Алғашқы рекордты ауру тіркелген 11 қыркүйекте Франция премьер-министрі Жан Кастекс елдегі COVID-19-дың өсіміне қынжыла отырып, барша халықты әлеуметтік қашықтыққа мұқият болуды, сақтық шараларын қатаң ұстанып, вирусқа тест тапсыруға шақырды. Ал тамыздың соңында Париж билігі қала тұрғындарына тегіс тұмша тағып жүруді міндеттеген еді. Тіпті жүгіруге шықса да тағу қажет.
* * *
Ұлыбританияда SARS-CoV-2-ке қарсы вакцина әзірлеудегі ағылшын-швед бірлескен жобасы тоқтап қалған болатын. REGNUM агенттігі AstraZeneca фармкомпаниясының Оксфорд университетімен одақтаса қолға алынып, бірақ біраз уақытқа тоқтатылған жұмысы қайта жалғасты деген хабар таратты.
Оған себеп болған COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуде тәжірибеден өтіп жүрген бір еріктінің ауырып қалуы еді. Бұл – ерікті ағзасына вакцина тигізген жанама әсер болуы мүмкін деп дереу тәжірибе тоқтатылған болатын. Алайда елдегі Дәрілер мен медициналық мақсаттағы заттардың сапасын қадағалайтын агенттік (MHRA) вакцинаның зиянсыздығы туралы қорытынды жасап, вакцинаның әрі қарай тәжірибеден өтуіне жол ашыпты.
* * *
Венесуэла билігі осыған дейінгі ішкі және сыртқы әуе қатынастарын тоқтатқан шешімін тағы да ұзартты.
Пандемияның Латын Америкасы елдеріне тырнағын қатты батырғаны мәлім. Осыған дейін де сырттан адам келуіне шекарасын нықтаған ел, енді оны әрі қарай соза түсу қажет деген ұйғарымға келген көрінеді. Әуе қатынастарын 30 күнге шектеген шара қазан айының 12-іне дейін жалғасатын болды. Бұл тек адамдардың елге кіріп-шығуына қатысты, ал гуманитарлық және пошта мен жүк тасуға еш кедергі жоқ дейді ел үкіметі.
* * *
Бразилия халқының еңсесін басқан эпидемия құрсауын босатар емес. Өткен тәулікте 814 адам көз жұмған.
Жалпы, 131 210 бразилиялық індеттің құрбаны болды. Елде SARS-CoV-2 жұқтырғандар 4 315 687 адамды құрап, Латын Америкасындағы барлық сырқаттың тең жартысы бір Бразилиядан шығып отыр. Соңғы деректерге қарағанда, Оңтүстік Америка құрлығындағы вирус жұқтырғандар саны 8 миллионнан асып жығылған.
* * *
Санкт-Петербург билігі COVID-19-бен күрес үшін қосымша стационарлар ашуға мәжбүр болды.
Семашко атындағы №38 көпбейінді аурухана инфекциялық стационар қызметін атқаруға көшті. Бұл жайында Санкт-Петербург денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
REGNUM агенттігі аталған клиниканың осымен екінші рет өз бейінін өзгертіп отырғанын жазады. Алғашында аурухана қабырғасында 1550 пациент емделіп шығып, өзінің қалыпты жағдайдағы қызметіне оралған мекеме егер қажет болса қайтадан инфекциялық стационарға ауысу мүмкіндігін ескерген. Сол уақыт туды, клиника екінші рет SARS-CoV-2-ге қарсы күреске жұмылды.
Ресей Федерациясының құрамындағы өзге аймақтар ішінен індет таралуы бойынша Нева бойындағы әсем қала алдыңғы орынға шығып, өткен тәулікте 23 пациент өмірмен қоштасыпты. Жалпы, Петербург бойынша КВИ-ден ажал құшқандар саны 2630 адам болып, өлім көрсеткіші жөнінен Мәскеуден кейін тұр.