Жолдауда Президент мемлекеттік басқару, экономикалық даму, қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
Өзім ірі өнеркәсіптік кәсіпорынды басқарып отырғандықтан, маңызды құжаттағы еліміздің жаңа экономикалық дамуын ілгерілету жөніндегі міндеттерге ерекше назар
аудардым. Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан қазіргі ахуал халықаралық экономиканы толығымен өзгерткенін атап өтті. Осы орайда Президенттің «экономика халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеуі керек» деген ойы маңызды деп ойлаймын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа экономикалық курстың жеті негізгі бағытын жариялады, оның ішінде ең әуелі азаматтардың пайдасы мен міндеттерін әділ бөлу қағидасына басымдық берілуі керек. Сонымен қатар өндіріс көлемінің өсуіне, адами капиталды дамытуға және «жасыл» экономиканы дамытуға баса көңіл аударған дұрыс деп санаймын.
Мемлекет басшысы міндеттеп отырған мәселелердің барлығы Соколов-Сарыбай өндірістік бірлестігінде қазірдің өзінде қолға алынған. Бүгінде кәсіпорын ERG басшылығының қолдауымен өндіріс тиімділігі мен өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, машиналар мен жабдықтарды жаңартып, еңбек өнімділігін еселеуге қол жеткізді. Сондай-ақ компания кеншілер мен кәсіпорын орналасқан елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Мемлекет басшысы «Цифрландыру – бұл сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттық бәсеке қабілеттілігін арттырудың басты тетігі» екендігін атап өтті. Бұған алғашқылардың бірі болып «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды бастаған ССКӨБ ұжымы да көз жеткізіп отыр. Таяуда Қашар алаңында «ақылды кеніш» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Осы арқылы кәсіпорын шығынын азайтып, еңбек өнімділігін арттыру және жоғары сапалы өнімге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бүгінде цифрлы технологияларды енгізу Қашар мен Рудныйда ғана емес, Еуразиялық топтың басқа өңірлердегі кәсіпорындарында да жалғасуда.
Береке МҰХАМЕТҚАЛИЕВ,
«ССКӨБ» АҚ президенті
Қостанай облысы