Соңғы екі-үш аптаның ішінде Қостанайдың өнер жұлдыздары тағы да жарқырап көрінді. Халықаралық байқауларға қатысқан төрт әнші жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Италияның Луниго қаласында өткен “ХХІ ғасырдың өнері” атты байқауда Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Гүлмира Үмбетова гран-приді жеңіп алды.
Жас әнші соңғы үш-төрт жылдың ішінде бірқатар халықаралық байқауларға қатысты. “Романсиада–2007” халықаралық байқауынан 1-орынды, Б.Төлегенова атындағы байқауда 3-орынды иеленген еді. 2008 жылы Испанияда Монтсеррат Кабалье атындағы байқауда да өзінің әншілік қарымын әлемге әйгілі жұлдыздар арасында сынап қайтқан болатын.
– Мен он бес адамнан құралған қазылар алқасының алдында бірнеше тілде әндер және опералардан ариялар айттым. Соның ішінде қазақ тілінде орындаған “Қазақ вальсін” тыңдағанда залдың да, қазылар алқасының да ерекше әсерленгенін, қошеметтің ерекше болғанын байқадым,–дейді Гүлмира.
Челябі қаласында өткен актерлік әндер халықаралық байқауына қатысқан Қостанайдағы орыс драма және қуыршақ театрының актрисасы Юлия Кудряшова бірінші орынды иеленді. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарының көрінісін беретін “Дұға” шығармасын орындағанда залдағы көрермендер жылап отырды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай бұл әнді дұрыс таңдағанына да көңілі толатынын айтты талантты актриса.
Ресейдің Свердлов облысының Нижний Тагил қаласында жас орындаушылардың бүкілресейлік байқауына қатысқан Батырхан Мәліков те бас жүлдені қанжығасына байлады. Жас әнші Батырханның бұл бірінші жүлдесі емес. Ол бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегері болып үлгерді. Ол өткен жылы “Берлин жақұттары” байқауынан 3-орын алған болатын. Нижний Тагилдегі байқауда жас таланттарға жоғары оқу орындары үшін берілген екі гранттың біреуін Батырхан иемденді. Биыл 11-сыныпты бітіретін жас талант үшін бұл зор жетістік.
Ал Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық вокаль байқауынан облыстық филармонияның әншісі Никита Ивлев те олжалы оралды. Ол байқаудың “Эстрада” номинациясынан бірінші орын алды. Оның “академия” номинациясы бойынша орындаған қазақ тіліндегі “Толғау” әніне көрермендер сүйсіне қол соқты. Қостанайлық жұлдыздардың сырт жерлердегі осындай беделді байқауларда бағын сынауын қолдаған облыс басшылығы оларға қаржылай көмектесті. Жас таланттар өз мүмкіншілігін сынаумен бірге елдің, жердің атын шығарып келді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.