Оны өркендету жастар үлесінде
Тұңғиық терең құпиясын сан ғасырлар бойы ішіне бүккен тау-тасқа, тылсым табиғатқа тіл бітіру аса қабілетті қылқалам шеберінің ғана қолынан келетіндігі және мұндай шығармашылық тұлғаның қалыптасуы ұзақ уақытты талап ететіндігі сөзсіз. Қиындығы да, күрделілігі де сол үлкен өмірге аяқ басқан жасөспірімдердің өнерге деген құштарлығын арттыру, әсіресе, ұстаздардан кәсіби біліктілікті, жауапкершілікті талап ететіндігі жасырын емес. Бұл орайда елімізде жасөспірімдерді сәндік қолданбалы өнерге баулу бағытында бірқатар игі іс-шаралардың дәйектілікпен жүзеге асырылуы құптарлық жәйт. Құрылғанына жетпіс жылдан асқан Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде шәкірттердің ұлттық өнердің көптеген салаларын игеруі бағытында оларға мол қамқорлық жасалуда.
Білім және ғылым министрлігінің О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры, профессор Керімбай Қыстаубаевтың есептеуінше, “тамыры тереңге кеткен қолөнер мұраларын болашақ мамандардың жетік білуіне ықпал ету ең маңызды міндет” болса, суретші шеберлігінің шыңы кәсіби біліктілік пен ізденісте”. Колледж оқушыларының ұлттық үрдіске негізделген сәндік-қолданбалы өнер салаларын оқып-үйренуге деген ұмтылысы өз нәтижесін беруде. Колледж түлектерінің арасында республикада, алыс, жақын шетелдерде өткен конкурстарда жүлделі орынды иеленгендер аз емес. Ұлттық үрдіске негізделген сәндік-қолданбалы өнер салаларын оқып-үйрену арқылы жасөспірімдердің туған халқының, туған жерінің тарихына деген сүйіспеншілігі арта түседі. Бірнеше ғылым саласын қамтып, көптеген шәкірттерді технологиялық үдерістердің басын біріктіретін сәндік-қолданбалы өнердің қыр-сырына баулу, олардың білікті маман болып шығуы оқытушыларға зор жауапкершілік жүктейтіндігі айтпаса да түсінікті.
“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Керімбай Ысаұлы – қылқалам шебері ретінде құнды туындыларымен ғана емес, қай жұмыста болса да ұйымдастырушылық қабілетімен де көрініп жүрген азамат. Жүргенов атындағы өнер институтында ширек ғасыр кескіндеме-мүсін факультетінде декан болған тәжірибелі маман колледждегі басшылық қызметінде де сол биіктен көрінуде. Жұмысқа кіріскен сәттен басталған алғашқы қадам – салынғанына отыз-қырық жыл, жөнделмегеніне бес-алты жыл болған ескі жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп, оқу корпусына айналдырудан басталды. Әрине, бұл ауызбен айтуға оңай болғанымен, қиындығы бастан асатын шырғалаңы көп шаруа екендігі айтпаса да түсінікті.
Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Білім және ғылым министрлігінің оқу орнының күрделі жөндеу жұмыстарына 56 миллион теңге көлемінде қаржы бөлуінің көмегі айтарлықтай мол болды. Күрделі жөндеуден өткен сәулетті де сәнді оқу корпусында компьютерлік сыныптар, оқу залы ашылып, кітап қоры да көбейтілді. Сонымен қатар, медициналық пункт, асхана оқушыларға мінсіз қызмет көрсетіп, тігін шеберханалары мен ұстаханалар да шәкірттер иелігіне берілді. “Тұрмыс түзелмей, тіршілік түзелмейді” демекші, Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры Керімбай Қыстаубаев өз шәкірттерінің білім сапасымен бірге, олардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға да баса назар аударады. Мұнда білім алушылар арасында ата-анасы жоқ жетім балалармен қатар, сөйлеу қабілетінен айырылған мүгедек оқушылар да бар.
Тағдыр қатыгездігіне ұшырап, тілден айырылғанымен, табиғат бойларына талант сыйлаған сол шәкірттерінің келешегі ұстаз ретінде ғана емес, азамат ретінде оның жанын жабырқатады. Сондықтан да әрдайым олардың қолтығынан демеп, жүрегінің жылуын аямайды. Қолөнер мамандығын игерген олардың ертеңгі күні өз еңбегімен өздеріне келешекке жол ашуға мүмкіндігі болатындығы көңілге қуаныш ұялатады. Мүгедек балалар кезекті каникул кезінде ауылдарына барып келуі үшін жол ақыларымен қамтамасыздандырылып, қайткенде де олардың қабағына кірбің түспеуіне қам-қарекет жасалуда. Әрине, оқу орны тарапынан жасалып жатқан мұндай көмек, қамқорлық үшін олардың ата-аналарының алғысы да шексіз.
Керімбай Ысаұлы “Өзінің туған топырағын сыйлайтын адам маған жақсы жағдай жасалса ғана жақсы сурет саламын деп шарт қоймауы керек”, дегенді шәкірттеріне жиі айтады. Байырғы оқу орнында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері К.Дүйсенбаев, А.Молдағалиева және Мәскеу, Петербор, Ташкент және Ресейдің өзге де ірі қалаларында жоғары білім алған, кәсіптік деңгейі жоғары тәжірибелі ұстаздардың еңбек етіп, дәріс беруі оқушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етуде. Тәлімді тәрбие мен сапалы білімді қатар ұштастыруға ұмтылыс өз нәтижесін беруде. Еліміздегі ең үздік өнер ошағында бүгінгі күні бейнелеу өнері саласында он бір түрлі мамандық бойынша мамандар даярлануда. Олардың арасында кескіндеме мүсін және сәндік театр өнері, интерьер дизайны, киім және графикалық дизайн, көркем, тоқыма өнері және металды, қышты, ағашты көркемдеп өңдеу сияқты салалар бар.
Ұлттық мәдени мұра дегеніміз – халықтың тілі, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі екендігі белгілі. Олай болса, “дәстүрлі ұлттық қолөнердің өміршеңдігін ұзартып, оның сыр-сипатын, озық әдіс-тәсілдерін жас ұрпақ бойына сіңіре тәрбиелеуде қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет” деген сауалдың ойға оралатындығы сөзсіз.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “елімізде білім беру саласын реформалаудың стратегиялық міндеті – жаңа ұлттық үлгіні дамыту үшін барлық күш-жігер шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс” екендігін атап көрсеткен болатын. Енді бұл мәселеде халқымыздың көркем мәдениетінің мәйегі, құрамдас бір бөлігі – сәндік қолданбалы өнердің оған қосатын үлесі зор. Сондықтан да, өз әдет-ғұрпымызды, салт-санамызды, мәдениетімізді сақтап қалу үшін жеткіншек ұрпақтың ұлттық және патриоттық санасын жоғары етіп тәрбиелеуіміз қажет. Оның бірден-бір жолы – мемлекет тарихы мен мәдениетінен зор мәлімет беретін мазмұны терең оқулықтар құрастыру. Осыған орай, қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау технологиясының электронды оқулықтарын шығару да маңызды дүние. Менің ойымша, жалпы қолөнер еңбегі негізінде жасөспірімдердің ой-өрісін, ұсталық шеберліктерін, ұлтымыздың қолөнер қазыналарына сүйіспеншілігін арттырудан артық мақсат болмауы тиіс. Ұлттық мәдени мұраның келешекке жол тартуы – бүгінгі ізденіске тәуелді екендігі сөзсіз, – дейді Керімбай Қыстаубаев.
Шын мәнісінде де, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Керімбай Ысаұлы айтса айтқандай, әркімнің жан-дүниесіне шексіз мәңгі рухани байлық сыйлайтын халқымыздың ұлттық өнерін, оның ішінде қолөнерінің келешегінің кемел болуы үшін болашақ мамандардың оған деген кәсіби жауапкершілігін қалыптастырудың мәні де, маңызы да зор. Кәсіби жауапкершілік демекші, колледж оқушыларының қолынан шыққан күмістен, металдан жасалған зергерлік және қыштан, ағаштан көркемдеп өңделген бұйымдардан жасөспірімдердің қабілет-қарымы айқын аңғарылады. Оқу орнының көрнекті жеріне қойылған, көздің жауын алатын әдемі туындылардың көпшілігі әртүрлі конкурстарда жоғары жүлделерді иеленіпті. Сұлулық әлемінен сыр төгетін қандай да болсын туындының құпиясы – қолөнер шеберінің оған деген ерекше құштарлығында болса керек. Әрине, ондағы ұстаз біліктілігінің ықпалын да жоққа шығаруға болмайды.
Керімбай Ысаұлының есептеуінше, “қазіргі білім беру жүйесінде белсенді оқыту әдісінің кеңінен пайдаланылуының берері мол”. Мұның өзі студенттің кәсіптік білімінің жоғары болуын ғана емес, сонымен қатар, оның өз ойын еркін жеткізе білуін қажет етсе, екіншіден, оқушының ойлау қабілетінің ұшқырлығын, шығармашылық мүмкіндігін де кеңейтеді. “Зер” сөзі әдетте “алтын” деген мағына бергенімен, қазақ зергерлерінің сүйікті материалы күміс болғандығы белгілі. Ол оңай өңделумен бірге, киелі материалдар қатарына жатады, күміспен әдетте тазалық түсінігі байланыстырылады. “Халқымыздың сәбиді қырқынан шығарарда оны күміс теңге салынған суға шомылдырып, жаңа түскен келінге енесінің, қалыңдығына жігіттің қос білезік салу дәстүрінің маңызы зор”, дейді тәжірибелі ұстаз. Әңгіме төркінінің күміске ауысуының бір себебі – болашақ зергерлер арасында қазірдің өзінде күміс білезік, күміс сырғалармен қатар, ою-өрнегі айшықты алқалар жасауда өзіндік қолтаңбасы бар дарындардың көптеп кездесуінде болып тұр.
Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі басшылары мен жалпы ұжым ұстаздарын бүгінгі таңда алаңдататын, күн тәртібінде тұрған күрделі мәселелердің бірі – оқу орны түлектерінің ертеңгі күні жұмыспен қамтылуы. Керімбай Ысаұлының айтуынша, “болашақ мамандар оқуды бітірген бойда өндіріске шақырылып, ал еліміздегі өндіріс орындарының басшылары мен колледж жетекшілері алдын ала шарт жасасып, сұраныстар мен тапсырыстар берілсе, істің оңға басатындығы сөзсіз”. Көркем ойдың, ұшқыр арманның икемді баламасы болып есептелетін қазақтың ою-өрнегімен безендірілген қандай да бір туындыға қанат бітіретін біздің ұлттық мамандарымызға мемлекет тарапынан қолдау туғызудың қажеттілігі зор. Мұнымен қоса жалпы көпшіліктің отандық өнімге, анығырақ айтқанда ұлттық өнер туындыларына ерекше құштарлығын оятып, ыстық ықыласы мен құрметін қалыптастырудың өзектілігі айтпаса да түсінікті. Әйтпесе “туған жердің түтіні де тәтті” демекші елге деген сүйіспеншілік, патриотизм қасиеті отандық туындыларды бағалаудан, құрметтеп, қастерлеуден тұратындығын ескеретін уақыт жеткені анық.
Түсіне білген адамға ұлттық дүние – мың өліп, мың тірілген қазақтың, ата-бабалардың асыл мұрасы. Керімбай Қыстаубаевтың өзі айтқандай, оның өзі шәкірттерінің бойына ең алдымен, ұлттық сананы, отансүйгіштікті қалыптастыруға мүдделілігі мен өз әріптестерінен де соны талап етуінің бір ұшы осында жатса керек. Үздік туындылары Қазақстан Президентінің резиденциясында, Германия, Испания, Ұлыбритания, Түркия елдерінде, Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайында, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында және шетелдердегі жеке адамдардың коллекциясында сақталған, шеберлік шыңынан көрінген суретшінің жасөспірімдерге қоятын талабының жоғары болуы өз жемісін беруде.
Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келген азаматтың туындыларында жусан исі бұрқыраған ұлы далаға деген сағыныштың, сүйіспеншіліктің сазының сезілуі көп нәрседен хабар берсе керек. Керімбай шығармашылығы туралы сөз қозғалғанда әріптестері оның, әсіресе, суреті сақталмаған тарихи тұлғалар бейнесін сомдаудағы шеберлігін атап айтады. Бұл орайда суретші қаламынан туған Бәйдібек баба портреті өте сәтті туынды екендігі талас тудырмаса керек.
Қырық жылға жуық ғылыми-педагогикалық, творчестволық және басшылық қызмет атқарып келе жатқан Керімбай Қыстаубаев көркемөнер саласында бірқатар дарынды мамандар даярлап шығарды және бұл бағыттағы ізденістерін одан әрі жетілдіре түсуде. Оның шеберлік шыңына баулыған шәкірттері халықаралық, республикалық конкурстардың жүлдесін иеленуде. Мемлекет басшысы биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты қазақстандықтарға Жолдауында “Ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан”, деп атап айтқан болатын. Ал, сол туған еліміздің келешегі – жас ұрпақтың ұлттық өнерді өркендетуге сүбелі үлес қосып, шығармашылық қабілетін, ізденісін арттыруының маңызы зор. Ұстаз тұжырымы да осы.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы..