Білім • 15 Қыркүйек, 2020

Асхат Аймағамбетов: ҰБТ-да оқушы өз күшіне ғана сенуі тиіс

737 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Емтихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Асхат Аймағамбетов: ҰБТ-да оқушы өз күшіне ғана сенуі тиіс

"Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсы аяқталды, енді қорытынды жасауға болады. Өткен жылы академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ережелерді қатаңдату туралы шешім қабылдадық. Осылайша, қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін жою туралы жаңа нормалар пайда болды. Тіпті, бұл заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға жіберілмейтін болды. Бұрын металл іздегіш құралдар арқылы тексеру кезінде телефон табылса, алып қалатын едік, бірақ талапкер тестілеуге қатыса беретін", дейді Білім және ғылым министрі. 

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мұндай ереже бұзушылар саны еліміз бойынша 100-150 мыңнан асатын. Егер емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалса, комиссияға оны қолданып үлгергенін дәлелдеуі керек еді. Бұл жағдай ҰБТ-ны өткізу рәсіміне деген сенімсіздікке әкеп соқтырды. Сондықтан жаңа ережелерді құрастырғанда барлық мәселе ескерілгенін нақтылады.

"Нәтижесінде, тыйым салынған заттарды емтиханға кіргізуге әрекет ететіндер саны 70 есеге азайды, 2019 жылы 128 мыңнан астам телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500-ге жуық болды. Алайда емтихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді: 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ғана ҰБТ нәтижелері жойылса, ал 2020 жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қолданылды", деп атап өтті министр.

Министрдің мәліметінше, ҰБТ-ның орташа ұпайы төмендеген. Пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны едәуір азайды. Бұл – тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам. Биыл ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан астам КОМИССИЯ мүшесі мен басшы жазаланды. Күн сайын ҰБТ пунктеріндегі комиссиялардың құрамына өзгертулер енгізуге, міндетіне немқұрайды қараған әріптестерімізді ауыстыруға немесе бұл жұмыстан шеттетуге тура келгенін қоса кетті.

"Бірнеше пункте жаппай бұзушылықтардың ашық және өрескел түрде орын алуына байланысты тестілеуді мүлдем тоқтатуға және басқа күндерге ауыстыруға мәжбүр болдық. Осындай жағдай Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында кездесті. Дегенмен Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен Арнайы мониторингтік топтағы әріптестеріміздің белсенділігі мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қажетті тәртіпті қамтамасыз ете алдық", дейді А.Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов мұндай шешімдерді қабылдау оңай болмағанын және талапкерлердің әлі бала болса да, ережені сақтауға, өз күшіне ғана сенуге үйрету – маңызды екенін айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше