Кеше елордада “Қазақстанның ғарыштық дәуірі: бүгіні, болашағы және инновациялары”, деген тақырыпта конференция өтті. Бұл басқосуға Халық қаһарманы, “Қазғарыш” ҰҒА төрағасы Талғат Мұсабаев, сондай-ақ, “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы өкілдері, Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволар қызметкерлері, “Қазақстан ғарыш сапары” компаниясы өкілдері қатысты.
Инновация үрдісімен тығыз байланыстырылатын ғарыш саласын жеделдете дамыту – бүгінде мемлекеттің алға қойған ауқымды міндеттерінің елеулісі саналады. Мемлекет басшысының “Қазақстан-2030” Стратегиясы мен Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауларында да ғарыштық зерттеулерді арттыру тұрғысында нақтылы айтылған.
Бүгінде осы ауқымды міндет үдесінен шығу сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Конференция барысында сөз алған “Қазғарыш” ҰҒА төрағасы Талғат Мұсабаев ғарышты зерттеу саласының бүгінгі жай-күйі, кедергілері мен болашағы төңірегінде өз ой-пайымымен бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, ғарыш саласына қажетті мамандарды көптеп шоғырландыру – бүгінгі күннің маңызды талабы болуы тиіс. Бұл ретте, жоғары оқу орындарында ғарыш саласына маманданатын жастарды даярлап, олардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет. “Мәселен, Президенттің “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасы негізінде алыс және жақын шетелдердің жоғары оқу орындарында ғарыш саласы мамандарын даярлау бұдан кейін де жалғасын табуы тиіс. Мұндай игі үдеріс өз елімізде де бар. Мәселен, жақын болашақта Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғарыш саласының білікті мамандары даярланып шығады. Бұған барлық мүмкіндік бар”, дейді Талғат Мұсабаев.
Басқосуда сондай-ақ, агенттіктің ауқымды әрі маңызды жобаларын тиімді қаржыландыру, ғарыштық, ғылыми-технологиялық білім мәселелері де талқыға түсті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.