Бүгінде Алматы облысы, Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында және Шығыс Қазақстан облысы аумағында болған апаттың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірлері қамқор қолдарын созуда.
Табиғи апаттың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы мен студенттер қауымы да өз көмек қолын созған болатын. Алматы облысының Қызылағаш ауылында табиғи апатқа ұшырағандарға ағымдағы жылдың 25 наурызы күні университеттегі “Тұран” филиалының “Нұр Отан” ХДП бастауыш партия ұйымы мүшелерінің атынан 500 мың теңге көлемде қаржылай көмек жіберілген.
Жақында университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер кәсіподақтары комитеті, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдары жетекшілерінің бастамасымен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы табиғи апат салдарынан зардап шеккендерді қолдауға бағытталған “Тарбағатайға тарту” атты акция болып өтті. Акцияға 450 студент және оқытушы-профессорлар қатысты. Акция барысында университет ұжымы мүшелерінен ерікті түрде гуманитарлық көмек ретінде 432 340 теңге көлемінде қаражат жиналып, Каспий банктің Өскемендегі филиалында арнайы ашылған қордың есебіне аударылған. Сонымен бірге, табиғи апат салдарынан зардап шеккен мектептердің кітапхана қорына арнап құны 311 305 теңгені құрайтын 620 дана барлық сынып оқулықтары мен балалар әдебиеті алынып, апат аймағына жеткізілу үшін “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалына тапсырылған. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін университеттің 30 студентінен “Сыр ұландары” атты құрылыс жасағы құрылып, жиын үстінде сөз алған жасақ командирі Қаршыға Рахымжан өз жасағының апат аймағына баруға дайын екендігін мәлімдеді.
Аталған акция жастардың патриоттық сезімдерін оятып, оларды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде барынша маңызды болғанын айрықша атап өту ләзім.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.