Аталған саланың қалыптасу хронологиясына көз жүгіртсек, жоғарыда аталған заң 1993 жылы күшін жойып, 2006 жылы «Концессиялар туралы» заң қабылданды. Кейін оған өзгерістер енгізіліп, алғаш рет МЖӘ ұғымы беріліп, принциптері айқындалды. Жобаларды икемді құрылымдау үшін келісімшарттардың жаңа түрлері қарастырылды. Сонымен қатар бизнес үшін тартымды жаңа механизмдер пайда болды. Атап айтсақ, тарифтік реттеудің тұрақтылығы, секвестрден қорғау және конкурс рәсімдерінің екі сатылы болуы сынды жаңашылдықтар қалыптасты.
Алайда осы саладағы құқық қолдану практикасы бизнес субъектілерін мемлекет-жекеменшік әріптестігіне тарту шараларының жеткіліксіздігін көрсетті. Концессия механизмі ірі инфрақұрылымдық жобаларға бағытталды. Сондықтан халықаралық тәжірибе негізінде мемлекет-жекеменшік әріптестігін қолдану жүйесін жеңілдету қажет болды. Осы ретте «Қазақстан-2050» стратегиясында МЖӘ механизмін енгізуге ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде 2015 жылғы 31 қазанда «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» жаңа заң қабылданды. «МЖӘ орталығы» АҚ әдіснама кеңсесінің вице президенті Рысбек Нұрпейісовтің айтуынша, жаңа заң тікелей келіссөздер арқылы шарт жасауға мүмкіндік берген еді.
– Жаңа ереже қатысушылардың шеңберін кеңейтіп, әріптестердің құқықтары мен міндеттерін белгіледі. Қаржыландыру көздері мен мемлекеттік қолдау шараларын айқындап берді. Сол сәттен Қазақстанда мемлекет-жекеменшік әріптестігінің дамуының жаңа айналымы басталды деуге болады. Оған дәлел, МЖӘ шарттарының белсенді өсуі. Арнайы заң қабылданғаннан кейін 2016 жылы 15 МЖӘ шарты жасалды. 2017 жылы – 163 шарт, 2018 жылы – 292, 2019 жылы – 274, ал биыл 63 шарт іске асты, – дейді Р.Нұрпейісов.
Нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру жұмыстары мұнымен аяқталған жоқ, жыл сайын заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп отырды. Мәселен, әр саланың ерекшелігі ескеріліп, стандартталған МЖӘ жобаларын жоспарлаудың арнайы рәсімдерін белгілеу мүмкіндігі туды. Сонымен қатар жобаны жоспарлау мерзімі 7 айдан 3 айға дейін қысқарды. МЖӘ шарттарын қазынашылық тіркеу талабы енгізілді. Бұл талап ұзақмерзімді шарттарға инвесторлардың сенімін арттырды.
– 2018 жылғы заңнамалық түзетулер МЖӘ шарттарының екінші деңгейлі банктер үшін кепіл ретінде қабылдануын қамтамасыз етуге бағытталды. Дүниежүзілік банк МЖӘ инфрақұрылымдық жобаларына зерттеу жүргізіп, оның қорытындысын жариялады. Бұл зерттеуде Қазақстан МЖӘ саласында заңнамалық базаны қалыптастыру жолында өте жақсы нәтиже көрсеткен. Былтыр Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытынды есебінде: «Қазақстан ұлттық және аймақтық деңгейлерде МЖӘ дайындаудың жақсы құқықтық және институционалды негізін құрды» деген баға берілді. Бұл біз үшін үлкен нәтиже, – дейді вице президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында МЖӘ әлеуетін сапалы ашып көрсету қажеттігін атап өтті. Инвестициялардың қайтарымы бюджеттік төлемдер арқылы ғана емес, басқа да нарықтық құралдар арқылы қамтамасыз етілуі керек екендігі айтылды.
Жалпы алғанда, МЖӘ жеке инвестицияларды тарту және инфрақұрылымдық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру институты ретінде бүгінде үлкен әлеуетке ие. Оның механизмінің негізгі артықшылығы мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту.
Көпке аян, әлемді жайлаған індет ел экономикасының күрт құлдырауына әкеп соқты. Осы тұста аталған саланы дамыту маңызды. Бұл алдымен бюджет қаражатын үнемдеу үшін жеке сектордың ресурстарын тартуға мүмкіндік берсе, екіншіден кәсіпкерлік субъектілері үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашады. Биыл «мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» заңға 5 жыл толды. Осы жылдар аралығында орталық елімізде әлеуметтік салада өз белсенділігін көрсетіп, экономикамыздың өсуіне үлкен үлес қосты.