Сұхбат • 15 Қыркүйек, 2020

Өмір тек күтуден тұрады

2301 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Сексенінші жылдардың соңын ала қазақ поэзиясының аспанында жап-жарық бір жұлдыз пайда болды. Ол – жүректегі мәңгілік ынтық сезімі мен махаббаты өлеңге айналып, сол нәзік лирикасымен әдебиетте төңкеріс жасаған ақын Гүлнар Салықбайдың жұлдызы еді.
Ақын қаламынан туған өлеңнің бәрі – өмірдің ісі болса керек. Гүлнар Салықбай да құдіретті поэзияда тек өз әуенін, өз тағдырын жазды. Оның ешкімге ұқсамайтын төл мәнері қазақ өлеңіне жаңа леп, жаңа форма алып келді. Нәтижесінде бұл құбылыс тоқсаныншы жылдардан кейінгі өлеңдердің өзгеруіне себеп болды. Әдебиеттегі салмақтылығымен һәм поэзиядағы еркіндігімен мақталатын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбаймен өлең мен өмір жайында әңгімелескен едік.

Өмір тек күтуден тұрады

– Арқаның төсіне – елордаға қоныс аудардыңыз. Қош келдіңіз дейміз. Жалпы, басқа қалаға һәм жаңа ортаға тез бейімделесіз бе?

– Рахмет. «Қазақстан» Ұлттық ар­насының бас редакторы кезімде жұмысым көшіп, мен Алматыда қалып қойып едім. Ол кезде балам оқуда, шынымды айтсам, Алматыдан кеткім келмеді. Қала деген аты болмаса, Алматы мен үшін өзімнің ауылыма айналып кеткен жер ғой. Әр көшесі, әр бұ­рышы ыстық. Ғашық болған, қателескен, адасқан, жол тапқан, қуанып, қайғырған қалам... Сосын Алматы филиалынан штат ашылып, соған ауыстым. Енді міне, балам осы жаққа қызметке тұрған соң қасына келуге тура келді. Мен жалпы өзгеріс атаулыны өте ауыр қабылдаймын. Бірқалыпты өмірді жақсы көремін. Көпшіл емес­пін. Көпшілік жиналған жер­лерге барған соң біразға дейін өзіме келе алмай, шаршап жүре­мін. Дос-ағаларым, туыстарым бәрі Алматыда қалып, көңілім құла­зып жүргенде «Абай ТВ» ар­на­сына қызметке алған Ләз­зат Мұратқызына рахмет. Жұ­мысқа айналып, бұл жаққа да ақырындап үйрене бастадым.

– Қазаққа ақындық туыс. Жолда немесе тойда әңгімеңіз жарасып, қауқылдаса қалған жа­ңа танысыңыз, әрі қазағыңыз суреткер жазушы болмаса да, сөз жоқ, ақын. Бұл сөзіміз расқа ай­налмаған жағдайда одан құ­рығанда «кей-кейде өлең жазатыным бар» деген жауап естисіз. Осыдан кейін екі қазақтың бірін ақын, ал екі өлең жазғанды – ұлы ақын демесек, тағы ұят сияқ­­ты. Қазақта шынымен де ұлы ақын көп пе, әлде ақындық өнер­­ге берер өлшем таяз ба?

– Соңғы кезде «ұлы» деген, тағы басқа да шығармашылық адамдар есімінің алдына қойылатын анықтауыштардың қадірі кетіп барады. Бәріміз ұлы, бәріміз данышпан боп кетсек, Абай қайда қалады? Қазір тіпті кейбір мақала, пікірлердің өзі тойда сөйленген сөз сияқты әсер қалдырады. Пафос. Соған қарағанда біздің тойымыз әлеуметтік желілерді былай қо­йып, әдебиетке де кіріп кеткен сияқты. Ешкім «Ананы ұлы, та­лант­ты деп айтпасаң, құрисың!» деп желкемізге мылтық кезеп айт­қызбайды. Өзіміз айтамыз. Ұлы болған соң емес, бәлкім сыйлас, жақын досымыз болған соң, не бол­маса, бір ішкі есебіміз бар... Біреу­лерге қанша мақтат, бәрібір жұрт жазғаныңды оқиды ғой. Сол кезде бәрібір ол сөздің рас-өтірігі ашылып қалады.

Қазақта ақын баршылық. Бірақ олардың әрқайсысының өз орны, өз жолы бар. Өзінің қай тұста екенін бәрі де іштей біледі деп ойлаймын. Бірақ атымыздың алдында керемет бір анықтауыштардың жайқалып тұруына көбіміз қар­сы емеспіз. Бұл өнерге деген өл­шем­нің таяздығының емес, ұлт­тық мінезіміздің бір көрінісі деп ойлаймын. Бір-бірімізді мақ­та­сақ, жер-көкке сыйғызбай мақ­тап, жамандасақ, жер қылатын, асқақтау сөйлейтін халық болған­дықтан.

– Николай Заболоцкий «поэ­­зия толық болуы үшін ең қа­жет­тісі МОМ (музыка, образ, мысль)», яғни әуен, образ, ой деп еді. Ал сіз үшін поэзияға ең ал­ды­мен не керек?

– Өлеңде музыка болады. Жалпы өлең мың-миллион нотадан тұратын сияқты көрінеді кейде маған. Әр сөздің, әрбір әріптің өз әуені бар, сол бұзылған жерде өлең де өледі. Ал образ бен ой сөз бен әуен үйлесімінен туады. Бұл бір тылсым нәрсе. Меніңше, поэзияға ең қажеті – жүрек.

– Ақынға талғам екібастан керек. Ішкі цензура, ішкі редактор автордың ең адал тара­зысы. Бізде өзгенің жазуына қатаң талап қоятын талғам­паздар көп. Ал өзіне келген­де тым жомарт. Гүлнар Салық­бай өзіне са­раң, өзгеге жомарт жандардың қа­та­рына жата ма?

– Егер әр жолында дүрс-дүрс етіп жүрек соғып тұрмаса, ол өлең емес. Өлең шынайы болса, кейбір кемшіліктерін елемеуге де болады. Маған тек белгілі бір оқиғаға байланысты құрап жазылған өлең-мақала ұнамайды.

Ал өзіме келсем, жазылған нәр­­сені жариялауға асықпаймын. Жастау кезімде бірдеңе жазыла қалса, жарық көргенше көңілім алып-ұшып тұрушы еді. Кейін ол өлеңдер шыққан соң кемшіліктері байқалады. Қазір олай емес. Көп жазған кездерім де болған. «Жан» деген кітабымды баспаға да­йын­даған кезде тең жартысына жу­ығын алып тастадым. Кейін сол өлеңдерімді тағы бір оқып көргім келгенде таппай, өкінген кездерім де болды.

– Күннің көзі мың түспен құбылса да, өмірдің суық һәм сұрқай тұстарын көргенде ақ көйлек-көңілді қалай жара­қат­тап алмай сақтауға болады? Әл­де ол мүмкін емес пе?

– Адам жас кезінде максималист болады ғой. Бала кезде дүние керемет болып көрінеді. Өсе келе олай емес екенін байқай бастайсың. Адамдар да әртүрлі. Қатыгез әлемде жалғыз қалып қой­ғандай кездер де болады. Оның бәрі өлеңде тұрады. Марқұм Жұ­матай аға (Жақыпбаев) сондай өлеңдерімді оқығанда «Гүлнәш көке, мынандай өлеңді көп жазбашы, өзіңе қиын болады» деуші еді. Кейін сондай бір топтамамды Түкемсалға (Тұрсынжан Шапай) оқытқанымда ол да: «Өте ауыр өлеңдер екен» – деді. Сол циклды үйге барған соң жыртып, лақтыра салдым. Кейін кітабым шыққанда Түкемсал: «Сол өлеңдерің жоқ қой, керемет еді. Бірақ тұтас цикл ретінде ауыр болатын, кітапқа бө­ліп салу керек еді», деді.

Жас кезде жұрттың бәрін дос кө­ресің. Дүние тура сенің ойла­ғаныңдай болу керек сияқты. Кейін ақырындап иммунитет пайда бола бастайтын сияқты. Жаныңды жаралайтын нәрселерден аулақ жүруге тырысасың. Адамдарға бұрын­ғыдай қатты ренжімейсің, бәрін де түсінгің келеді. Жаратқан ие ғана мінсіз... Балуан Шолақ айтыпты деген сөз бар ғой. «Ғашық қылған сұрша қызының» сұлулығына шәк кел­тіргендерге: «Сендер оған менің көзіммен қараңдар» деген. Сол сияқты сұрқай өмірдің де сәулелі сәттері болады. Тек оны көретін көз керек.

– Сізді ұраншылардың жанынан көрмейміз. Саяқ жүресіз. Жалпы, сіздің өміріңізде ұран бар ма? Болса, қандай?

– Мен өзімнің әлемімде өмір сү­ремін. Онда ұран жоқ, өмір ғана бар. Шешем марқұм «Адам­дарға жақсылық жасай алма­саң, қиналма, егер жамандық жаса­масаң, соның өзі жақсылық» дейтін. Осыны орындауға тырысам. Бұл енді ұран емес шығар. Ұстаным...

 – Өзгелер туралы көп айтпайсыз. Ал өзіңіз туралы тіпті сараң­сыз. Оқырман білетін өмі­ріңіз бен біз білмейтін өмірі­ңіз­дің ара­сында ортақ дүние бар ма?

– Менің бар өмірім – өлеңімде.

– «Жаңбырлы түнде жан жылар...» деп өзіңіз жырлағандай, көз жасыңызға жиі ерік бересіз бе?

– Жалпы жылауық емеспін. Бірақ кейде бір көзімнен жас тоқ­тамай қоятыны бар. Мұңайғанда емес, елжіреп, қуанған кезде. Ал мұңайып, ренжігенде керісінше, қатайып алам.

 Өткенде шай үстінде балама сурет салуды үйренгім келеді дегем. Бір күні үстелдегі қойын дәп­терін жинап жатып, еріксіз көзім түсіп кетті. «Мамама суреттен сабақ беретін мұғалім іздеу керек» деп жазып қойыпты. Ал кө­зімнен жас тоқтасыншы... күні бойы есіме түскен сайын жылап жіберемін. Бұл енді қуаныш жасы ғой. Осындай жағдайлар болып тұрады аздап.

– Өмірде қатты ұялған кезде­ріңіз болды ма?

– Бала кезімде еркелеу болдым. Үйдің кенжесі болғасын әкем қатты еркелетуші еді. Мектепте оқып жүрген кезіміз. Қыстыгүні болатын. Мектепке көк пальто киіп келген көршінің қызын күні бойы «көк кемпір» деп мазақтаппын. Кешке қарай үйге әлгі қыздың шешесі келіп, қызының «енді мына пальтоны кимеймін» деп, қиғылық салып жатқанын айтты. Қысқасы, менің мектепте не бүлдіргенімнен үйдің іші толық хабардар болды. Көрші кетті. Мен әңгіменің бәрін түпкі бөлмеде отырып естіп алғам. Енді қандай шешім шы­ғар екен деп, алаңдап күтіп отырмын. Тым-тырыс. Ешкім ұрысқан жоқ. Содан кейін бір жыл өткен соң, қыс түскенде шешем «пальтоң тозды» деп дүкенге ертіп апарды. Неше түрлісін киіп көріп, мәзбін. Әсіресе, бір қызыл пальто қатты ұнады. Өзіме шап-шақ. Бір кезде шешем ұзын, сөл­бірейген жасыл пальтоны ки­гізді. Қыңқылдап, қарсылық көрсете бастап ем, «Жасыл кемпір боласың! Ки!» деді. Сол кезде был­тырғы қылығым есіме түсіп, қатты ұялдым. Қарсылық білді­руге бет жоқ, амалсыз «жасыл кем­­пір» болуға тура келді. Сол кү­ні ұялғаным есімнен кетпейді. Еш­­кімді мазақтамайтын болдым. Көршінің тете өсіп келе жатқан үш қызы болатын. Киімді үлкенірек етіп алып, келесі жылы кішісіне кигізетін шығар. Шешемнің ұстам­дылығына, сабырлылығына әлі күнге дейін қайран қалам. Дауыс көтеріп ұрысқанды біл­меуші еді марқұм.

– «Гүлнар өз поэзиясында бол­мыс бояуын жіті сараптай­тын жанары өткір, жаны биік, ойы күлбілтесіз, сезімі жал­ған­сыз лирикалық «меннің» жа­­ңаша бітімін сомдады», дейді Тұр­­­сынжан Шапай. Түкемсал аға-досыңыз творчествоңызға қан­­шалықты ықпал етті?

– Түкемсалмен 90-жылдары та­ныстым. Ол «Жұлдыз» журналында, мен Жазушылар одағында қызмет істейтінбіз. Ғалым деген ағам бар. Доскен. Екеуі сол тоқ­саныншы жылдардан бері әлі күнге дейін мені аялап, еркелетіп келеді. Өлең жазсам, ең алдымен екеуіне оқытатынмын. Ол кезде смартфон, компьютер деген жоқ. Машинкаға теріп апарам. Ғалым аға көңіліме қарай ма, көп сынай қоймайтын. Түкемсал үңіліп, ұзақ оқыған сайы­н берекем кетіп, жүрегім аузыма тығылып, қатты уайымдайтынмын. Өтірік мақтамайтынын білемін. Жаспыз ғой, жазғанымның бәрі керемет деп ойлаймыз. Бірақ, екі ағам өлеңімді сынағанда ренжімейтінмін. Өзім­нің сол кемшіліктерді байқа­маға­ныма ұялып қалам... Мен жақ­сы өлең жазып келгенде екеуі балаша қуанатын.

Содан бері отыз жылдай уа­­қыт өтіпті. Түкемсал ол кез­де Алма­тыдағы «Самал» шағын ау­данында тұрады. Сол кезде Ғылым академиясында қызмет істейтін, көбінде үйінде болатын. Жұмыстан шық­қан соң бәріміз Түкемсалға тартамыз. Ғалым аға барады, мен ба­рамын. Бекболат (Тілеухан), Аман­тай (Шәріп), Асқар (Алтай) да сол үйден шықпайтын. Тамақты талонмен алатын қиын заман, бірақ оны ойлап, уайымдап жатқан біз жоқ, түннің бір уағына дейін әдебиет, музыка туралы әңгіме қызып, үйге қайту керек екенін, ертең жұмыс екенін ұмытып кететінбіз. Түкемсалдай, Ғалым ағадай дос-ағаларым болғаны үшін тағдырыма мың ризамын. Оларсыз өмірімді елестете алмаймын...

– Жүрек қана мекен етер

сараймыз,

Һәм бақытты болуға да

жараймыз.

Өкінбейміз өрмек тоқып

отырып,

Өзгеге емес,

терезеге қараймыз –

Пенелопа екеуміз.

Арманы өлмес, төзімі мықты, жүрегіне ғана құлақ асатын һәм бақытты болуға да жарайтын Пе­­не­лопа мен Гүлнар өлеңнің со­ңында неге өзгеге емес, терезеге қарайды?

– Өмір тек күтуден тұрады. Жақ­сылық күтесің, ертеңді күтесің.Қызықтың бәрі алда сияқты кө­рінеді. Бәлкім қиялыңдағы кейіп­керлерді күтесің. Үміт терезесіне телміріп... Сөйтіп жүргенде өмір зырылдап өте шығады екен.

– Сұлтан Оразалин Шыңғыс Айтматовтан сұхбат алып отырып:

– Соңғы уақытта қазақ жазушыларын көп оқып жүрсіз ғой. Кімді айтасыз? – деп сұрақ қойыпты. Сон­да Шыңғыс Айт­матов:

– Обал болады, – деген екен.

Жас ақындардан кімдерді оқып тұрасыз? Тосын ойларымен, нәзік лирикасымен көзге түс­кендер бар ма? Үлкенді-кіші­лі біраз бай­қау­ларға қазы болып жүр­сіз. Жал­пы, бүгінгі өлең­дер­ден не бай­қадыңыз?

– Жастарды оқимын. Өлең оқысам, қуанып қаламын. Былтыр Қара­ғандыда өткен жастар форумына барғанда өлеңдерін тыңдап, қатты толқыдым. Олардың жаны таза ғой. Кейбіреуінде шебер­лік жағы жетісіңкіремей жатуы мүмкін, бірақ шынайы. Бір жа­ғынан оларды аяймын. Төлеген аға­мыздың өлеңі бар ғой, «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қара­ғым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның...» деген. Жақсы көремін. Аяйтыным, өз басымда бар...

Бір байқағаным, жастардың көбісі ақ өлең жазуға құмар екен. Ақ өлең ұйқаспағанымен, ішкі ұйқасы, өзіндік әуені болады. Сол жағы жетпей жатады. Сондықтан он рет оқып, не демек болғанын түсіне алмай отырасың. Жас кезде ізденіс, еліктеушілік кешірімді, бірақ әркімнің осы бастан өз жолын іздегені дұрыс.

– Ақын Гүлнар Салықбай ән жазады. Композиторлығыңыз туралы әңгімелесейікші...

– Мен композитор емеспін. Бірақ бала кезімнен ән-күйге құмар боп өстім. Ол кезде біз жақта тек радио ғана бар. Содан берілетін барлық әнді жаттап алатынмын. Тіпті басында консерваторияға барғым келді. Шешем қарсы болды. Ол кісі керемет әнші еді. Түкемсал, Ғалым аға, Бекболаттар біледі. Балалар үйінде өскен. Татар, орыс, украин әндерін керемет айтатын. Мен мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмай, ауылға келіп, эстрадалық ансамбльде бір жыл жұмыс істегем. Мектепте оқып жүргенде ән салғандықтан шақырған шығар. Кейін қызық болды. Алғашқы өлеңдерімнің кейбіреуін алғашында ыңылдап, ән сияқты айтып жүріп жаздым. «Жапырақ жатыр жығылып, Жағ­дайың қалай ал сенің?» деген сияқ­ты өлеңдерім солай туды. Ол кезде студентпіз. Марқұм Жә­­мила деген курстасым гитара үйреніп жүр екен. Мен де қа­лыс­пай, жайлап үйрене бастадым. Екі-үш аккорд қой баяғы. Сосын жаңағы ән сияқты болып жазылған өлеңдерді ақырындап айтып көретінмін. Кейін осының бәрін білетін Мархабат деген жақ­сы көретін сіңілім бір-екі ән жазып беріңіз деп қолқа салды. Жұлдыз Бақытжанқызы орындаған дү­ниелер солай дүниеге келді. Бі­рақ, оларды ән деу қиын. Әннен гөрі сөзіне баса мән берілетін бард жанрына немесе шансонға келіңкірейтін сияқты.

– «Жазушының сахнасы ақ қағаз». Өз сахнаңызда жақсы өнер көрсете алдыңыз ба?

– Өнер көрсеткен жоқпын, өмір сүріп жүрмін. Мен ол жерде әртүрлі адамдардың рөлінде ойнаған жоқпын. Дүниеге өз биігімнен қарап, өз жүрегімнің сөзін айтып келемін.

– Жаңадан ашылған «Абай» телеарнасының бас редакторы­сыз. Қазір телеарналардың ті­ліне байланысты сын көп айтылып жүр. Біраз жылдардан бері осы салада қызмет істеп ке­лесіз ғой, осы олқылықпен кү­ресе алдыңыз ба?

– Қазіргі журналистердің көбі тілді дұрыс білмейді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрынғы жаңалықтардан үзінді келтірейін: «Мемлекет басшысы пәлен деген жазушыны қабылдап, екеуі қазақ әдебиетінің болашағы туралы шүйіркелесті». Ресми жаңалықтар осындай болса, басқасы не болады? Журналистер кітап оқымайды, азын-аулақ әр жерден көзі шалып қалған әдеби сөздері болса, соны тіл білетіндігінің дәлелі ретінде әр жерге тықпалай береді. Не­месе жергілікті жерде айты­латын сөздерді қолданады. Өзде­рі құдайдай көріп жүрген жүргі­зушілер солай сөйлесе, оны тың­дап өскен балалар не болады? Телевидениенің өзінің тілі бар. Әдеби нормаға сай, айтуға жеңіл, тың­даған құлаққа қонымды, ауыз­екіге жақындау болу керек. Ұлттық арнаға бас редактор болып барған кезде бір жағынан сценарийлерді жөндеп, хабар эфирге шығарда жүргізушінің сөзін тексеріп, әбден азапқа түстім. Телехикаялардың тілімен алыстым. Сценарийді жөн­дегенмен, жүргізуші сөз біл­месе, еңбегің далаға кетеді. Со­сын қазір сөз қолданыста көп кез­десетін қателерді тізіп, бұ­ры­сы, дұрысы қайсы, қағазға тү­сіріп, редактор, сценарист, жүр­г­ізу­шілерге тарата бастадым. Кейін оны журналистердің бірі әлеу­меттік желіге салып жіберіп, бір­неше басылым, сайттарда жарияланды. Қазір сол көрсетілген қа­теліктердің көбісі түзеліп қалды. Ол кездегідей екінің бірі «болады ма?», «баруымыз керекпіз» деп сөйлемейтін болды. Оған да шүкір. Бірақ біздің тіліміздегі ол­қылықтар онымен шектелмейді. Өткенде телевизор көріп отырсам, ауа райын айтып жатыр екен. «Ертең Алматы аспанын бұлт торлайды» дейді. «Ертең Алматыда күн бұлтты болады» дегені. Бұ­рын телевидение редакторлық еді, қазір продюсерлік болды. Бұл редакторлар екінші орында деген сөз. Яғни тіл екінші орында. Қазіргі продюсерлердің жұ­мысымен айналысатындар бұ­рын администратор деп аталатын. Олар хабардың түсірілуін ұйымдастырып, қажетті рекви­зиттерді түгендейтін, тапсырыс­тар беретін. Ал хабардың мазмұнына, тіліне редактор жауап беретін. Бәріне бірдей топырақ шаша алмай­мын, бірақ еті тірі, телеви­дениеден хабары бар қыз-жігіт­тердің көбі продюсер болып жүр. Ал редактор болу үшін сауатты болумен қатар, әдебиетті, мәде­ниетті, тарихты терең білу керек. Тілдің ақсауының бір себебі осында ма деймін. Тағы бір мәселе, қазір бағдарламалар ішкі өнім емес. Көпшілігі сыртта түсі­ріледі. Аутсорсингтік компаниялар­да. Ондай компаниялардың бас­шы­­ларының көбісі қазақ тілінен мақұрым болады. Өзі мойнына алған жобаның тілін білмек түгіл, не туралы екенін де түсіне алмайтындар, тележурналисти­кадан мүлде хабары жоқтар бар. Сондықтан кім көрінгенге сце­нарий жаздырады. Тек көп қаламақы сұрамаса болды. Ондай сценаристердің ішінде «гугл­датып» жіберіп, қажетті нәрсені әр жерден сол күйінде көшіре салатындар да баршылық. «Қарағым-ау, неге көшіресің?» десең, «Апай, онда тұрған не тұр, жай ғана үзінді алдым ғой» дейді. «Үзінді алғанда авторын көрсетеді» деймін. Күле­сің бе, жылайсың ба? Тура Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қо­жасындағыдай». «Абай да ақын, мен де ақын» дейтін.

«Абай ТВ» арнасының ашыл­ға­нына көп болған жоқ қой. Бұл арнада ондай кемшіліктер бол­мас деп үміттенеміз. Қазір алдағы уақытта жарыққа шығатын бағдар­ламалардың сценарийлерін қарап, жөндеуге келмесе, тілді жақсы білетін, тәжірибелі сценаристерге қайта өткізіп жатырмыз. Абай атамыздың атындағы арнаның тілі ақсамауға тиіс.

– Алдағы уақытта проза жа­зуыңыз мүмкін бе?

– Қазір киносценарий жазғым келіп жүр. Мен бала кезімде сурет салғанды жақсы көруші едім. Аспандағы бұлттарға қарасам да, жаңбыр жауып тұрғанда терезеге қарасам да көргенімді бір бейнелерге ұқсатып, қарап қалатыным бар. Арманым – бейнелеу өнерінен са­бақ алғым келеді. Әліппесінен бас­­тап. Сурет салуды үйренгім келеді.

– Гүлнар Салықбайды ақын деп мойындатқан «Бір жұтым ауа, қызыл күн» тырнақалды жинағыңыздың шыққанына да, міне отыз жыл болыпты. Қара­сақ, ақындық өмір жо­­лыңыз қиын болған жоқ. Жақ­сы, талант­ты адамдардың ша­па­ғатын көп көр­діңіз. Кітап­та­рыңыз да жап­пай оқылды. Мемлекеттік сый­лық­ты да уа­қы­­тында алдыңыз деп ойлаймын. Бірақ, бізге беймәлім нәрсе көп қой. Отыз жылғы творчес­твода не істелмеді? Не жазылмады? Өкініш бар ма?

– Өкініш бар. Шығармашы­лық­пен толық айналыса алмадым. Уақытымның көбі күнкөрістің қамына кетті. Заман сондай ғой. Бала оқыттым. Жұмыс істедім. Қосымша тапсырыстар алдым дегендей. Бірақ бұл тек менің басымдағы жағдай емес қой.

– Ұлыңыздың музыкаға қы­зы­ғуына өзіңіз ықпал еттіңіз бе?

– Жоқ. Бала кезінде сурет салды, сосын өлең, әңгіме жазды. Тіпті мектепте оқып жүргенде «Гарри Поттердің» жалғасын жа­­зып жүретін. 3-4-класта «Ме­нің досым» деген шығарма жазып, мұғалімін жылатқаны бар. Ойын­шық аю екен досы. Жоға­ры класқа келгенде гитараға құмартқан соң, алып бердім. Жастардың сти­лінде ән жазатыны бар, оны өзі өңдейді. Бірақ, мамандығы бойын­ша қызмет істеп жүр. Жалпы му­зыканың адам жүрегіне мейірім құйғаннан басқа зияны жоқ қой.

– Әлеуметтік желіге келуі­ңізге не себеп болды?

– Біздің кітаптарымыздың таралымы өте аз. Кейде оқырмандарым кітап сұрап хабарласады. Екі мың кітап кімге жетсін. Сосын балам «фейсбуктан парақша ашып, өлең­­деріңді жариялап отырайық» деп қоймады. Қазір екеуміз ақыл­дасып, парақшаға анда-санда өлең қойып жүрміз.

– Шынайы әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»