Экология • 11 Қыркүйек, 2020

Ақ қайыңдарға аямастан қол салған

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавлдың 1961 жылы туған тұрғынына тиесілі саяжай учаскесінің аумағында тиісті рұқсат құжаттары ресімделмеген ағаш кесу фактілерінің орын алғаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақ қайыңдарға аямастан қол салған

Петропавлдың солтүстік жақ шетінде "Мещан орманы" деп аталатын қалың қойнау болатын. "Мещанство" дегеннің өзі ежелгі Ресейдегі қала тұрғындарының бір сословиесі ғой, оларға негізінен қолөнершілер, көпестер сияқты еңбекқор тұрғындар жатады. Орманның олардың атын алғанына қарағанда сондай адамдар да мұнда көп келетін болса керек. 

Кезінде қазақ жұртшылығы арасынан да мұнда азаматтар атпен келіп, сауық етеді екен. Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Ғадылша Қаһарманұлы осы орманға дем алуға аппақ болып киінген аға-жеңгесін фаэтонмен әкелетінін жазып кеткен. Сонда аппақ қайыңды қалың орманның бауырында адамдар қызықтап, әрі таза ауа жұтып,  әрі әкелген ас-суларын ішіп, сол жерде қазақтың домбырамен айтқан әндерін, татардың сырнайын тыңдап, рахат бір күй кешеді екен. Қазақтар мен татарлар, әсіресе, Мағжанның маңына үйіріліп, әңгіме-дүкен құрып, ақынның әңгімелерін, жаңа өлеңдерін тыңдауға құштар болған.   

Кеңес  одағы жылдарында орманның ондай демалыс орны мәртебесі болмаса да, ағаштарын кесуге қатаң түрде тиым салынып, сыңсыған қайыңдар қаланың шетін желпінтіп тұратын еді. Тәуелсіздік жылдарында сол орман ептеп отала бастады. Қолы ұзындар сол жерден орын алып, ақ қайыңдарды отап, орнына коттедж үйлер тұрғыза бастаған. Отарлауды бастап, жерді сатуды алғаш бастаған әкімді де қала тұрғындары біледі. Алайда орманның негізгі сұлбасы қалған еді. 

Енді сол жерді бағбаншылардың Пальянова Марина Александровна деген ханым басқаратын "Веснянка" саяжай кооперативі алып, "Мещан орманындағы" сұлу қайыңдарды ұзыннан сұлатып, кесіп жатқан көрінеді. Мұны бір-бірінен естіген қала жұртшылығы, табиғат жанашырлары үлкен шу тудырып, әлеуметтік желілердің бетін басып кетті. Суреттер мен бейнежазбалардан ақ желекті қайыңдардың сұлап жатқанын көргенде жаны ашымаған жан жоқ шығар. Халық орманды саяжай кооперативіне берген жергілікті билікті де жазғырып жатыр.  Бірақ билік ақ қайыңдардың сақталуын, кесілмеуін келісімшартқа жазған болуы керек, өйткені қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өкілдері қалалық полиция басқармасына ағаштардың заңсыз кесіліп жатқанына шағымданған. Бірінші полиция бөлімінің тәртіп сақшылары тексеру жүргізгенде Петропавл қаласының 1961 жылы туған тұрғынына тиесілі саяжай учаскесінің аумағында тиісті рұқсат құжаттары ресімделмеген ағаш кесу фактілерінің орын алғаны анықталған. Оны қожайынның тапсырмасымен жалдамалы жұмысшылардың жүзеге асырғаны анықталды.

Аталған құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін учаскенің иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің "Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау" бабы бойынша материал жиналып, шешім қабылдау үшін Петропавл қаласының сотына жолданды.