Суреттерді түсірген Тілеубек Шаяхмет
Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау үшін жан-жақты жағдай жасалып жатқаны белгілі. Шыр етіп дүниеге келген сәбиге біржолғы жәрдемақы, күтіміне байланысты ай сайын жәрдемақы төленеді. Төлемнің көлемі бала санына қарай өсіп отырады.
Сондай-ақ алтын құрсақты аналар да белгілі мөлшерде жәрдемақы алып отыр. Шығыс Қазақстан облысында «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған 13 754 көпбалалы ана тұрады. Оларға ай сайын 17 780 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар әр балаға 4 АЕК (11 112 теңге) көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Облыс бойынша бұл жәрдемақыны 13 713 көпбалалы отбасы алады.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, кем дегенде бес бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жастан зейнеткерлікке шыға алады. Сонымен қатар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналар көлік құралдары мен жер салығын, баж салығын төлеуден босатылған. Жыл сайын 8 наурызға орай облыстық бюджет қаражатынан «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа иелеріне, бұрын «Батыр ана» атағын алған және бірінші, екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 5 АЕК көлемінде біржолғы төлем жүргізіледі.
Әсіресе қалалық жерде тұратын көпбалалы отбасылар үшін басты мәселе – баспана еді. Облыста тұрғын үймен қамтамасыз ету де рет-ретімен шешімін тауып келеді. Былтыр 523 көпбалалы отбасы тұрғын үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойласа, ағымдағы жылы 271 көпбалалы отбасы баспаналы болды.
Соның бірі – бес баланың анасы Гауһар Ермекова. Олар 2008 жылы отбасымен Өскеменге көшіп келіп, Согра шағын ауданы жақтағы саяжайға тұрақтаған.
– Жолдасым слесарь сантехник болып жұмыс істейді. Өзім Солнечное ауылындағы қарттар үйінде медбикемін. Он жылдан асты, Өскеменде тұрып жатырмыз. Балаларымызды оқытайық-тоқытайық деп ауылдан көшіп келіп саяжайда тұрдық. Қалай десек те, саяжайдың аты саяжай еді. Енді міне, кең сарайдай үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз, – дейді қуаныштан төбесі көкке жеткен Г.Ермекова.
Ол бірнеше жыл Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы арқылы пәтер кезегінде тұрған. Кезегі келіп, «Бақытты отбасымен» пәтер алу мүмкіндігі туғанда алғашқы жарнасы жоқ еді. Бағына орай облыс әкімі Даниал Ахметов қолдау көрсетіп, облы бюджетінен 1 млн теңге тұрғын үй сертификатын берді.
Гаухар мен Ержан төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыш қыздары Аида Семей мемлекеттік медициналық академиясында оқиды. Болашақта анестезиолог дәрігер болып шығады. Үлкен ұлы Ертемір – С.Аманжолов атындағы университеттің студенті. Екеуі де грантқа түскен. Сабақты жақсы оқығандары үшін алатын стипендиялары бар. Ерасыл болса, Назарбаев зияткерлік мектебінде, Нұрасыл Білім инновациялық лицейінде оқиды. Ал кенже ұлдары Нұралы – 3-сыныпта.
Мемлекеттік бағдарлама дәл осындай бақытты жыл соңына дейін тағы 766 көпбалалы отбасына сыйламақ.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді меншікке сатып алу кезінде ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру үшін бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мақсатында тұрғын үй сертификаттарын ұсына отырып, жеңілдік тетігі енгізілді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2020 жылы облыстық бюджеттен аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сертификаттарына 88 млн теңге бөлінді. Оның 50 млн теңгесі Өскеменге, 25 млн теңге – Семейге, 13 млн теңгесі Тарбағатай ауданына үлестірілді. Биылғы сертификаттар әлеуметтік осал топтардың үш санаты бойынша мүгедек балалары бар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес және көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз негізде берілді. Ал атаулы әлеуметтік көмек жыл басынан бері 9 709 отбасыға, оның ішінде 3 379 көпбалалы отбасына және 6 330 аз қамтылған отбасыға тағайындалды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар да жалғасуда. Биыл аталған бағдарлама бойынша 3 млрд теңге көлемінде 606 шағын несие берілді. Оның 378 млн теңгесі көпбалалы отбасыларға ұсынылған.
Бүгінде бағдарламаның игілігін көріп отырған өскемендік көпбалалы Арна Наурузова тігін шеберханасын ашқан.
2020 жылдың 8 айында 527 млн теңгеге 951 грант берілді, оның 37%-ы көпбалалы отбасылар үшін, 16%-ы аз қамтылған отбасылар үшін берілген.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында облыс әкімінің өкімімен өңірдің қалалары мен аудандарында қоғамдық комиссиялар құрылып, тиісті жұмыстарды атқарып отыр. Олар жергілікті жердегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін үнемі назарларында ұстап отырады. Ал мемлекеттің, жергілікті басшылардың көпбалалы анаға, бауыр ет балаға жасалып жатқан қамқорлығы жалғаса бермек.
Шығыс Қазақстан облысы