Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Мерей ауылындағы орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Сергей Лапшинді Екінші дүниежүзілік соғысы тарихының білгірі деуге болады. Қарапайым ауыл мектебінде Сергей Владимирович ұйымдастырған соғыс тарихы музейі бай жәдігерімен, мазмұндылығымен таң қалдырады. Сергей Ұлы Отан соғысы тақырыбын кітаптан ғана біліп қоймай, ұрыс даласында жерленбей қалған жауынгерлерді іздестіру жұмыстарына 2007 жылдан бері жүйелі қатысып жүр. Ол бұған дейін жыл сайын Ресей Федерациясының Новгород облысы Парфин ауданында болып, майдан шебінде, қаза тапқан жерінде қалған совет жауынгерлерін қазуға атсалысса, соңғы жылдары мұндай белгісіз жауынгер қабірлері қазақ жерінде де бар екені белгілі болды.
Иә, Батыс Қазақстан облысының Бөкей орда және Жәнібек аудандары Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Сталинград майданының жақын тылы болып, фашист ұшақтарының әуе шабуылына ұшыраған. Жау бомбасынан теміржол бойындағы әскери эшелондар да, жаралылар госпиталі де, бейбіт тұрғындар да зардап шеккен. Аспаннан фашист бомбалаушылары да, совет ұшақтары да құлаған. Деректерге қарағанда Астрахан-Саратов теміржолы бойында 40-50 бауырластар зираты бар екен.
Жақында Бөкей орда ауданы Сайқын ауылдық округіне қарасты N365-інші теміржол айрығында бір сарбаздың сүйегі табылды. Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы қазақстандық іздеу тобының жетекшісі Сергей Лапшин бастаған ізшілер белгісіз жауынгердің жанынан табылған киім қалдығы мен зәкір бейнеленген темір түймеге қарап бұл жауынгерді теңіз жаяу әскері сапында қызмет еткен деген пікірге келген.
– Біз өткен жылы да дәл осы жерде қазба жұмысын жүргізіп, 17 жауынгердің сүйегін тапқанбыз. Соғыс деректерінде осы Сайқын ауылы маңында Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскері жауынгерлері жерленгені жазылған. Олар 1942 жылдың қазан айында әуе шабуылына ұшырап қаза болған. Құжаттарда теңіз жаяу әскерінің саны 38 адам делінеді. Ендеше, іздестіру жұмыстары әлі жалғасады. Суворовтың "Ең соңғы жауынгер құрметпен жерленбейінше соғыс бітпейді" деген қанатты сөзінде айтылғандай, соғыс боздақтарын іздеп табу, оларды құрметпен жерлеу – бүгінгі ұрпақтың борышы, – дейді Сергей Лапшин.
Бір қуанарлығы, қазақстандық ізшілердің ісі текке кетіп жатқан жоқ. Қазақ жерінен топырақ бұйырған жауынгерлердің ұрпақтары сонау Украинадан хабарласып, Бөкей даласының бір уыс топырағын жеткізіп беруді сұрапты. Биыл іздеу жұмыстарына Нұр-Сұлтан қаласынан "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мушанова арнайы келген. Бұл іске жергілікті Бөкей Орда аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Иманбай Машотов та атсалысқан.
– "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың мамыр айында құрылған. Ол – екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен қазақстандық жауынгерлерді жүйелі түрде іздеумен айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым. Сонымен бірге Батыс Қазақстанды бомбалау кезінде қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындарды іздестіруге де атсалысамыз. Соғыс кезінде жерлеу рәсімі дұрыс орындалмай, оларды тез арада көмуге тура келді. Сол себепті бауырластар зираты онша терең емес. Соғыстан кейінгі жылдары жергілікті тұрғындар жер жырту барысында қаза болған жауынгерлер мен тұрғындардың сүйектерін тапқан. Кейін оларды қайтадан жерледі. Бірақ бұл әрекетті ешкім құжаттаған жоқ. Сондықтан іздеу және сәйкестендіру үрдісі анағұрлым қиындайды, – дейді "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.
Айта кетейік, Ұлы жеңістің 75 жылдығы тұсында Бөкей орда мен Жәнібек ауданы тұрғындары "Қаһарман аудан" мәртебесін сұрап, республика жұртшылығына үндеу тастаған болатын. Сталинград қорғанысы кезінде майданның жақын тылына айналып, жүзден аса әуе шабуылына ұшыраған өлкеде соғыс жаңғырығы әлі де естіліп тұрғандай. Жақында "Последний рубеж" фильмінің продюсері, заң ғылымдарының кандидаты Аманжол Оразбаев, режиссёр Елена Ковардакова, оператор Виктор Московкин бар шығармашылық топ елордадан арнайы келіп, қос ауданды аралады. Жергілікті архивтерді ақтарып, соғыс куәгерлерімен тілдескен түсіру тобы жоғарыда айтылған Мәншүк Мәметова атындағы қазақстандық іздеу тобының қазба жұмысын да жазып алған. Болашақ деректі фильмге Нарын құмына түсірілген "Агаев бастаған диверсиялық топтың тағдыры да енуі мүмкін.
– Елімізде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында да Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты ақтаңдақ өте көп еді. Соңғы кезде осының орны бірте-бірте толып келеді. Жақында Орал қаласы әкімінің қолдауымен "Орал қаласы сұрапыл соғыс жылдарында. 1941-1945 жылдар" атты кітап жарыққа шығады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Тұяқбай Зейітұлы бастаған бір топ жергілікті тарихшы, өңіртанушылар атсалысқан еңбекте 1941-1945 жылдар аралығында қалада болған маңызды оқиғалар, әйгілі 152-ші жеке атқыштар бригадасының құрылуы және соғыс майданындағы өткен жолдары баяндалмақ. Жерлес батырларымыздың ерлігі мен тағдыры, халықтар депортациясы және эвакуациялық процесстер мұрағат деректеріне сәйкес баяндалып, осы кезге дейін ерлігі еленбеген ерлер туралы мәліметтер де көрініс таппақ, –дейді оралдық өлкетанушы Ахмедияр Батырханов.