Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2020

Өз дәлізінің жанашыры

675 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтаулық Сергей Наумовтың өз тұрғын үйінің өзі тұратын қабатындағы дәлізге жаса­ған жөндеу, сәндеу жұмыстары көп­шілікті таңғалдырды. Қаладағы 5-шағын ауданның 22-үйі – көпқабатты ескі үй. Тұрғын үй ретінде көнеруі өз алдына, ішкі-сыртқы қабырғаларға жазылған былапыт сөз­дер мен әлем-жәлем суреттер үйдің сиқын, көңілдің сұрқын қашыратын.

Өз дәлізінің жанашыры

Қорқынышты кіреберіске кіріп-шығудан жүйкесі шаршап, көңілі жүдеген болуы керек Сергей өз қабатын кіреберісімен қоса жөндеуді бұдан бір жыл бұрын қолға алыпты. Ол үшін ерінбей тұрғындар далаға шығарып тастаған құрылыс қалдықтарын жинап, өз қабатына тасыды. Алдымен ұзын дәлізді әктеп, онан соң өз қиялымен безендіру жұмыстарына кіріскен.

– Қабырғалар өте лас еді, үйге кірген-шық­қанда құдды бір түрмеде жүргендей әсерде боласың. Көп ойландым, бірақ бір сәтте іске кірі­сіп кеттім. Әрі-бері өткендер қазір біздің қабат­ты қо­нақүй ме деп қалады, деп күледі 54 жастағы Сергей.

Еденді, қабырғаларды тұтастай түрлі үлгіде сәндеп шыққан Сергей әр бөлікке өзгеше мән-ма­ғына беруге тырысқан. Кафель мен ағаш, тас қалдықтары кәдеге жарап, бір қабаттың толықтай қажетіне жарап тұр. Қабырғада теңіз айдыны мен пальма ағашын, жарқыраған күннің бейнесін берген шебер арнайы картиналарды ілуді де ұмыт­паған.

Сантехник болып нәпақа табатын Сергейдің ісіне көршілері дән риза. Мамандығы құрылысшы болмаса да өзінің қиялымен шеберлігін ұштастыра еңбек еткен Сергейдің ісінің жемісін көршілер көруде. Енді олар өз қабаттарына қорқып емес қызыға, қуана, тіпті масаттана енетін болды. Сер­гей­дің ісі көпке үлгі болып бұл істі өзге көр­шілер жалғастыруға ниетті.

Өз дәлізін, өз қабатын сәндеуді еліміздегі әрбір қала тұрғыны эстафета ретінде жалғастырса дейсің...

 

Маңғыстау облысы