірін түсініп қалған, білімге талпынған қыз-жігіттер болатынбыз. Күні кеше бірі падашы, бірі қойшы, бірі шахтер, бірі монтер, бірі моряк, бірі солдат, бірі сауыншы, бірі диқан, бірі дүкенші, бірі шофер, бірі тракторист, бірі комсомол қызметкері, бірі құрылысшы боп әр салада жұмыс атқарып келген 50 бала тұңғыш рет 1 қыркүйекте үлкен аудиторияда бас қостық. «Аудитория» деген сөзді бірінші рет осында келгенде естігендер де бар. Біз үшін бәрі таңсық, бәрі жұмбақ, бәрі ғажап, бәрі сесті. Университет мұғалімдерін көре бастадық. Мырзатай Жолдасбеков, Ханғали Сүйіншәлиев, Темірғали Нұртазин, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Орынбасар Төлегенов...
Академик дегенді (Ісмет Кеңесбаев) естуіміз болмаса көрмегенбіз. Аудиторияға академик кіріп келгенде бәріміз таңғажайып құбылыс көргендей орындарымыздан атып тұрып, жансыз адамдай қаттық та қалдық. Сөйтсек, оның да екі қол, екі аяғы бар, бізге ұқсаған дене мүшелері де түгел, кәдімгі адам екен. Тіпті «Сәләматсыздар ма?» деп қазақ тілінде сөйлей де алатын боп шықты.
Ол сөйлеп кетті. Сәлден соң барып: «Неге түрегеп тұрсыңдар! Отырыңдар!» – дегенше түрегеп тұра беріппіз.
Бірі шофер, бірі монтер, бірі падашы, бірі сауыншы боп келген 50 қыз-жігіт сатырлап отыра кеттік те, академиктің аузына үңілдік.
Студенттік өміріміз осылай басталып еді-ау!
Бір-бірімізбен таныса бастадық. «Не зат», «құйттай», «мен қасқа» деп сөйлейтін, әдемі дегенді «әйбәт» дейтін, «тұра тұрчаңчы, чай ічіп болайын», «ой, сабаз!», «пысқан діңке» (піскен қауын), «жүдә жақсы болды» деп сөйлейтін әртүрлі тақылеттегі жастардың жаппай танысу процесі басталып кетті. Құданың құдіреті, адамдар достықты таңдамайды екен, «достық» дегеннің өзі адамдарды іріктеп, сыпайы достық, көңіл достық, шын достық деген ұғымдар да бірте-бірте анықтала бастайды екен.
Басқалармен де араластық, бірақ өзгелерден гөрі шағын топ көбірек бірге жүре бастадық. Олар: бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысы, Тайсойған ауданынан келген, бізден бес жас үлкен, ақын ретінде аты шыға бастаған Марат Отарәлиев, маңғыстаулық Лебен Сәдуақасов, шымкенттік Төлен Әбдіқаниев (шашы қою болған соң жалды Төлен деп атап кеткенбіз), Ақмұратов Төлен (шашы сұйықтау болған соң жалсыз Төлен деп кеткенбіз), Жамбыл облысының «Өскен өркен» ауылынан Әділ Дүйсенбеков, Елен Әлімжанов, Марат Отарәлиев ауылда 5 жыл әртүрлі жұмыс істеп келіп оқуға түскен, ал жалды Төлен болса Ащысай кен орнында 7 жыл шахтер боп істеген. Жалсыз Төлен екі жыл мектепте еңбек етіпті, Әділ Дүйсенбеков «Өскен өркен» колхозының кеңсесінде жұмыс атқарған, мен болсам монтермін.
Жас жағынан да, кәсіп жағынан да, мінез жағынан да әрқилы осындай студенттер университеттегі оқу басталған күннен бастап, бітіріп шыққанша жұбымыз жазылмады. Бізді біріктірген не еді? Уақыт биігінен қарап тұрсам, бізді біріктірген күш – бір-бірімізге деген адалдық екен. Сонан соң – юмор. Бір-біріміздің кемшілігімізді көре қалсақ оны әзілге айналдыру, білместікке кешіріммен қарай білу, бар кезде де, жоқ кезде де қалпыңнан өзгермеу, қажет кезінде бір-бірінің қасынан табылу.
Сондай достардың бірі – Сен едің, Әділ! «Құдай ажыратпаса адам ажыратпас дос» деген рас болса, біз дәл солай өмір сүріп, екеумізді Құдай ажыратқанша арамыздан қыл өтпеді. Тәуелсіздік алған соң «Егемен Қазақстан» газеті жаңа астана – Ақмола қаласына ауысты да, сен де өзің қызмет істеп жүрген ұжымыңмен бірге жаңа жерге қоныс аудардың.
Арамыз алыстады, көңіліміз алыстаған жоқ, сен суық жаққа кеттің, көңіліміз суыған жоқ, Оңтүстік астана мен Солтүстік астананың арасы мың шақырымнан астам, жүрегіміз адасқан жоқ. Астанаға келген сайын сағынышымызды саябырсытып, құшақтасып жатқанымыз. Бірге отырғанда не туралы сөйлеуші ек? Әрине, жастық шақ, студенттік кез, І курста мақта теруге апарған кездегі қызық оқиғалар, жыл сайын астық жинауға тың облысына апарған кездегі бастан кешкен қызықтарымыз... Орыс механизаторларымен ерегіс. Төбелес. Бокс секциясына қатысып жүрген ақын Жұматай Жақыпбаевтың өзінен екі еседей ұзын, еңгезердей комбайнерді бір-ақ ұрып серейтіп салғаны, Өскен (31 жаста) мен Ескен Елубаевтың асханада орыс механизаторларымен борщ тасып жүргенде төбелесіп, Өскеннің аласа бойлы, шегір көз, мығым жігіттің төбесінен ыстық борщты сау еткізіп төге салғаны, оның әрі қарай ештеңеге шамасы келмей далаға «мамалап» тұра қашқаны, сол екі арада ұзын бойлы ақынымыз Ескен Елубаевтың екі трактористі екі ұрып, қолындағы борщтарымен сілейтіп салғаны... Таяқ жеген тың игерушілер жиналып, жатқан жерімізге келіп, үлкен майдан – «Күлік шайқасын» ашар деп, түнімен ұйықтамай, жігіттермен қатар қыздарымыз да қорғануға дайын боп отырғандары... Жергілікті қазақтардың риза болғандары... «Басынып бара жатыр еді, жүндері жығылып, жуасып қалыпты» деп көңілдерінің көтеріліп қалғанын айтып қуанулары...
Осыларды еске түсірсек – бәрі ертегі сияқты.
Мақта теруге барған кезіміздегі бір Марат Отарәлиевтің өзі тұнып тұрған анекдот еді ғой. Бригадир әрқайсымызға екі жүйектен береді. Аппақ боп ашылып тұрған мақтаны теріп, аяғына шейін шығуың керек. Марат болса мақтаның терілгеніне қарамай, әңгімесін соғып, біздің қатарымыздан қалмай келе жатады. Ал артындағы мақта сол күйінше аппақ боп самаладай сайрап тұр. Мұғалім Мырзатай Серғалиев:
– Отарәлиев! Бері қайт! Өзің зулап барасың, ал мына мақталарың сол күйі аппақ болып қалып жатыр! – дейді зекіп. Марат болса аспай-саспай:
– Ағай мен теріп кеткем. Мен кеткен соң ашылып қалған болар! – деп жауап береді ғой.
Марат кешке қарай әбден шаршап, қара торы жүзі мен кірпігіне шаң қонып, ерні кезеріп, жұрттың ең соңында келе жатады. Мырзатай Серғалиев оның иығына қолын салып:
– Хал қалай Марат? – десе, сөйлеуге шамасы әрең келіп, ілбіп келе жатқан Марат «...Керемет» деп жауап береді. Ал жұмысқа барарда ол тағы да жұрттың ең соңында амалсыз ілбіп келе жатқанын көрген Мырзатай аға:
– Марат, осы сен неге ылғи жұрттың соңында жүресің? – дегенде, ол:
– Көп адам жолға шыққанда әйтеуір біреу соңында келе жату керек қой, – деп қиналмай жауап бере салушы еді.
Айта берсең мұндай сәттер бітпейтін эпопеядай көрінеді.
Үшінші курста сен әскерге кеттің. Бір топ студент боп шығарып салдық.
Үзбей хат жазысып тұрдық.
Сен әуе десанты батальонында әскери борышыңды 1967 жылы бітіріп келдің де, оқуыңды жалғастырдың. Біз болсақ 1966-жылы университетті бітіріп, әр қайсымыз әр салада қызмет істей бастадық. Көпшілігі туған өңірлеріне кетті. Алматыда қалғанымыз санаулы ғана. Ескен Елубаев, диктор Сауық Жақанова, Бауыржан Жалмиев, Әміролла Сариев, Сабыр Өтепбергенов және мен.
Біздің достық қарым-қатынасымыз қайта жалғасты. Сен келгенше мен 1966 жылы 5-курста жүргенде «Бекет» атты тұңғыш кітабымды шығарып, үйленіп те қойған едім. Кітапты, үйлену тойына деген шақыру билетті саған салып жіберген болатынмын. Кітапты оқып қуанып, үйлену тойында бола алмайтыныңа қатты өкініп хат жазғаның әлі есімде.
Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезіңде сен еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне қызметке тұрдың. Республиканың маңдай алды беделді басылымында студент кезден-ақ қызмет істеу екінің бірінің маңдайына жазылмаған еді. Сол газетте жүріп, Гиннестің рекордтық кітабына енетіндей ұзақ уақыт қызмет атқардың. Еңбек кітапшаңда екі-ақ жол жазу тұрды: «Қабылданды», «Зейнетке шығуына байланысты қызметінен босатылды» деген. Осы екі жолдың арасында сенің бүкіл ғұмырың жатыр еді. Осы екі жолдың арасында сен елімізге әйгілі журналист атандың, осы екі жолдың арасында сен бөлімнің кіші қызметкерінен бөлім меңгерушілігіне, редколлегия мүшелігіне дейін адал еңбегіңмен жеттің. Ешкімге жарамсақтанбадың, лауазым иелеріне жалтақтап жақындамадың, тура да таза жолмен жүрдің.
Осы екі жолдың арасында сен жазушы ретінде де исі қазаққа танымал қаламгер атандың. Өзге жазушылар сияқты әр кітабың шыққан сайын оны қалың жұртқа жарнамалап, тұсаукесер өткізіп, дабыра қылуды қажет етпедің. Бұл да сенің ежелден қалыптасқан ішкі мәдениеттілігің мен сыпайылығың, қанағатшылдығың мен дабыра сүймес қарапайымдылығыңнан еді.
Сен оннан астам кітаптың авторы болдың. Ол кітаптарың жайлы аспандатып мадақтаған мақалалар ағыл-тегіл жарияланып жатпаса да, әдеби ортаның назарынан тыс қалмай, сыншылар мен замандас журналистеріңнің жылы лебіздерінен құр алақан қалған жоқ. Әсіресе «Менің Шерағам» деген Шерхан Мұртаза жайлы жазған публицистикалық эссең көпшілік назарына бірден ілігіп, дуалы ауыздардың ыстық лебізіне ие болды. Ол көп ұзамай орыс тіліне де аударылып, «Простор» журналында жарияланды. Уақыт пен күш-жігерді жеп қоятын журналистік қызметпен қатарластыра жүріп талай кітаптың авторы болдың. Оқырман қауымның есіне салу үшін оларды атап өтсем артық болмас. «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ», «Қара шаңырақ», «Шерағаңның шеруі», «Менің Шерағам», т.б. Бұл кітаптар сені «Қазақтың белгілі жазушысы» боп қалыптасуыңа, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі боп танылуыңа мол әсер етті. Еңбектеріңнің бәрі мемлекет тарапынан еленбей қалған жоқ. 1987 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдың.
«Егемен Қазақстан» газетінен зейнетке шыққан соң, да еліңе қызмет етуіңді тоқтатқан жоқсың. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінде редактор боп қызмет атқардың.
Қайдан білейік, бұл сенің соңғы қызмет орның екен. Соңғы кездескенімізде денсаулығың да, көңіл күйің де жақсы еді. Кездесу құрметіне бір-екі рюмканы ойланбастан тартып жібере де салушы едің.
Сен тұңғыш перзентің, полковник Айдарыңның табан астында жүрекке жасаған операция үстінде қайтыс болғанын көтере алмадың. Орны толмас қайғы ішіңе күйік боп түсті. Сол күйік сені іштей мүжіп тынды. Дариғаның айтуы бойынша, сен еш жерің ауырмаса да тамақ ішпей, «Айдар жалғыз жатыр» деп айта беріпсің.
Ақыры қасына барып тыныш таптың.
Сен екеуіңді қатар жерлейміз деген кімнің ойына кіріп-шығыпты.
Көктөбенің бауырында, Көктөбеге апарар аспалы жолдың астындағы жеке пәтер жалдап тұрып жатқанымызда екеуміз де ұлды болып едік. Алдымен менің ұлым – Естияр, сонан соң сенің ұлың Айдар дүниеге келіп еді. Екеуі де тел өсті. Онан соң менің егіз қызым – Айман, Шолпан дүниеге келді. Екеуінің де атын сен қойып едің. Айдардан соң сендердің от басыларыңа екі қыз кеп қосылды. Оның атын Елигай, Жазира деп мен қойып едім. Әр мереке, әр демалыс сайын бір-бірімізсіз ас батпаушы едік. Екі-үш күнге бір жаққа кете қалсақ, балаларымызды бір-бірімізге тастап, алаңсыз жүре беруші едік.
Сол балаларымыз да өсті, жетілді, әр қайсысы өз өмір жолдарын тауып, алды елуден аса бастады.
Достарымыздың да қатары жыл сайын сиреп барады. Сағади ақын айтқандай, «Иных уже нет, а те далече». Сол «иных уже неттің» ішіне ойда жоқта сен де еніп кеттің.
Есіңде ме, 2016 жылы университетті бітіргенімізге 50 жыл толуына байланысты Алматыда кездесу өткізбек боп, газеттерге хабарландыру бергеніміз. Кездесудің ұйытқысы болғандықтан, хабарландырудың соңғы жолын былай аяқтап едім ғой: «Құрметті достар! Кім қайда жүрсе де келуге тырысыңдар. Қаражат жағын ойламаңыздар, бәрін өзім көтеремін, тек Алматыға жетсеңіздер болды. Бұл бәлкім біздердің соңғы кездесуіміз болуы мүмкін». Әр жерден жиылып, он шақты ғана адам келді. Бұрынғы біз оқыған ғимаратта, қазіргі Жүргенов атындағы Өнер академиясының залында бас қосып, оған ең алғашқы ұстазымыз – Мырзатай Жолдасбековті шақырып едік. Жеңгеміз екеуі келіп, бас қосуымыздың мәнін көтеріп тастап еді ғой. Бәріміз студенттер сияқты аудиторияда отырдық. Есімізде қалған баяғы студенттердің фамилияларын тізіп беріп, Мырзекеңнің қолына журнал ұстатып едік. Ол кісі де баяғы кезін сағынышпен еске алып, журнал бойынша фамилияларды жеке-жеке атап тексеріп өтіп, жастық шағы есіне түсіп, өзі де толқып кетіп еді ғой.
Емтихан тапсырған боп, әр «студенттің» алдына бір-бір сұрақ қойдық. Әрине, бүгінгі өмірге байланысты өзекті сұрақтар. Басқа курстан лекция тыңдамақ боп, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиевтар рұқсат сұрап кіріп, олар да «емтихан тапсырып еді».
«Сабақ» соңынан академияның ғылыми кеңес өтетін үлкен залында қонақасы ұйымдастырып едім. Сол қонақтардың қатарында университетті бізден кейін бітірсең де, Дариға екеуің ескі достар ретінде қатысып едіңдер. Сол кездесуге келгендер көп болмады. Ескен Елубаев, Сауық Жақанова, Әбзелхан Махамбекова, Төрехан Тасболатов, Асылтай Мұқажанов, Елен Әлімжанов.
Екі-үш күннен соң «Егемен Қазақстан» газеті осындай қызық кездесу жайлы «Елу жылдан соңғы емтихан» деген жарасымды мақала жариялап, көптің құлағын елең еткізіп еді.
Есіңде болса әр күнің, біздің өміріміз бітпейтін дастан секілді екен. Қазіргі жазғаным көлдің жағасында отырып бір шелек су алғаным сияқты ғана екен.
Бұрын да өткен өмірімізді сағынып еске алудан жалықпаушы едік. Арамыздан сен де кеттің Әділ! Сағынышымыз бен опынысымызды еселеп көбейтіп кеттің.
Енді олар азаймайтын шығар.
Дулат ИСАБЕКОВ