Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2020

Қостанай облысында тұрмыстық қылмысқа қарсы акция өтті

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда тұрмыстық қылмыстың алдын алуды көздейтін "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!" деп аталатын акция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай облысында тұрмыстық қылмысқа қарсы акция өтті

Шараға қатысушылардың айтуынша, облыста жыл басынан бері екі мыңнан астам әйел өз шаңырағында көрсетілген қорлықтан зардап шеккен. Акция аясында жергілікті полицияның аға инспекторы Жұлдыз Қабенова отбасында тұрмыстық зорлық көргендерді қабылдау орталығына келушілермен кездесті. Жүздесу барысында үйде отырып қалып, тұрмыстан қағажу болған азаматшаларды жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, оларға тиісінше әлеуметтік көмек көрсету жолдары қарастырылып, отбасындағы әлімжеттіктің алдын алу мәселелері сөз болды.

Акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға,  ана мен баланы қорғауға, отбасының қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған жобаларды көпшілікке таныстыру.

"Облыста былтырдан бері жүргізіліп келе жатқан бұл бағыттағы мақсатты шаралардың нәтижесінде тұрмыстық құқық бұзушылықтың 29%-ға азайғаны байқалып отыр", деді Жұлдыз Қабенова.  

Бүгінде облыс орталығында отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер бойынша әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұндағы мамандардың айтуынша, аймақта биылғы 8 ай ішінде әйелдерге қатысты 2 мың 584 құқық бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ 2611 адам отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.