Әлем • 11 Қыркүйек, 2020

Жаһан күрт жылынып барады

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда БҰҰ зертеушілері әлемдегі ауа температурасы күрт ысып, жоспарланған межеге жақындап қалғанын айтып дабыл қақты. Ғалымдардың есептеуінше, ал­дағы онжылдықта жер-жаһан­ның жылынуы белгіленген мөлшерден асуы әбден мүмкін.

Жаһан күрт жылынып барады

БҰҰ Әлемдік метеорология ұйы­мының мәліметіне сүйенсек, жылыну осы қалпында сақтала берсе, алдағы бес жылда дүние жүзі температурасы 1,5 градусқа көтерілуі ықтимал. Бұл – 2015 жылы Париж келісімінде ай­тылған шектеуден әлдеқайда көп. Зерттеушілер мұндай үрдістің салдары қиынға соғатынын айтып отыр.

Ғалымдардың бұлайша дабыл қағуы бекер емес. Қазірдің өзінде жа­һандық жылынудың салдарын көріп келеміз. Мәселен, әлемнің көп бөлігінде бұрын-соңды болмаған ыстық ауа райы тіркеліп отыр. Оған қоса, экваторлық аймақтарда қар жауып, мәңгілік мұздардың мүжіліп бара жатқаны бұ­қаралық ақпарат құралдарында жиі жазылады.

Қазіргі таңда жер температурасы өткен ғасырға қарағанда 1 градусқа жылыған. Оған қоса, әр бес жыл сайын ауа райының ысынуы еселеніп отыр­ғаны тағы бар. Ғалымдардың жаңа есебіне сай, әлемдік температура 2050 жылға дейін 1,5 градусқа ысып кетуі ықтимал.

Ауа райының бұлай құбылуына адамзаттың тигізіп отырған зияны орасан. Зауыт, фабрикалар, көліктерден шыққан көмірқышқыл газының ауаға көптеп таралуы мұхит суына әсер етіп, мұздықтар еріп, теңіз маржандары азайып, онда мекендейтін жәндіктер жойылу үстінде.

Бұл аз болғандай, Антарктидада мұздықтар кесек-кесегімен опырылып жатыр. Қазіргі таңда ондағы мәңгілік мұздар үгітіліп, еріген су мұхитқа құйылып, теңіз деңгейі көтеріліп ке­леді. Ақ құрлықта жүр­гізген зерттеуде мәң­гілік мұз­дардың астын теңіз сулары үңгіп жатқаны анықталды. Ал 1980 жыл­дан бері Арктикада 2,5 млн шар­шы шақырым мұз жойылып кетті. Бұл шамамен Қазақстанның аумағына тең.

Теңіздің көтерілуі тікелей әсер етпесе де Қазақстан жаһандық жылынудан аз зардап шекпейді. Климаттың өзгеруі жөнінде сөз бола қалғанда еске әуелі Арал теңізі түседі. Бір кездері толқыны шалқып, айдынында аққу-қазы қалқыған ерке Арал бүгінде бүкіл сұлулығынан айырылып, бірнеше есе тартылып кетті. Рас, кейінгі уақытта теңізді қалпына келтіру жұмыстары жемісті жүзеге аса бастады. Алайда Аралдың өткен ғасырдың ортасындағы деңгейіне қайта жетуі неғайбыл.

Ерке Аралдың тағдыры қарт Каспийдің басына да түсуі мүмкін. Geophysical Research Letters журналына жарияланған зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, кейінгі 20 жылда теңіз булана бастаған. Мәселен, су деңгейі 1996 жылдан бастап жылына 7 сантиметрге азайып, 1,5 метрге төмен түскен.

Зерттеушілер мұның себебін Кас­пийдің беткі ауа температурасымен байланыстырып отыр. Яғни, ауа райы 1995 жылға қарағанда 1 градусқа жылынған. Алдағы уақытта жаһандық жылыну үдеген сайын қарт теңіздің деңгейі де түсе бермек.