Саясат • 14 Қыркүйек, 2020

ЕҚЫҰ Қазақстан Президентінің Жолдауымен танысты

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет және инновациялар мен цифрландыруды қолдану арқылы транспаренттілікті арттыру жолымен     ЕҚЫҰ өңірінде қауіпсіздікті, тұрақтылық пен экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелері Албанияның төрағалығымен Прага қаласында биылғы 10-11 қыркүйекте аралас форматта өткен ЕҚЫҰ-ның 28-ші Экономика және қоршаған орта форумының негізгі күн тәртібі болды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕҚЫҰ Қазақстан Президентінің Жолдауымен танысты

Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай  Форумның ашылуындағы өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, цифрландыруды дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын, және бұл жөнінде  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің таяудағы Жолдауында да айтқанын атап өтті.

ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің назарына еліміздің жаңа экономикалық бағдарының жеті негізгі қағидаты жеткізілді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кіргенін, сондай-ақ Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлығы үшін қылмыстық жауапкершілік конвенциясына қосылуға ниетті екендігін атап айтты.

Форумның аясында Қ.Сарыбай сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен бірқатар көздесулер өткізіп, олардың барысында Ұйымның күн тәртібі мен елдер арасындағы алдағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

Іс-шараның жұмысына ЕҚЫҰ-ға 57 қатысушы елдің мемлекеттік органдарының,  халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың жоғары мәртебелі өкілдері, академиялық орталар мен жеке сектордың  сарапшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері қатысты.