Қарабөгеттен басталған қарсылық
1929-1931 жылдары Қазақстанда ірілі-ұсақты 372 бас көтеру болған екен. 1931 жылы мемлекеттік саяси басқарма мәліметінде екі жылда 1350 топ жойылып, оның құрамында болған 7,5 мың адам қолға түскені жазылады. Сол тұста еліміздің барлық өңірінде осындай толқулар өтті.
Осы тақырыпты көптен зерттеп жүрген педагогика ғылымдарының магистрі Бақытжан Ахметбектің дерегінше, 1930 жылы наурыз айының ортасында Қармақшы ауданына қарасты Қарабөгет деген жерде №1 ауыл тұрғындарының жиыны өтеді. Әуелі байлар мен орташаны, кейіннен кедейді салықпен қысқан саясаттың қиянатына шыдай алмаған халық осы жиын соңында бас көтеруге сөз байласса керек. Жұрт алдында Бұхарадағы медреседен білім алған діндар Жұмағазы Бәйімбетов сөз сөйлеп, елді Кеңес өкіметінен қорғануға шақырады. Бұл қылт еткенді қылыштай қиып түсер сол кездің саясатына еш сыймайтын әрекет еді. Жаңа өкіметтің жарылқамасын түсінген ел ағалары ұрпағының келешегі үшін осындай көзжұмбай ерлікке барады.
Осы жиыннан кейін іле-шала 700-дей түтін Қарақұмға қарай көш түзепті. Жол-жөнекей ауа көшуге кедергі жасамақ болған жергілікті кеңес, партия қызметкерлері табанда тұтқындалады. Бұл кеңестік саясатқа ашық қарсы тұру болатын.
Он жетінші наурыз күні көтерілісшілер Алтын Сығай батырдың ұрпағы Жұмағазыны хан сайлайды. Оған Ысқақ Әлмағамбетов, Сағит Күздікбаев, Оразбай Омарбаев, Беріш Байбақтин, Мешітбай Қыпшақбаев, Бұқарбай Қожамжаров, Жанұзақ Тәженовтер кеңесші ретінде бекітіледі. Жаңа өкіметтің көпе-көрнеу қиянатынан іш жиған жұрт күн сайын көтерілісшілер қатарын толтырып жатыпты.
Жұмағазы тобы орналасқан жерге таяу Тұздақ Қараүңгір деп аталатын жерде көтерілісшілердің тағы бір үлкен шоғыры қалыптасады. Олар өз орталарынан басшы етіп Пірмағамбет Лаубаевты сайлап, көтеріліске ағайынды Нұрхан, Жұмаш Қараевтар жетекшілік етеді. Олар өздері бой тасалаған аумаққа келетін жол бойындағы құдықтарды құмға толтырып, із жасыруға тырысқан.
Өкіметке қарсы шыққандарды жазалауға Қармақшы мен Ырғыздан шыққан отрядтар 7 сәуірде көтерілісшілер тұрағына таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Мемлекеттік саяси бас басқарма деректеріне сенсек, Қарақұмдағы көтерілісшілердің жалпы саны 5000 адамға жеткен.
– 1930 жылы 13 сәуірде Аралға келген әскери округтік топ өкілдері Қарақұмға үкіметтік комиссия жіберуді ұсынды. Нәтижесінде, Әліби Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар көтеріліске шыққандарды қаруын тапсыруға көндірді. Бұл келіссөзге Жұмағазы Бәйімбетов қатысып, үкімет алдына 7 шарт қояды, – дейді Бақытжан Ахметбек.
Комиссия тарапынан дінге бостандық беру, шамадан тыс көбейіп кеткен алым-салықты азайту секілді талаптарды орындауға уәде беріліп, Жұмағазы Бәйімбетов, Оспан Ақмолдин, Тілеуғали Ахметов секілді діндарлар Қызылорда округтік атқару комитетінің төрағасы Жүнісов қол қойған заңды куәлік алады. Бірақ, бас көтергендер келісімге келіп, қолындағы қаруларын тапсырғаннан кейін көп кешікпей бұл уәденің бәрі ұмытылып шыға келеді. Отызыншы мамырда Жұмағазы Бәйімбетов өзінің 8 кеңесшісімен бірге тұтқынға алынады. 1930 жылы 15 шілдеде Қазақстандағы Біріккен саяси бас басқармасының үштігі оларды түгелдей ату жазасына кесіпті. Тек Жұмағазыға қатысты үкім белгісіз себептермен бір жылға дейін орындалмаған. Ол 1931 жылы 16 сәуірде Алматы қаласында жазалау органы жендеттерінің қолынан қаза табады.
Іздеусіз қалған қаһармандар
Алғашқы талпыныстан тауы шағылған жұрт Жұмағазы молда тұтқындалғаннан кейін өткен бір жиын үстінде Қожбан Жұбановты өздеріне басшы етіп сайлайды. Атақты Алтын Шұңғыр батырдың ұрпағы Қожбан жұрт тілегімен хан атанып, ел ішінен мылтықтар жинатып, 28 мергеннен тұратын арнайы топ жасақтайды.
– Көтерілісті басуға Орскіден, Орынбордан, Ташкенттен, Қызылордадан келген жазалаушы әскер бөлімдері де болғаны ресми құжаттардан белгілі. Олар 8-атты әскер дивизиясының атты әскер полктері, осы дивизияның байланыс мектебі, ұлттық атты әскер эскадроны, жеке байланыс эскадроны, атты-таулы батарея, Орта Азия әскери округінің химиялық бөлімі, Қарсақпай коммунистік отряды. Бұлар Қарақұмда Қожбан ханның сарбаздарымен бірнеше рет ұрысқа түскен. Әрине, жарағы сайлы әскер қатарынан оққа ұшқандар аз болды. Ал таяқ, найза, шоқпар және ішінара аңшы мылтығымен қаруланған көтерілісшілер қатары әр шабуыл сайын селдіреп отырған, – дейді Бақытжан Мұқарамұлы.
Шешуші шайқас 1930 жылы 8 желтоқсанда Сарысуға жақын Көжебай сайында болады. Мұздай қаруланған әскер көтерілісшілерді демде талқандап тастайды. Қожбан батырды жиырмашақты қаруласы қорғап, қым-қиғаш ұрыстан сытылып шықса да, көп кешікпей қолға түседі.
Деректер тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынған. Біріккен саяси бас басқармасы үштігінің үкімімен 19 қазанда 227 адам жазаланған. Оның 118-і ату жазасына кесіліп, 108 адам бас бостандығынан айырылып, әртүрлі мерзімге лагерьлерге жіберілген. Ал Қожбан батыр Қызылорда қаласында атылып, шаһар маңындағы Қарауылтөбе ауылына жерленді. Екінші топ қазіргі Бірқазан стансасы тұсындағы Қоңыртөбеде оққа байланады. Көтерілісшілердің тағы бір шоғыры қазір қала аумағындағы Арай шағын ауданында атылады. Әлі күнге дейін көпшілігінің жатқан жері де белгісіз. Теңдік сұрап, толқуға шыққандардың тағдыры осылай болды.
«Өлсеңдер – шәйітсіңдер, өлмесеңдер – бәйітсіңдер...»
Қазалы топырағында болған «Асандар көтерілісі» туралы тек бертінде айтыла бастапты. Осы өңірдегі Ғабдулла Іззатов деген азамат бабалар ерлігі хақында сол толқуға қатысқан ақсақалдан естіпті. 1910 жылы туған Мұзат ақсақалдың айтуынша бас көтеруге Орынбет ишанның баласы, Дәрменқұл ишанның немересі Иман мақсым басшылық жасаған екен.
– Екі мыңыншы жылдары дүниеден озған сол Мұзат қария көтеріліске қатысқанда 19-20 жастағы жігіт шағы екен. Шабуылға шығар алдында екі мыңға жуық сарбазды сапқа тұрғызған Иман мақсым «Өлсеңдер – шәйіт, тірі қалсаңдар – бәйітсіңдер» деп жаназаларын тірідей шығарыпты. Шәйіт дегені түсінікті, ал бәйіті ел аузында аңыз, өлең-жыр болып қаласыңдар деген сөзі екен, – дейді Ғабдулла Іззатов.
Алматыдан бұлғаққа шыққандарды басуға келген 30 шақты сарбаз көтерілісшілердің 44-ін алғашқы шабуылда баудай түсіреді. Үш жерден қойылған пулемет оғына ұшқандардың қатарында бір тізерлей құлаған Иман мақсым да қалған екен. Осыдан кейін қудалау басталып, көтерілісшілердің біразы атылып, қиыр шетке айдалып, кейбірі ел ауып кеткен. Қаруластар тергеу кезінде араларындағы Мұзат секілді жастар туралы ештеңе айтпай, оларды аман алып қалыпты. Қазір Қазалы жерінде бабалар ерлігін еске түсіретін «Асандар көтерілісі» ескерткіші тұр.
Жасырын өткен жиын
Қазір Қызылорда қаласында Ақмырза ишан атында көше бар. Бар өмірін исламның тылсымын зерттеуге арнаған Ақмырза да Сырда болған көтерілістердің бірін бастаған қайраткер. Жалпы, сол тұстағы толқуларға ел ішіндегі беделді дін адамдары басшылық жасағанын айта кетейік. Елді ілім-білімге баулыған ишан жұртқа тізесі батқан жаңа өкіметке қарсы ұрыстардың бірінде оққа ұшады. «Түркі иман» секілді теңдессіз туынды жазған қайраткердің ұрпақтары Ауғанстан ауып кеткен.
– Ұрпағы үшін жалаң қолмен жарақты әскерге қарсы шыққан батырлар рухын құрметтеуде қазалылық ағайындар озып тұр. Олар осы уақытқа дейін «Асандар көтерілісіне» арнап 3 мәрте конференция өткізді. Үлкен ескерткіш тұрғызды. «Қарақұм көтерілісі» құрбандарына Жалағашта және Қармақшы ауданындағы Марал ишан қорымы бұрылысында ескерткіш тұрғызылды. Бірақ әлі көлемді шаралар ұйымдастырылған жоқ, – дейді ғалым.
Облыс орталығында осыдан 5 жыл бұрын көтерілістің 85 жылдығына байланысты тарихшылар басқосуы өтіпті. Ұйымдастырушылар жергілікті университетте өткен шарада билбордты көшеге емес, ғимарат ішіне қоюға мәжбүр болған. Бақытжан Ахметбек біз әлі күнге сол батырлар ерлігін ұлықтауға құлық танытпай келе жатқанымызды, тіпті олардың атын айтуға қорқасоқтайтынымызды айтады.
Әрине, қазіргі сәт жиналып жиын, топырлап той өткізетін уақыт емес. Дегенмен де бар қазақ қиянатқа қарсы шыққан оқиғаның 90 жылдығы онлайн түрде болса да ұйымдастырылса, мектептерде аталар ерлігіне арналған арнайы сабақтар өтсе. Бұл өткеннен өнеге алар ел екендігімізді таныта түсер еді.
ҚЫЗЫЛОРДА