Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Қарасай өңірінде жалпы құны 983 миллион теңгені құрайтын 3 блок-модульді қазандық (БМҚ) орнатылады. Нәтижесінде 409 абоненті бар 10 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылытуға қосылады. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Талғар ауданында 11 БМҚ құрылысы үшін «Gorizont KZ» ЖШС-мен 850 миллион теңге сомасында инвестициялық келісімшарт жасалды. Ол 632 абоненті бар 13 көппәтерлі тұрғын үйді жылытуға қосылады.
Жалпы, 2019 жылдың соңында Талғар ауданында 129 көппәтерлі тұрғын үйге 21 БМҚ орнатылды. Нәтижесінде 3857 абонент сапалы жылумен қамтамасыз етілді.
Биыл Қаратал, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында 33 БМҚ орнату арқылы 108 көппәтерлі тұрғын үй орталықтандырылған жылытуға қосудың жобалық-сметалық құжаты әзірленді. 2021 жылы Еңбекшіқазақ, Қарасай, Ұйғыр, Көксу және Іле аудандарында 254,3 миллион теңге сомасына 106 көппәтерлі тұрғын үй қамтылған 17 БМҚ орнату үшін қосымша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда.
Талғар ауданына қарасты «Мелиоратор» және «Бозторғай» шағын аудандардың тұрғындары көпқабатты үйлерді орталық жылытуға қосу мәселесін аймақ басшысына жолдаған болатын. Модульдік қазандықтарды орнату жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталған шағын аудандарда жүйелі түрде атқарылуда. Дәл осы аудан тұрғындары облыстың барлық ауданы мен қаласын біртіндеп қамтитын жұмыстардың нәтижелерін алғашқылардың бірі болып жоғары бағалады.
Облыс әкімі Амандық Баталов атап өткендей, көппәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосу – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру үшін атқарылатын жұмыстың бірі. Демек, бұл жұмыс қойылған міндеттерді зор жауапкершілікпен және сапалы орындауды талап етеді.
Айта кету керек, облыста барлығы 3581 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 366-сында жеке жылу бар. 2018 жылдан бастап бекітілген кестеге сәйкес орталық газбен жылытуға көшіру жұмыстары жүргізілуде.