Оқиға • 16 Қыркүйек, 2020

Алтайда аю көбейді

1313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтайдың асты-үсті байлық екен деп көзсіз пайдалана берсе бір күні сарқылар еді. Сондықтан осыдан жиырма жылдай бұрын Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған. Қорықшылар аң-құсын, орман-тоғайын қорғауға алып, аңшылар мылтықтарын сүйеп қоюға мәжбүр болған.

Алтайда аю көбейді

Содан бері табиғатта аң саны артқаны болмаса, кеміген жоқ. Балығы тулап, құсы шулайды. Елік­тің әупілі жақыннан естіледі. Орманды ал­батты отауға да жол жоқ. Қысы-жазы инспекторлардың қадағалауында.

Аң санын табиғат өзі реттеп отырғанымен, кейбір жағдайда адамның да әсері болуы керек сияқты. Олай дейтініміз, соң­ғы жылдары ұлттық парктің аума­ғын­да қабан шошқа қаптап кеткен. Олардың көбеюі басқа түз жануарларының өсуіне зиянын тигізіп отырған көрінеді.

– Соңғы он жылда қабан көбейіп кетті. Оның кесірі елікке, жерге ұя салатын құстарға тиеді екен. Еліктің лағын, құстардың жұмыртқасын жеп қояды. Өздері үйір-үйірімен жүреді. Табиғат өзі реттей алмайтын жануарлардың санын реттеп қою керек сияқты, – дейді «Рахман» орманшылығының қызметкері Нұржан Ахетов.

Таудың көлеңкелі, сазда­уыт жерлерін мекендейтін қабандар бір торайлағанда он шақтысын туады. Аң-құстардан бөлек адамдарға да бәлендей пайдасы жоқ. Керісінше шабын­дық жерлерін қопарып, ойранын шығарып кетеді.

1

Сонымен қатар ұлттық парк аумағында аю көбейген. Қас­қыр да аз емес. Катонқарағай мемле­кеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымовтың мәліметінше, аю соңғы санақ бойынша 250-ден асса, қасқыр 100-дің айналасын­да. Түз тағысы елдің бағып отыр­ған малына ғана емес, елік-маралға, тауешкіге де ауыз салады. Жортып жүрген жүз қасқыр жылына жүздеген аша тұяқтыны жоқ қылары сөзсіз. Ал соңғы төрт жылдан бері атуға рұқсат жоқ. 

Алтайда қар қалың болған­дықтан, жыртқыштан қашқан елік-маралдарға азық табу да тым оңай емес. Күнгей беттерде тебіндегенмен, қосымша қорек қажет. Сол үшін ұлттық парктің инспекторлары тұяқтылардың көп шоғырланған аумақтарында қысқы жем-шөбін дайындап, науаларына тұз салады. Ағаштың бүрін байлайды. Табиғат жанашырларының биотехникалық іс-шаралары мұнымен аяқталмайды. Қыстай рейд жасап, қалың қардан науаға, жалаққа жете алмай жатқан марал­дарға атпен жол басып береді.

Инспекторлардың ендігі жұмысы – күзгі санақ. Алтайға ауған, Алтайдан ауған аң-құс­тардың санын мөлшерлеп, қағазға түсіреді.

 

Шығыс Қазақстан облысы